2.09.2019, 12:02
Оқылды: 230

«Ақжайық» Теміртаудан жеңіспен оралды

Теміртау қаласына қонаққа барған «Ақжайық» жергілікті «Шахтер-Болат» командасын жеңіп, кезекті үш ұпайын еншіледі.

 футбол

Екі ұжымның бірінші айналымдағы кездесуі Авакянц шәкірттерінің пайдасына аяқталды. Сол кеткен есені қайтармақ болған теміртаулық ұжым қонақтарды матч басынан тықсырып бақты. Оның үстіне қарсы соққан жел де қонақ команданың ойлағанын іске асыруға біраз кедергісін келтірді. Десе де тәжірибесі әбден толысқан, талай шабуылшының мысын басқан Сергей Басов, Руслан Хаиров сияқты тасқамал қорғаушылар теміртаулық жігіттердің шабуылына тосқауыл қоя білді. Алаң иелері қанша шабуылдаса да «Ақжайық» қорғанысы сыр бермеді. Керісінше, қарымта шабуылға тамаша шығып, гол соғатын біраз мүмкінікті мүлт жіберді. Қарсы соққан жел де кей сәттерде «Шахтер-Болат» командасына көмекке келгендей.

Осылайша, бірінші таймды голсыз аяқтаған қос ұжым екінші таймда да жан алысып, жан берісті. Бұл жолы Теміртау командасы қорғануға мәжбүр болды. Ойынның алғашқы бөлігіндегі қателіктердің жай ғана сәтсіздік болғанын ұқтырған «Ақжайық» ойыншылары алаң иелерін әбден састырды. Қос қапталдан Ерболат Рүстемов пен Наурызбек Жагоров, шабуыл өтінде Дәуренбек Тәжімбетов пен Арман Смаилов «Шахтер-Болат» қорғаушыларының мазасын қашырды. Қорғанып, шаршаған алаң иелері жиі тәртіп бұзуға көшті. Сондай сәттердің бірі пенальтиге алып келді. Нүктеге келген Арман Смаилов қақпашыны бір бұрышқа, допты бір бұрышқа тастап, командасына жеңіс сыйлады.

Түгелбай Бисен

«Ақжайық» футбол клубының

баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале