23.08.2017, 17:55
Оқылды: 25

Алтай Көлгінов: Жолаушылар тасымалы компанияларының жұмысын қадағалау қажет

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласы әкімі және орынбасарларымен қала күні қарсаңында бірқатар мәселелерді талқылады.


Жұмыс кестесінен кешіккен жол компаниялары бойынша А. Көлгінов қала әкімі М. Мұқаевқа қатаң ескерту жасап, білім беру нысандарының маңындағы құрылыстарды 1 қыркүйекке дейін реттеуді тапсырды. Құрылыстың мерзімінен кешігу дұрыс жоспарламаудан туындайтынын баса айтқан облыс әкімі, келесі жылдың құрылыстарын жоспарлауды қазірден бастау керектігін атап өтті.

Айта кетейік, биыл облыс орталығында 72 шақырым болатын 67 көшеге асфальт төселуде. Жол құрылысына 8,1 млрд.теңге қарастырылған болатын.

Өңір басшысы жолаушылар тасымалына жауапты компаниялардың жұмысын қадағалау қажеттігін ескертті. «Автобустарды жаңартудан бастап, кондукторлар мен жүргізушілердің арнайы киім киюін, жолаушылармен қарым-қатынасына дейін ретке келуі қажет», – деді А. Көлгінов.

Бұл ескертулерден нәтиже шығаруға уәде берген қала әкімі М. Мұқаев өз кезегінде облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Қала көркін арттырып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында биыл 40 тан астам нысан жөнделіп, салынуда. Атап айтар болсақ, 20 аула жөнделіп, 17 спорт алаңы салынады. Сонымен қатар бірнеше сквер қалпына келтірілуде.

Алтай Сейдірұлы қала басшылығына қаладағы құрылыс, абаттандырудан бөлек, замануи жобаларды да одан әрі дамытуды тапсырды. «Смарт сити» аясындағы «2GIS», «Қауіпсіз қала», бейнекамералармен жабдықтау мәселелері назардан тыс қалмауы керек», – деді ол.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале