13.09.2018, 14:29
Оқылды: 16

Бұрынғы әйелінің әке-шешесін атып өлтірген БҚО тұрғынына үкім шықты

Оралда бұрынғы әйелінің ата-анасын атып өлтірген Рустам Давлетшинге сот үкімі шықты. БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Сот Р.Давлетшинді ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (екі немесе одан көп адамды өлтіру) және 287-бабы (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша айыпты деп таныды.

Солайша ол 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар сотталушы 5 млн. теңге көлемінде моральдық, 899 мың теңге көлемінде материалдық залалды өтеуі тиіс. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, биылғы мамыр айында Ақсай қаласының тұрғыны Р.Давлетшин Оралда тұратын бұрынғы әйелі Надияның ата-анасын атып кеткен болатын. 60 жастағы әйел оқиға орнында мерт болса, 67 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды. Кейін бұл іс алқабилердің қатысуымен қаралатыны белгілі болды.

Елжан Ералы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале