5.04.2018, 17:39
Оқылды: 140

БҚО-да денсаулық күніне арналған шаралар «Сау болу – сәнді!» ұранымен өтеді

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде «Мектептерде тамақтандыруды жетілдіру. Мектеп жасындағы балалардың тамақтану ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға облыстық денсаулық сақтау, ішкі саясат, білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері, салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің мамандары қатысты.

- Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күніне орай, яғни 7 сәуір күні – Дүниежүзілік денсаулық күні болып бекітілген. Биылғы денсаулық күнін облысымызда «Сау болу – сәнді!» деген ұранмен өткізуді жоспарлаудамыз. Бұл шаралар легін облысымыздағы денсаулық сақтау ісіне қатысты мекеме-ұйымдар бірлескен түрде атқармақ. Шара тұрғындардың спортпен, дене шынықтырумен айналысуын насихаттау бағытында ұйымдастырылғалы отыр. Әр адам өз денсаулығы үшін жауапты, яғни өз денсаулығы үшін күресуі керек. Біз, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері тұрғындар арасында денсаулықты сақтаудың тиімді тәсілдерін насихаттау жұмысымен айналысамыз, - деді БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов жиынды ашқан кіріспе сөзінде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғали дөңгелек үстел тақырыбына, мектеп жасындағы балалардың уақытылы, дұрыс тамақтануын ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Зияда Молдағалиева Дүниежүзілік денсаулық күніне орай өңір халқы үшін салауатты өмір салтын насихаттау бағытында ұйымдастырылатын шаралар легіне тоқталды. Зияда Надырғалиқызының айтуынша, Орал қаласы бойынша «Атриум» сауда орталығы, Теміржол вокзалы алдындағы Чапаев ескерткіші маңында, Автопарк ауданы бойынша «Мечта» сауда орталығы алаңында, «Қазақстан» кинотеатры алдындағы алаңқайда, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы алаңында, Зашаған кенттік округі бойынша №20 мектеп ауласында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған көпшілік шаралар өтеді. Сонымен қатар мұндай шаралар барлық жерде  7 сәуір, сағат 10.00-де басталып, барлық аудандарда, ауылдар мен елді мекендерде де ұйымдастырылады. Аталмыш шара аясында облысымыздың кез келген тұрғыны артериалды қан қысымын, көз ішінің қан қысымын, салмағы мен бойын өлшетіп, мамандардың кеңестерін ала алады. Сондай-ақ арнайы ұйымдастырылатын спорттық шаралар мен концерттік бағдарламаларды тамашалайды. Бұдан бөлек балабақшалардан бастап барлық жалпы білім беретін мектептерде дене белсенділігін және дұрыс тамақтануды насихаттау бағытындағы іс-шаралар қолға алынады, - деді ол.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Асылжан Қуанышқалиева «Дұрыс тамақтану қағидалары және мектеп оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын талаптар» тақырыбында баяндама жасады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Аргенова оқушыларды чипсы, сникерс, кола секілді ағзаға зиянды өнімдерден бас тартуға үндейтін акцияларды белсенді түрде ұйымдастыру керектігі туралы ұсынысын айтты. Ол осындай акцияларды жиі ұйымдастыру арқылы болашақта тұрғындарды жергілікті табиғи өнімдерді тұтынуға біржола көшірсе, мұның қоғамға тигізер пайдасы зор деген бағыттағы ойларын жеткізді.

Жиында балабақшадағы бүлдіршіндерге баласының туған күні болған ата-ананың түрлі тәттілер, өзге де қандай да бір өнімдерді әкеліп таратуының Заң талаптарына қайшы екендігі айтылып, құзырлы мекемелер тарапынан кейбір балабақшаларда кездесетін осындай келеңсіздіктерге қатысты тексеру жұмыстары қолға алынатыны да сөз болды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале