26.04.2019, 11:26
Оқылды: 33

БҚО-да имамдар аттестациядан өтуде

Өңірге келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы Орал қаласы мен аудан-ауылдардағы мешіт имамдарының, сонымен қатар жаңадан қызметке тұратын мамандардың діни білімдерін сараптаудан өткізді.

din (9)

         -Имамдардың білімін бес жыл сайын сараптаудан өткізіп тұрамыз. Аттестацияның мақсаты – имамдардың білімін жетілдіру, діни біліктілігін арттыру. Қазір мешітке келетін жамағаттың білім деңгейі біраз жоғарылаған. Сондықтан имамдардың білім деңгейі жамағаттың сұрақтарына жауап бере алатындай деңгейде болуы аса маңызды. Білім-білігімен ерекшеленген имамдардың қызметін жоғарылатып, ҚМДБ-ның зияткер имамдыққа ұсынатын боламыз,-дейді ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев.

ҚМДБ-ның аттестациялық комиссиясының құрамында ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, кадр бөлімінің меңгерушісі Байұзақ Бекмұратов бар.

Аттестацияға облыстың 60-қа жуық имамы қатысуда. Дін қызметкерлерінің білімі екі кезеңнен тұратын сынақ барысында тексеріледі. Алдымен компьютерлік бағдарламада арнайы әзірленген тест сұрақтарына шектеулі уақыт аралығында жауап береді. Тестілеуде ақида (сенім), фиқһ (шариғат үкімдері), әкімшілік жүйе (заң) бойынша сұрақтар топтастырылған. Ал екінші кезеңде Құран оқу, Тәжуит ережелері, Сира, яғни Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) өнегелі өміріне қатысты, ҚМДБ қабылдаған құжаттар туралы білімдерін сарапқа салады.

Динара Жұмабекқызы,

zhaikpress.kz

din (4) din (5) din (7)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале