12.04.2018, 18:45
Оқылды: 39

БҚО-да барлық мектепті кең жолақты интернетпен қамтуға қаржы жеткіліксіз

Бұл жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова алқа отырысында баяндады. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, аудан әкімдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары және аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары жиналды.

Басқарма басшысының айтуынша, өңіріміздің барлық жалпы білім беретін мектептерін кең жолақты интернетке қосу үшін мемлекеттік сатып алу шараларын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алайда бөлінген қаражат облыстың барлық мектебін кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып отыр. Сол себепті жергілікті бюджет есебінен қосымша қаражат қарастыру күн тәртібінде тұр. Аталған мәселе бойынша қала және аудан әкімдеріне облыстық білім басқармасы тарапынан xаттар жолданған, алайда бүгінгі күнге ешқандай шара алынбапты.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы бірқатар баяндамашылардың есебі тыңдалды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы қорытындылап, алқа отырысында көтерілген мәселелерді, нақтыланған міндеттер мен жүктелген тапсырмаларды орындауды аудан басшылықтарына нықтап тапсырды. Алқа отырысы түстен кейін жалғасып, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Олар - облыстық мектептерде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру және аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстарын зерделеу.

Нұрлыбек Рахманов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале