29.03.2019, 9:50
Оқылды: 87

БҚО-да Ғарифолла Құрманғалиевтің дүниеге келгеніне 110 жыл толуына байланысты шаралар басталды

Оралдағы Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ғимараты алдында ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дүлдүл әнші, композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің дүниеге келгеніне 110 жыл толуына байланысты жыл тақтасы ашылды.

f4306cf9-12b0-4208-b920-924ae6408bd1

Тақта бетіндегі пердені ашу құрметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева ие болды. Филармония фойесінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Виртуальды тур» жобасы тұсаукесері өтті. «Torus.kz» ЖШС-ның директоры Дәурен Ғабдуллаевтың айтуынша, цифрлық технология жетістігі нәтижесінде 3D-моделдеу арқылы тарихи ғимараттың бөлмелерінің панорамалы көрінісін, филармонияда қызмет ететін өнер ұжымдарының бейнесін интернетке қосылған компьютермен де, смартфонмен де анық көруге болады.

Салтанатты шара «Ән дүлдүлі – Ғарекең» атты әнші-термешілер концертіне ұласты. Концертте жергілікті өнерпаздар Ғарифолла Құрманғалиев әндерін орындады. Кейін «Филармония түні» жобасына байланысты әнші рухына арналған думан жалғасты. Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі, «Назерке» халық биі ансамблі, «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Классика» камералық ансамблі және жеке орындаушылар бір мезетте өнер көрсетіп, әр залдың есігі қала тұрғындарына ашық болды.

Айта кетейік, филармония ғимаратын халық «Карев үйі» деп атап кеткен. Өткен ғасырдың басында үш қабатты ғимаратты көпес А.Карев салдыртқан. Кеңес одағы кезінде оған әскери госпиталь орналасты. Еліміз егемендік алғаннан кейін филармония ұжымы орналасқан ғимаратқа 1996 жылы ақиық әнші Ғ. Құрманғалиевтің есімі берілді. Облыс әкімдігі қолдауымен 2000 жылы филармония ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Италияндық дизайнерлер тарихи қалыбын сақтап, безендірді. Өнер ордасы ішіндегі екі фойе, 220 орындық зал, камералық сахна заман талабына сай жабдықталды.

Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, композитор мұрасын насихаттауға байланысты іс-шаралар жыл бойына жалғасады. Ғарифолла әндерін шырқап жүрген өнерпаздар мен шәкірттерінің басын қосу, ғылыми-практикалық конференция және фестиваль ұйымдастыру, туған жері Қаратөбе ауданында тағылымды шара өткізу жоспарланған.

Нұртай Алтайұлы,

сурет автордікі

6883046f-eb4f-4eec-8a2a-ce55b1211ece e7e2b26e-995d-4cc6-ac54-785fdf4850ad 87664fe3-4fb1-4eaf-8e96-f7de986be44a

4ba94d07-d58e-4757-a4bb-a3b51c012d3f

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале