6.10.2017, 22:05
Оқылды: 29

Бас бəйге берілмеген айтыс

IMG-20171006-WA0166Бүгін Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығында Сырым Датұлының 275 жылдығына байланысты жас ақындар айтысы өтті.
- Даңғайыр даланың дара перзенті Сырым батырдың атын ардақтап, рухын асқақтату мақсатында айтыс ұйымдастырдық. Ең бастысы, тасадағы жүйріктерді танымал қылуды мұрат қылдық. Олардың республикалық деңгейде сөз сайысына қатысуына жол ашпақпыз. Бұл айтыстың бір ерекшелігі - қазылар алқасы жоқ жəне жүлде бəріне тең беріледі, - деді өнер орталығының басшысы, ақын Бауыржан Халиолла.

Облыстық жас ақындар айтысында 12 ақын өнер көрсетті. Сахнада, алдымен, белгілі теректілік өнерпаз Эльдар Ихсанов пен жаңқалалық жас бөрі Орынбек Меңдіқұлов сөз қағысты. Екеуінің суырыла шығып, қызу сөз шарпысуы көрермендерді серпілтіп əкетті. "Тісім тисін дейсің ғо сыбағаға, Тістеп-тістеп алайын бұл ағамды" мінез көрсеткен Орынбекке қарсыласы тарпаң екенін еске салып, тепсе "азуынан айрылатынын" ескертті. "Руға қарап тұрған ештеңе жоқ, Рухы мықты ұлдарды тудырамын" деп жас перінің серт беруі де ұтымды шықты.
Келесі кезекте қарсыласына қырғидай тиген оралдық Талғат Мықидың томпақ келбетін сынаған қуақы қалжыңдарына бөрлілік Айнагүл Кəрімова "алтын құрсақ ана" екенін айтып, уəждерін сызылта отырып жеткізіп, мықтының адымын аштырмады. Ал Айнабек Бисенғалиев пен Мұрадым Мирлановтың қарымта қағытпалары бір-бірімен баппен соққы алмасқан боксшылардай қызу болды. Сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті Асыланбек Шығыров екеуінің буыршынның бұта шайнар азуындай қайшыласып, буырқануы, қазталовтық Естеміс Мұхамбетов пен ақжайықтық Бекболат Қаленовтің салмақты ой тастаулары сəтті шықты. Ең соңында Жансая Мусина мен Алшынбек Мұқанғалиевтің ұстаз бен шəкірт, қамқор апа мен іні ретінде астары усойқы, иірімдері жылы қалжыңдары айтыссүйер қауымның жанын жадыратып, езуін жидырмады. Белгілі батыр, шешен əрі көсем Сырым Датұлы жайында ақындар кесек-кесек ой айтты əрі қоғамдық мəселелерді де назардан тыс қалдырмады. Кеш соңында барлық айтыскерге бірдей жүлде таратылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы тұлға құрметіне арналған сөз додасы басқа аудандарда жалғасын таппақ.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале