18.09.2020, 19:10
Оқылды: 117

Баға жүгенсіз кетпейді, нан бағасы өспейді

 

Еліміздің әр өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын өсірмеуді қадағалайтын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Соның ішінде тұтынушылар кәрзеңкесін құрайтын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің бағасы бақылауға алынған. Аталмыш тұрақтандыру қорын қалыптастыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп отырады. Биыл облыс әкімдігінің шешімен қорды қалыптастыруға бюджеттен 550 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 1200 тонна көлемінде азық-түліктің 9 түрі, соның ішінде 1-сұрыпты ұн, қарақұмық, күріш, құмшекер, тұз, тауық еті, сиыр еті, күнбағыс майы, макарон өнімдері сатып алынды.

7298007

- Тұрақтандыру қорының қоймасында бір мың тоннадан астам тауар сақтаулы тұр. Жергілікті атаулы өндірушімен келісімшарт жасалып, қосымша күнбағыс майы мен рожки сатып алынбақ. Күні бүгінге сатып алынған тауардың жалпы бағасы 345 млн теңгені құрайды. Бюджеттен қорға бөлінген қаржының қалғанын тауар өндірушіге өндіретін азық-түлік өнімдерінің бағасын  өсірмеуі үшін несие ретінде беріледі. Мұндай несие бұрын болмаған, биылдан бастап күшіне енген тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағдарламасы бойынша ұсынылады. Өңірдегі «Белес», «Аққайнар», «Пойма май комбинаты» кәсіпорындарының ресми дистрибьютері «Белес-Маркет» ЖШС-мен үш өнімнің, яғни ұнның, күнбағыс майының, макарон өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру үшін 150 млн теңге көлемінде несие беру туралы келісімшарт жасалады. Тұрақтандыру қорының қоймасындағы азық-түлік түрлері өңір аумағында, Орал қаласы бойынша екі ірі «Алтындар», «Дина» супермаркеттері арқылы халыққа ұсынылуда. Аудандарда әкімдер ауылдарда, елді-мекендерде дүкендері бар ірі сауда желісін немесе көтерме саудамен айналысушыны оператор деп анықтап, сол сауда орындарына тұрақтандыру қорының қоймасындағы азық-түлік түрлерін нарықтағы көтерме бағадан төмен бағамен сатылады. Операторлар азық-түлікке 10%-дан артық үстеме ақы қоса алмайды. Өйткені өнімнің бөлшек саудадағы шекті бағасын тұрақтандыру қоры белгілейді, - деді «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Артур Досқалиев.

Биыл жыл басында азық-түлік түрлерінің бағаның өсуіне байланысты тұрақтандыру қорынан 440 тонна шамасында, ал коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде 360 тонна 1-сұрыпты астық нан пісіретін кәсіпорындарға бөлінді. Нарықта нан өнімдеріне бағаның көтерілуі байқалуына орай «Исаев» (№1 нан зауыты), «Толецкий» («Желаев нан» сауда белгісі) жеке кәсіпкерліктеріне астық жеткізу жөнінде келісімдер жасалды. Бұл екі кәсіпкерлік қаланың басым бөлігін нан өнімдерімен қамтиды. Бүгінгі таңда екі кәсіпорын нан бағасын қалыпты ұстап, 1-сұрыпты нанды 80 теңгеден тұтынушыларға ұсынуда.  Екі тараптың нан бағасын ұстау туралы келісім жыл соңына дейін сақталады. Алдағы жылы да нан пісіретін кәсіпорындарға қолжетімді бағамен астық қоры бөлініп, нан бағасына бақылау тұрақты болмақ.

- Биыл елімізде құмшекер өндірілмегендіктен Белоруссиядан 267 тонна сатып алынды. Енді оған қосымша 20 тоннадан астамы сатып алынбақ. Сиыр еті форвардтық келісімшарт негізінде (алдын ала баға келісімі бойынша тауар жеткізу жөніндегі келісім) мал бордақылау алаңдарынан (тірі салмақтағы) еттің келісін 1350 теңгеден жеткізу жөнінде келісімшарт жасалды. Өнімдердің басым көпшілігі қазақстандық тауар өндірушілерден алынуда. Мысалға, 134 тонна қарақұмық Павлодар қаласындағы, 130 тонна күріш және 8 тонна тұз Қызылорда облысындағы өндірушіден сатып алынды. Одан басқа қоймада 30 тонна тауық, 76 тонна сиыр еті, 60 тонна макарон өнімдері, 100 мың литр күнбағыс майы бар. Астық 1200 тонна сатып алынған болса, қазір қоймада 400 тоннасы қалды. Биылғы егін өнімінен келесі жылы нан бағасын тұрақты ұстау мақсатында қорға астық, сонымен қатар картоп, сәбіз, қырыққабат  сатып алу жоспарланған. Бағасы 80 теңге нанды қоғамның әлжуаз топтарына деп бөлмей, жалпы халыққа сату жолға қойылған, - деді Артур Досқалиев.

Тұрақтандыру қорына қажетті жағдайда сиыр еті мал бордақылайтын алаңдардан, тауық еті жергілікті немесе сыртқы нарықтан жеткізіледі. Бағаға тұрақты түрде мониторинг жасап отыру үшін аталмыш қор ұсақ сауда орындарымен емес, дүкендер желісі бар ірі операторлармен тізе қоса жұмыстанады. Өйткені азық-түлікті сатып алушылардың 60%-ы сауданы супермаркеттерде, 40%-ы үйдің қасындағы дүкендерден, базарлардан жасайды. Қордың азық-түлік өнімдерінің бағасы, яғни сауда орындарына өткіздің көтерме және тұтынушыға бөлшек саудамен сатудың шекті бағасы тұрақтандыру жөніндегі комиссияның шешімімен бекітіледі.  Тұрақтандыру қорының азық-түлік түрлерінің бағасы нарықтағыдан 10%-дай арзан.

Тұрақтандыру қорында облыс халқының бір айда тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 9 түрі  көлемінің 10%-ын сақтау көзделсе, соған орай бүгінде 569 тонна тауар қоймада сақтаулы және оған қосымша 700 тонна тауар сатып алынған.

- Оралда 28 шағын дүкеніміз жұмыс істейді. Қазір Круглоозерный ауылында, Ақсай қалсында нан сататын нүктемізді ашу қамындамыз. Тұрақтандыру қорынан алған астығымыз жаңа жылға дейін жетеді. 80 теңге тұратын 1-сұрыпты нан бағасы да сақталады. Өзге өңірлерде мұндай нан бағасын 1,5%-ға өсіруге қамдануда. Биыл қуаңшылық, астық бағасы күн санап емес, сағат сайын өсуде, біз соған қарамастан өзге сұрыпты нанның бағаларын да сақтауға ұмтылудамыз. Алайда «Толецкий» кәсіпкерлігі тек астықты өңдейді, оны өндірмейді, егін салмайды. Сондықтан барлығы астықты жеткізушілердің ұсынатын бағасына байланысты, - деді «Толецкий» ЖК-ның өндіріс басқарушысы Антон Владимиров.

Нан зауытында наубайлар төрт ауысыммен жұмыс істейді. Әр аусымда 8-15 адам тер төгіп, күніне 20 мың бөлке нан пісіреді. Тұрақтандыру қорынан «Толецкий» ЖК-ға 360 тонна, «Исаев» ЖК-ға 100 тонна  1-сұрыпты ұн берілген.  Басты мақсат - халықтың әл-ауқатын төмендетпей, бірінші кезекте пайдалынатын азық-түлік түрлерінің бағасын өсірмей, бақылауда ұстау.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале