16.07.2020, 14:36
Оқылды: 222

БҚО-да той өткізгендерге айыппұл салынуда

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәліметі бойынша, облыста коронавирус індетінің таралуына байланысты 4327 жағдай тіркелген. 2160 адамда ауру симптомдары анық білінуде. Бүгінге дейін 3265 адам сауығып шықты. 22 адам қайтыс болды.

B26FF967-4D4F-459F-AB2C-C04E737AFECF

COVID-19 инфекциясының өршуі салдарынан Ақжайық ауданында – 109, Бөкей ордасында - 36, Бөрліде – 105, Жаңақалада – 20, Жәнібекте – 73, Бәйтеректе – 141, Казталовта – 14, Қаратөбеде – 20, Сырымда – 49, Тасқалада – 52, Теректі ауданында – 102, Шыңғырлауда – 14, Орал қаласында 1420 жағдай тіркелді. Маусым айынан бастап коронавирус симптомдарымен 1536 адам емдеуге жатқызылған. Олардың арасында 709 адам белсенді түрде қарым-қатынаста болғаннан (46,1%) ауру жұқтырған. 686 емделуші дәрігер көмегіне өз бетімен жүгінген (44,6%). Профилактикалық тексеру барысында - 80, эпидқадағалау бойынша 61 науқас тірелді. 15 шілде бойынша облыста 101 жағдай есепке алынды. 61 адамда ауру белгілері байқалмайды.

– Карантин уақытының тамыздың 2-сіне дейін ұзаруынав байланысты сенбі және жексенбі күндері базарлар жабылып, қоғамдық көліктері тоқтайды. Мониторинг барысында қоғамдық көліктердің көбінде санитарлық талап сақталмайды. Қоғамдық тамақтану орындарының карантин режимін бұзғанын да анықтадық. Кейбір уақытша жабылған бизнес нысандары карантин шектеулерін елемей отыр. Өзен жағасына жиналып, суға түсуден тыйылмай отырғандарға да қатысты әкімшілік іс қозғалуда. Жаңа әкімшілік жаза қолданысқа енгені мәлім. Жәнібек ауданында үйлену тойын өткізген тұрғынға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабына сәйкес 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Теректі ауданында үйлерінің ауласында осындай той өткізген екі тұрғынды жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқалы отырмыз. Аталған кодекстің 425-бабы 14 шілде күні күшіне енді. Әкімшілік істер бойынша 17 хаттама толтырылды, – деді Мұхамғали Рыспаев.

 Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале