19.04.2019, 18:14
Оқылды: 241

Бизнес өкілдері Президент сайлауына қолдау білдіруде

Бүгін облыстық мәслихаттың кіші мәжіліс залында мәслихат депутаттары шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, осы жылдың 9 маусында өтетін кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мәселесін талқылады.

 Nur Otan

Бас қосуды ашқан «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Серік Сүлейменов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөніндегі Жарлығының маңыздылығына, сайлау өткізудің уақыт талабы екеніне тоқталды.

Баршаға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 19 наурызда өзінің президенттік өкілеттілігін тоқтатқан болатын. 20 наурыздан бастап Қасым-Жомарт Тоқаев Президент міндетін атқаруға кірісті. Бүгінде республикамыздың жеткен жетістігін, халықаралық деңгейдегі беделінің нығайғанын Елбасының сарабдал саясатының, қажырлы еңбегінің арқасында деп білеміз. Қазақстан әлемнің дамыған 50 елінің қатарына еніп, Елбасы саралаған жолдан таймай келеді. Өзге мемлекеттерде биліктің ауысуы әр түрлі жағдайда өтетінін көріп жүрміз. Сондықтан Елбасының ұстанған бағытын әрі қарай жалғастыру үшін президенттің ауысуын ешқандай толқусыз, кедергісіз өткізу - баршамызға міндет. Сайлауда партия атынан президенттікке ұсынылатын үміткер халықтың сеніміне ие болса, онда еліміздің дамуына да, инвесторлардың келуіне де пайдасын тигізеді, - деді Серік Кенжебекұлы.

Оның айтуынша, ««Nur Otan» партиясының 23 сәуірде өтетін съезінде президенттікке үміткер ұсынылғаннан кейін сайлауалды штаб жұмыстары қолға алынады.

Еліміздегі билеуші партияның жан-жақты жұмысының нәтижесінде Қазқстанда кәсіпкерліктің дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Елімізде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға тиісті мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қаражат бөлінуде. Шетелдік инвесторлар отандық кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорындар құрып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Осындай ой-толғам жасаған облыстық мәслихаттың депутаттары Мұрат Жәкібаев, Салтанат Тұманбаева, Ляна Тұрсыновалар кезектен тыс Президент сайлауын қолдайтындарын білдірді.

-Өңірдің бизнес өкілдері Президент сайлауын өткізуді толықтай қуаттаймыз. Кәсіпкерлер үшін бизнестің дамып өркендеуі үшін қоғамдағы тұрақтылықтың маңызы зор. Ал қоғамдағы тұрақтылықтың Президенттің кезектен тыс сайлауына тікелей қатысы бар. Сондықтан басқосуға қатысып отырған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер, соның ішінде депутат-кәсіпкерлер алдағы сайлауға түгелдей қатысып, саяси белсенділік көрсетеміз деген сенімдемін. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін Президентімізді дұрыс таңдауымыз керек, - деді облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ляна Тұрсынова.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале