21.11.2017, 19:57
Оқылды: 48

Әлемдік нарықта қазақстандық қой етінің бәсі жоғары

Облысымызға жұмыс сапарымен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед келді.

Мәртебелі мейманның сапары қала маңындағы Рыбцех ауылында орналасқан «Кублей» ЖШС-ның ет өңдеу кешенінен басталды.

Серіктестік директоры Талғат Берекешевтің айтуынша, бұл жерде жергілікті мал сойылып, жылына 10 мың тонна ет өңделеді. Жалпы ауысымына 700 басқа дейін ұсақ мал, 250 басқа дейін ірі қара малын союға мүмкіндік бар. Кешен жоғары технологиялы еуропалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Соның ішінде түрлі температурадағы режимде жұмыс істейтін мұздатқыш камералар да бар. Мал соятын және ет өңдейтін цехтар толықтай автоматтандырылған. Аталмыш кәсіпорын халал сертификатына ие.

-Осы сертификаттың арқасында біз мұсылман елдерімен серіктес болудамыз. Мәселен, Иранға біз бұған дейін 100 тонна ет жеткіздік. Ол жақтан тағы да тапсырыстың түсуіне байланысты жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Оралдан шыққан көлік үш күннің ішінде Иранға барады. Жалпы бұл бағыттағы үкіметаралық келісімге сәйкес біз ирандық имамның, мал дәрігерінің және тапсырыс беруші компанияның арнайы өкілінің қатысуымен малдарды сойып, бөлшектеп, содан соң барып мұздатқыш камерасы бар көлікке тиейміз,-деген Талғат Берекешев кәсіпорын жылына 12 млрд. теңгенің ет және балық өнімдерін өндіретінін айтып, мұндай жетістікке жетуіне мемлекеттік бағдарламалардың көп септігі тигізгенін де тілге етті.

Серіктестіктің ет өңдеу кешені жұмысы көңілінен шыққанын жеткізген Мұхтар Құл-Мұхаммед қазір әлем елдерінің біразы, соның ішінде Иран қазақстандық қойдың етін жоғары бағалайтынын айтты. Сол себепті кәсіпорын жергілікті шаруа қожалықтарымен арадағы байланысын нығайтып, шикізаттың уақытылы жеткізіліп тұруын назарға алғаны дұрыс.

Содан соң Мұхтар Абрарұлы кешен аумағында салынған ет-сүйек ұнын шығаратын цехтың жұмысымен танысты. Мұнда ет өңдеуден қалған сүйектің бәрі ұнтаққа айналып, тауыққа, ит-мысыққа арналған азық болып шығады. Бұл цех бұйыртса желтоқсан айында іске қосылады.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале