31.10.2019, 10:28
Оқылды: 108

Биыл БҚО-да 212 көлік апаты тікелей жүргізушінің кінәсінен болған

Бағымсыз малдың жолға кесе-көлденең шығуынан көлік апаты болуда. Жол қауіпсіздігі мәселелесі талқыланған жиналыста Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев селекторлық режим арқылы аудан әкімдеріне мал бағымының жүйелі ұйымдастырылуын қадағалауды, жол-көлік оқиғасына душар қылатын әр мал басы үшін жауапты болатынын ескертті.

 akimat (2)

Жиналыста баяндама жасаған облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 251 жол-көлік апаты орын алғанын хабарлады.

akimat (1)

Апат салдарынан 78 адам көз жұмған. 259 адам жарақат алған. Көлік жүргізушілерінің тікелей кінәсінен 212 көлік апаты болған. Мас күйінде көлік жүргізу салдарынан 17 оқыс оқиға орын алып, екі адам қайтыс болған, 19 адам жарақат алған. Жыл басынан бері «Қауіпсіз жол», «Пешеход», «Автобус», «Абайла, балалар!» жедел алдын алу шаралары мен «Жолда қабылдау» акциялары өтуде. Мектеп оқушыларына жолдан өтерде жарықпен шағылысып, белгі беретін 3 мың жилет үлестірілген. Облыс әкімі Ғали Есқалиев балаларға арналған қауіпсіздік жилетін көбейтуді тапсырды.

akimat (3)

Көліктерге жол бойына бағымсыз шығып кететін малдың кедергі келтіретіні айтылды. БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов облыстағы 700-ден астам жылқыға флиппер, 16 ірі қараға іңір кезінде жарқырап көрінетін флиппер тағылғанын мәлімдеді.

akimat (4)

«Мал бағымы жүйелі ұйымдастырылса, ірі қараны назарда ұстауға болады. Бірақ түнгі мезгілде бақташылыққа ешкім шықпайды. Әсіресе, жылқыларды бақылау ұстау қиын болғандықтан, флипперді соларға тағып жатырмыз», – деді Серік Нұрмағанбетов.

Облыс басшысы оған көлік апатына себепкер болған малдың иесі көбіне анықталмай жататынын, сондықтан малға таңба салу, сырғалау, айыппұл тұрағын құру жұмысын күшейтуді, полицей қызметкерлерімен бірлесіп жұмыстануды тапсырды. Жиналыста республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын күтімге алу, қысқы мезгілге дайындық жайы пысықталды. «Қазавтожол» акционерлік қоғамы филиалының басшысы Еркебұлан Жұмановтың айтуынша, облыс бойынша автожолдарды күтіп ұстауға 84 техника қажет. Кәсіпорында 50 техника бар. Қалған техникаларды жалға алуға қатысты жол күтімімен айналысатын мекемелермен келісімшарт жасалуда. Норматив бойынша 12 дана қар тазалайтын техника қажет. Қазіргі уақытта «Қазавтожол» филиалында төрт қана техника бар. «Қазавтожол»  компаниясына сұраныс жіберу арқылы Ақтөбе мен Қостанай облыстарынан төрт техниканы облыстық кәсіпорын меншігіне беруге келісім жасалған.

akimat (5)

– Қысқы маусым таяп келеді. Бұлай болмайды. Қаладағы кәсіпорындар техниканы жалға бере алмайды. Бір апта бұрын Бөкей ордасы ауданындағы Бисен-Сайқынға баратын жол тазаланбаған. Лайсаң уақытында жол уақтылы тегістеліп, қыста қардан аршылып тұру керек, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

akimat (6)

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қала көшелеріне шамдар орналастыру, жаяулар жолағы тұсына жарық шағылыстыратын жабдық қою, бейнебақылау камераларын орнату жайын баяндады. Қаладағы көлік апаты жиі болатын учаскелерді атады. Облыс әкімі мемлекеттік-жетекшілік әріптестік шеңберіндегі бейнебақылау камералар орнату, көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыс баяу жүргізіліп жатқанын ескертіп, жұмыс бағытын ширатуды, келесі жылға арнап, бұл бағытта инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру сметасын есептеуді тапсырды.

akimat (7)

Нұртай Текебаев

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале