24.02.2017, 18:51
Оқылды: 40

БҚО бюджеті 12 млрд. 90 млн. теңгеге ұлғайды

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті ІХ сесиясында мәлім болды. Сессияда күн тәртібіне 18 мәселе шығарылып, соның барлығы да мақұлданды.


Денсаулық сақтау саласына 525,3 млн. теңге бағытталған. Оның ішінде Зеленов, Қаратөбе, Теректі аудандарындағы 3 нысандағы күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау бар. Білім саласына 1788,4 млн. теңге бөлінген. Ақжайық, Қазталов, Сырым, Теректі аудандарындағы 4 білім беру нысанын күрделі жөндеуге және 2 білім беру нысанының құрылысын жалғастыру қаржыландырылғанын айта кеткен жөн. Ал мәдениет саласына 548 млн. теңге қарастырылып, бұл саладағы 5 нысан күрделі жөндеуден өтпек.

Әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 151,9 млн. теңге, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласына 227 млн. теңге (соның ішінде 3 қоршаған ортаны қорғау нысандарының құрылысын бастауға және қайта құруға) бөлінді.

Бюджеттен газбен жабдықтауға 179,4 млн. теңге қарастырылып, биыл Қаратөбе және Сырым аудандарындағы 12 әлеуметтік нысан газбен жабдықталып, Жаңақала, Бөкей ордасы, Сырым аудандарындағы 9 нысанның жобалық құжаттамалары дайындалмақ.

- Жолдарды жөндеуге 1189,2 млн. теңге (соның ішінде Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында ауылішілік және Орал қаласында қалаішілік аутожолдарын орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға, сонымен қатар Сырым ауданының 2 ауылішілік аутожолдарын салуға), тұрғын үй құрылысына 2453,7 млн. теңге (соның ішінде Орал қаласында және Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 4 несиелік тұрғын үй құрылысын аяқтауға) бағытталады. Аталған өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет кірістер мен шығындар бойынша 124,2 млрд. теңгені құрады,- деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале