5.10.2018, 15:31
Оқылды: 32

БҚО-да тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. 1991 жылдың 1 қазан айында БҰҰ ның 45 сессиясында бұл күн Халықаралық қарттар күні болып белгіленді. Сол күннен бері елімізде жыл сайын қарттар күні ерекше тойланып, құрмет көрсетіліп келеді. Осы мереке аясында ҰОС мен тыл еңбеккерлерін қолдауға арналған республикалық «Жеңіс» әлеуметтік қайырымдылық жобасы аясында Орал қаласының тыл ардагерлеріне арналған дастархан жайылды.

«Самұрық Қазына Траст» қорының қолдауымен бұл шара республикамыздың 31 қаласында өткізіліп жатыр. Орал қаласында жайылған дастарханға Круглоозерный кентінің тыл ардагерлері А.Бекетов, Е.Забродина, П.Серов, Н.Гребнев, А.Хайруллин, А.Абрамова, және т.б. ардагерлері шақырылды. Қариялар дастархан үстінде соғыс кезіндегі басынан кешкендерін әңгімелеп, тілектерін білдіріп, алғыстарын айтып, баталарын берді.

Шара барысында көңілді әндер айтылып, күй шертілді. Круглоозерный кентінің әкімі К.Нуршинов және «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры А.Курумбаев сөз сөйлеп, құттықтады. Шара соңында «Жеңіс» жобасының волонтерлері тыл ардагерлеріне гүл шоқтары мен фотосуреттер, сыйлықтар табыстады.

А.Аманғали,

"Ғылыми зерттеулерді қолдау
қорының" менеджері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале