14.12.2018, 19:30
Оқылды: 71

БҚО-да апатты жағдайдағы 44 үйдің 17-сі жаңартылуда

Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясында облыс әкімі Алтай Көлгінов айтты.

sessia 21 (4)

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауының негізгі мәні – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында облысымызда қандай жұмыстар атқарылды? Осыдан екі жарым жыл бұрын облыс тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 36 пайыз болған еді. Осы аралықта екі мың шақырым су құбыры тартылып, 110 елді мекенге орталықтанған таза ауыз су жеткізілді. Әсіресе, облыс орталығынан шалғайда жатқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Қазталов аудандарының елді мекен тұрғындары мемлекеттің қамқорлығына ризашылықтарын білдіруде. Биыл біз осы көрсеткіш бойынша 46 пайызға жуықтасақ, келесі жылы тағы 50 елді мекенге ауыз су жеткізу арқылы 50 пайыздан асуды жоспарладық. Біз облыс жолдарын қалыпқа келтіру мақсатында жыл сайын 500 шақырым шамасында жол жасауды күн тәртібінен түсірмей келеміз. Биылдың өзінде басқа салаларды айтпағанда, 33 млрд. теңге тек қана жол құрылысына жұмсалды. Нәтижесінде республикалық маңызы бар Саратов күре жолының құрылысы аяқталды. Елбасымыздың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 104 шақырым даңғыл жол салынды. Сайқын, Жәнібек, Қазталов сияқты аудан орталықтарының әрқайсының ішінде 9-10 көшеден асфальт төселді. Әр аудан орталығында жылына кем дегенде екі көшеден жөнделіп келеді. Тек биыл Орал қаласының 50 көшесі асфальтталды. Депо көпірі пайдалануға беріліп, тағы бір маңызды көпір қайта салу үшін жабылды. Елбасымыздың өңірімізге жасаған сапарында берілген тапсырмасына сәйкес, келесі жылы Қазталов Жәнібек Сайқын Орда бағытына жол құрылысы басталады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірімізде 3500-ге жуық пәтер пайдалануға берілуде. Оның 26-сы көпқабатты үйден, қалған 104 үй аудандарда табысталуда. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында айтылған «7-20-25» бағдарламасы бойынша жүзден астам отбасы баспанаға ие болды. Тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа зәулім үйлер салу тәжірибесі де нәтижелі жүруде. Атап айтар болсақ, апатты жағдайдағы 44 үйдің 17-і жаңартылуда. Яғни 50 пайызға жуығын жаңалау жұмыстары қарқынды жүруде. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында келесі жылы да осы қарқынды төмендетпей тағы 3500 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Өмір сүру сапасының артуына азаматтардың білім деңгейлерінің де ықпалы зор. Бұл бағыттағы материалдық-техникалық базаны нығайту үшін биыл 3 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Мемлекеттің қолдауы мен жеке кәсіпкерлердің белсенділігінің нәтижесінде облысымыздағы балабақшалар саны 500-ге жетті, оның 52-сі – жеке балабақша. Балаларды кезекке қою Орал қаласында электронды жүйеге көшірілді. Нәтижесінде үш жастан алты жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі біліммен жүз пайыз қамтылды. Ал бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамтамасыз ету көрсеткіші жетпіс пайызды құрайды. Қала және ауыл мектептерінің білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық 225 (100%) шағын жинақты мектеп 567 бірлік компьютер-трансформерлермен қамтылды. Сондай-ақ облыс мектептеріне 1500-ге жуық компьютер сатып алынды. Өңірде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 15 IT-сынып ашылып, IT-лицей жұмыс істей бастады. Келесі жылы партиялық жоба бойынша тағы 50 IT-сынып ашылады. Алдағы жылы 15 білім беру нысанын күрделі жөндеу көзделуде. Сонымен қатар 146 мектепті бейнебақылау камераларымен жабдықтау жоспарланды. Бұл қауіпсіздік мәселесін арттырады, деді облыс әкімі Алтай Көлгінов сессияны қорытындылаған сөзінде.

Ол сондай-ақ тұрғындарды газбен қамту, жылу жүйелерін жаңғырту, денсаулық сақтау саласы, спортты дамыту, кәсіпкерлікті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау бағытында өңірімізде атқарылып жатқан қарқынды істерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Алтай Сейдірұлы өз сөзінде өңірімізде 2018 жылға жоспарланған істердің барлығы бірдей сәтті жүзеге асырылғанын айтып, жиынға қатысушыларды келіп қалған ел Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтады.

Жиын соңында бір топ депутатқа нәтижелі жұмыстары үшін Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Нұртас Набиоллаұлы,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале