13.06.2018, 9:59
Оқылды: 29

БҚО-да белсенді кәсіпорындардың тек 30 пайызында ұжымдық шарт қабылданған

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының жұмысы туралы баяндады.

 Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы ҚР «Кәсіподақтар туралы» Заңын және Еңбек кодексін басшылыққа ала отырып, салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе жұмыс атқарып келеді. Облыс бойынша 62298 кәсіподақ мүшесі, 931 кәсіподақ ұйымы бар.

– Ағымдағы жылдың 21 ақпанында облыс әкімдігі, облыстық қызметкерлер бірлестігі және өңірлік жұмыс берушілер бірлістігі арасында 2018-2020 жылдарға арналған үшжақты келісімге қол қойылды. Цифрлы экономикаға көшу, өндірістік процестерді автоматтандыру еңбек нарығына әсер етері сөзсіз. Нәтижесінде біраз жұмыс орындарының қысқаруы да мүмкін. Жоғарыда аталған келісім бойынша жұмыс орындары азайтылуы ықтимал ірі кәсіпорындардың тізімі жасақталады. Қызметтік қысқартуға ұшыраған азаматтарды басқа өндіріс орнына жіберу немесе басқа саладағы сұранысқа ие мамандық бойынша оқытып, жұмысқа орналастыру шаралары көзделген, – дейді Ербол Ғұмарұлы.

Сала маманының мәлімдеуінше, үшжақты келісімде жұмыспен бейресми қамтылған азаматтардың да мәселелері қарастырылған. Облысымыздағы белсенді кәсіпорындардың тек 30 пайызында ғана ұжымдық шарт қабылданған. Ұжымдық шартпен қамтылмаған жұмысшылардың еңбек құқығы қорғалмай келеді. Олар болашақта зейнетақылық, міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінен тыс қалуы мүмкін.

Облыс бойынша өткен жылы өндіріс ошақтарында 68 адам жарақат алып, 6-ы көз жұмған. Осыған орай қауіпті, зиянды жұмыс орындары бар кәсіпорындарда еңбекті қорғау мәселесін бақылау жөніндегі өндірістік кеңестер құру ісі қолға алынған.

– Бүгінде облыстық кәсіподақ ұйымдарында еңбекті қорғау жөніндегі 684 техникалық инспектор жұмыс атқаруда. Олар 224 заң бұзушылықты анықтады. Сәуір айында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының ұйымдастыруымен «Ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес және техникалық инспекторлардың қызметін жетілдіру» тақырыбында семинар өткізілді. ҚР Кәсіподақтар Федерациясы 2018 жылды «Еңбек қауіпсіздігі жылы» деп жариялады. Сонымен қатар «Еңбекті қорғаудың алдын алу мәдениетін бірге көтерейік» акциясы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі, ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Кәсіподақтар федерациясы бірігіп «Еңбек шартын жасаңыздар!» республикалық акциясын ұйымдастырудамыз. Кәсіподақтар жергілікті атқарушы билік органдарымен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста қызмет етіп келеді. Кәсіподақтар азаматтық қоғамның маңызды бөлігі. Адам құқығының қорғалуы жөнінде әр мекеме басшысы қатаң тәртіп орнатып, қауіпсіздік шараларының бұзылмауын қадағалауы тиіс, – деді өз сөзін қорытындылаған Ербол Салықов.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале