12.01.2020, 13:58
Оқылды: 532

БҚО-да мерейтойлық шараларға дайындық барысы пысықталды

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен биыл елімізде аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 75 жылдығына, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, барша қазақтың маңдайына біткен жерлес ақындарымыз Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл және Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына орай өңірде жоспарланған іс-шараларға дайындық барысын пысықтаған жиын өтті. 

-Биыл шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фарабидің, қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Бұдан өзге жерлес ақындарымыз Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойларына арналған шаралар легі бар. Осы атаулы мерейтойларды атап өту үшін облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, дайындық шаралары басталып кетті. Бұл шараларды лайықты атап өтуіміз керек, сондықтан зор жауапкершілік танытып, дайындық жұмыстарына тыңғылықты және мұқият қарауымыз керек, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумовтың мәлімдеуінше, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарын қолға алған жұмыс тобына мемлекеттік құрылым өкілдерімен қоса қоғамдық ұйымдар өкілдері де енген.

IMG-20200112-WA0038-800x450

Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин, концлагерь тұтқыны болған Иван Дунько, журналист-өлкетанушы Ахмедияр Батырханов, өлкетанушы Құспан Мұқатаев және тағы басқалар бар. Әр мерейтойға орай іс-шаралар жоспарланған желілік кестелер жасалған. Бұл кестелер бекітілгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Республика бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 300 мың теңге, концлагерьлерде тұтқында болғандарға 100 мың теңге, Ленинград блокадасында болғандарға 60 мың теңге, тыл ардагерлеріне 30 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда облыста 65 соғыс ардагері мен мүгедегі, олардың 49-ы Орал қаласында және 5 831 тыл ардагері бар. Медицина қызметкерлері соғыс ардагерлерінің үйінде аптасына 3 мәрте болады, шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда хабарласу үшін барлық соғыс және тыл ардагерлерінің үйінде «Өмір жолы» сигналдық түймелері орнатылған.
1 сәуірге дейін зұлмат соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етуге арналған барлық ескерткіштерді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында соғыс қимылдарына қатысуға және фашизмді жеңуге үлес қосқан батырларға арналған «Қаһармандық ерлік» монументтері орнатылады. Сонымен қатар Жәнібек ауданында Кеңес Одағының үш Батырына: Ерденбек Нетқалиевке, Николай Чуриковке және Хиуаз Доспановаға, Сырым ауданында - жазушы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Жәрдем Тілековке арналған бюсттер орнатылады. Бәйтерек ауданында Батырлар аллеясы ашылады, Тасқала ауданында соғысқа қатысушылардың Жеңіске қосқан үлесі туралы деректі фильм түсіріледі.
Орал қаласында ономастикалық комиссияның шешімімен Алмазов көшесіне қазақтың тұңғыш ұшқыш батыр қызы, жерлесіміз Хиуаз Доспанованың есімі беріледі. Сонымен қатар Оралда құрылған «152-ші атқыштар бригадасының әскери даңқы жолдары туралы» экспедициясы ұйымдастырылады. Экспедицияның нәтижелері бойынша деректі фильм түсіріледі. Ұлы Отан соғысына қатысқан батысқазақстандықтар туралы энциклопедия дайындалуда.
Өлкетанушы Құспан Мұқатаев ашық аспан астындағы «Әскери Даңқ» музейін ұйымдастырып, оған соғыс жылдарындағы әскери техникаларды топтастыруды жоспарлап отыр. Құспан Мұқатаев жиында соғыста қаза тапқан ата-бабаларымыздың ерлігіне тағзым жасау мақсатында Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштерге күн сайын жаңа гүлдер қоюды ұсынды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл ұсынысты қолдап, бұл шараның өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтті.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков ардагерлердің әлеуметтік төлқұжаттары дайындалып жатқанын айтты.
-Ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету аясындағы шараларға оқушылар, студенттер, еріктілер мен кәсіпкерлер жұмылдырылады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралға көшірілген зауыттардың жұмысшыларының Ұлы Жеңіске қосқан қомақты үлесін жан-жақты насихаттау көзделіп отыр. Сондай-ақ тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегіне лайықты құрмет көрсету мақсатында мемориалдық тақта ашуды ұсынамын, - деді қала әкімі.
Ұлы Абайдың мерейтойына орай облыста 861 іс-шара өтпек, олардың екеуі халықаралық сипат алмақ.

2020_01_09_abay

Ауқымы жөнінен ең үлкені және маңыздысы «Абай мен Пушкин» атты халықаралық форум болмақ. Дана Абайдың 175 жылдық мерейтойын өңірде лайықты атап өтуге арналған іс-шаралардың дайындық барысын пысықтайтын жұмыс тобының құрамына танымал ақын, журналист Ғайсағали Сейтақ, «Жайық үні» газетінің бас редакторы, журналист Мира Шүйіншалиева, ақын Айтқали Нәріков және тағы басқалары енген. Облыс әкімі қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбаевқа арналған шараларды орыстың ұлы ақыны Пушкиннің шығармашылығымен байланыстыруды ұсынды. Абай мен Пушкин - екі ұлы данышпан, олардың мұрасы қазақ халқына да, орыс халқына да ортақ. Абай орыс жазушыларының еңбегін қазақ тіліне тәржімалап, қазақ жастарының орыс классиктерінің еңбегіне ықыласын оятқан кемеңгер. Орал қаласы – Пушкин болған, шығармашылықпен айналысқан Қазақстандағы жалғыз қала. Сондықтан ұлы ақынның мерейтойы аясында осы жайтқа баса назар аудару қажеттігін айтты.
Кездесуде Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық мәселелері де талқыланды.

IMG-20200112-WA0039-800x534

Жұмыс тобының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева сияқты танымал тұлғалар бар. Орал қаласында Жұбан Молдағалиевке арналған ескерткіш, ішінде кітапханасы мен музейі бар Жұбан орталығы ашылмақ. Үзілдік Елеубаева Жұбан ақынның туған жері Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылындағы Жұбан Молдағалиевтің ескерткішін және кезінде ақынның өзі ашқан кітапхананы жөндеу туралы бастама көтерді. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Жұбан ақынның мерейтойы аясында облыста барлығы 817 іс-шара жоспарланған, олардың 437-сі аудандарда өтеді. Дәстүрлі Жұбан оқулары жалғасын таппақ.

IMG-20200112-WA0040-800x417
Қадыр Мырза Әли орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолла өзінің баяндамасын Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдық мерейтойына дайындық шараларына арнады және мерейтой республикалық деңгейде аталып өтілетіндіктен жергілікті мемлекеттік құрылымдар мен облыс меценаттарының көмегі қажет екенін атап өтті.
Қорытындылай келе, облыс басшысы өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, туған өлкенің тарихын терең және жан-жақты танып білу үшін аталмыш іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Светлана Аманова
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале