18.01.2017, 17:46
Оқылды: 186

Антарктидаға сапар қорытындыланды

    ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде Антарктидаға барған «Тәуелсіздік полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Экспедиция 42 күн бойы өтті. Онда экспедиция мүшелері Антарктиданың сарышұнақ сары аязында ғылыми зерттеулер жүргізіп қайтты. Экспедицияға команда капитаны Мағжан Сағымбаев, спортшылар Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков, ғылыми қызметкерлер Дәулет Шәріпов, Арман Баймұхамедов пен команданың жалғыз аруы - Әлия Ерназарова қатысты. Олар Антарктиданың Винсон шыңына шығып, Оңтүстік полюске шаңғымен жетті.

Ғылыми сапар туралы «Қазақ географиялық қоғамы» ҚБ төралқа төрағасы Төлеген Тастанбеков баяндады. «Жобаның барлық үш кезеңі сәтті өтті. Біздің қыз-жігіттер Винсон шыңына шығып, шаңғы экспедициясы мен ғылыми зерттеулерді жүргізіп қайтты. Еліміздің тарихында алғаш рет Тәуелсіздік күні Қазақстанның мемлекеттік туы Антарктиданың ең биік нүктесіне көтерілді. Экспедицияға қатысушылар отандастарымызға екі рет сый жасады. Яғни, олар 16 желтоқсанда Винсон шыңынан елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, 31 желтоқсанда Оңтүстік полюсінен жаңа жыл қарсаңында құттықтау сөздерін жолдады» - деді ол.
    Атлеттер Мағжан Сағымбаев, Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков мен дәрігер Дәулет Шәріпов Оңтүстік полюске алғаш рет барған қазақстандық шаңғы экспедициясының мүшелері болып отыр. Олар 11 күнде 217 шақырымды мұздың үстімен жүріп өтті.

Экспедицияның ғылыми бөліміне биология саласында және Антарктиданың төтенше  жағдайында адам физиологиясына әсер беретін деректерді талдаған жас қазақстандық ғалымдардың зерттеулері енді. Экспедицияның ғылыми қызметкері Арман Баймұхамедов: «Антарктидаға жер-жүзінің көптеген ғалымдары келеді. Оны зерттегісі келетін адамдар өте көп. Сондықтан біз ғылыми-зерттеу экспедициясының мүшесі  болғанымыз үшін қуаныштымыз. Біздің ғылыми тобымыз адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулер жүргізу үшін көптеген деректер жинады.  Юнион Глетчер базасында болғанымызда шетелдік ғалымдармен танысып, Антарктиданы зерттеген жетекші елдердің зерттеу тәжірибелерін қабылдап келдік. Енді сапардлың нәтижесіне талдау жасайтын боламыз», деді.

Бұл отандастарымыздың Ақ құрлыққа жасаған алғашқы сапары емес. Алғаш рет ҚазГео командасының 15 мүшесі Антарктидаға 2011 жылы барған болатын. Содан кейін олар Арктика мен Антарктикада екі рет болып қайтты.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале