21.06.2017, 17:04
Оқылды: 44

Данияр Елеусінов шеберлік сағатын өткізбек

Данияр-ЕлеусиновОблыс басшысы Алтай Көлгінов Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының чемпионы  Данияр Елеусіновті қабылдады.


 

- Спорт саласын дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау - баршамыздың  ортақ міндетіміз.  Өткен жылы шаһарымызда  Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылған болатын. Аталмыш орталықта 30-дан астам бокс тәсілін үйрететін жаттықтырушымыз болса,  300-ге жуық бала жаттығуда.  Облыс бойынша 700-ден астам жастар  бокспен айналысады. Бұл көрсеткіш мұнымен тоқтамайды. Болашақта  өңіріміздегі бокс орталығына   көк туымызды  көкке желбіретіп,   абыройымызды асқақтатқан Серік Сәпиев, Генадий Головкин, Данияр Елеусінов  секілді спорт саңлақтары  келіп,  шеберлік сағатын  өткізсе, спортсүйер жасөспірімдердің саны артатыны анық, - деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

Ал Олимпиада чемпионы  Данияр Маратұлы облыс басшысының арнайы қабылдауына алғысын айтып, өңірге келген мақсатына былайша тоқталды.

- Өткен жылы менің атым қойылған бокс орталығының ашылу салтанатына қатысып, көзайым болған едім. Мен өте қуаныштымын. Енді сол жерде жаттығып жүрген балалар мен жасөспірімдерге шеберлік сағатын  өткізуді  борышым деп білемін. Жаттығулар, шеберлік сағаттары  жүйелі жүзеге асатын болады.  Болашақта  Ақ Жайық өңірінен әлем, Олимпиада чемпиондарының  шығатынына сенемін, - деді  Данияр Елеусінов.

 Гүлсезім БИЯШЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале