27.06.2018, 16:54
Оқылды: 27

Археологтар Азамат соғысы жауынгерлерінің мүрделерін тапты

111_5867 - копия(1)Тасқала ауданында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан БҚО тарихи және археология орталығының мамандары 25 маусым күні Азамат соғысы кезінде қаза болған жауынгерлердің мүрделерін тапты.

Айта кетейік, 2016 жылы Тасқала ауылының солтүстік бөлігінен жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру басталған еді. Кей учаскелерде орналасқан төбешіктер мен обаларға байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғындар үй салмас бұрын БҚО тарихи және археология орталығына хабарласып, осы обаларға зерттеу жүргізу жөнінде өтініш түсірген. Орталық мамандары сол маңнан ерте темір, қола дәуірлеріне жататын 6 оба тапқан. Аталмыш мекеменің бас ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қарағанда, 2016 жылы төрт оба қазылды. Ішінен шыққан адамдардың мүрделері мен заттар алынып, обаның орындары тегістелді.

-Түрлі себептерге байланысты былтыр бұл бағыттағы жұмыстар жүрмей қалып, биыл жалғасын тауып жатыр. Өткен аптаның соңында қалған екі обаны қазуды бастадық. Біреуінің үстінен окоп табылды. Азамат соғысы кезінде бұл окопты қазғандар мұның оба екенін білмеген болулары керек. Оба биіктеу тұрғасын ұрыс жүргізуге қолайлы екені анық. Сол себепті осы жерден әдейі қазған. Окоптың тиянақты қазылғанына қарағанда бұл жерде Шипов селосы үшін ақтар мен қызылдар арасында қиян-кескі ұрыс болған сияқты. Темір жол бекеті, соның ішінде бірнеше темір жолдың түйіскен торабы қашанда стратегиялық маңызға ие ғой. Соған байланысты бұл жер бірде ақтарға, бірде қызылдарға өтіп отырған. 111_5861 - копия(1)Мына мүрделер сондай шайқастың бірінде қаза болған жауынгерлердікі. Оларды ешкім жерлемеген. Яғни қаза тапқан күйде топырақ астында қалған. Бір сөзбен айтқанда, хабарсыз кеткен жауынгерлер. Енді олардың кім екендеріне келсек, біздің алдын ала болжамымызша ақ гвардияшылар сияқты. Мүрденің бірінің аяғындағы сақталып қалған керзі етік ерекше. Шетелде шығарылғаны байқалып тұр. Одан бөлек топырақ астынан шыққан сарғыш жасыл түсті гимнастерканың қиығы бар. Іші оқ-дәріге толы былғары оқшантай да табылды. Ал қызыл әскерде мұндай киім-кешек, қару-жарақ болған жоқ. Сонымен қатар бір жауынгердің қасынан мойынға ілетін крест шықты. Зерттеу жұмыстары барысында әлі де біраз құнды дүниелер шығады деп ойлаймын. Жалпы бұл макет емес, тірі тарих қой,-дейді Яна Амангелдіқызы.

Зерттеуден соң жауынгер мүрдесінің бәрін қазып алынып, дін өкілдерінің қатысуымен бауырластар зиратына жерленеді, ал табылған заттар музейге табысталмақшы.

Тасқала аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Ғұбашевтің айтуынша, бұл жердегі жеке тұрғын үй салуға арналған 118 учаскенің бесеуі аталмыш обаларға байланысты әзірге берілмей тұр. Бес учаскенің мәселесі БҚО тарихи және археология орталығы мамандарының қорытындысына сәйкес шешілетін болады.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале