19.06.2019, 20:00
Оқылды: 119

Дін жайлы ақпараттандыру мәселесіне бей-жай қарамауымыз керек

Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі облыстық кеңестің кезекті отырысы өтті. 

IMG_9309

Жиынға аталмыш кеңестің тұрақты мүшелері, мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдарының, қоғамдық және діни бірлестіктердің басшылары қатысты.
Облыс әкімдігінде өткен отырыстың күн тәртібінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы ролі, Орал Епархиясының конфессияаралық байланысты нығайту, қоғамда радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілік ой-пікір қалыптастыру әрекеттері, сондай-ақ Орал қаласы және Бәйтерек ауданындағы дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы төрт түрлі мәселе қаралды.

IMG_9326
Отырысты жүргізген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жиынның дәстүрлі діни құндылықтарды сақтау және діни экстремизм мен терроризм идеяларына қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында ұйымдастырылғанына және бұл бағыттағы істерге қоғам болып атсалысу қажеттігіне тоқталып өтті.
Кеңес отырысында елімізде дәстүрлі саналатын исламдық және православтық-христиандық діни бірлестіктердің, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың аталған бағытта атқарып отырған жұмыстары талқыланды.

IMG_9337
-Экстремизмге қарсы күрестің бірден бір жолы – олар туралы уақытында шынайы мәлімет беру. Әрине, бұл орайда БАҚ-тың рөлі өте жоғары. Әйтсе де, жасөспірім балалар үшін ақпарат құралдарының дерек-мәліметі де жеткіліксіз болады. Экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру керек.

IMG_9367
«Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешеді? Біз осыған кінәлі емеспіз бе?» деген сұрақтарға тоқталуымыз керек. Дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым мүлде жоқ. Өскелең ұрпақтың рухани дүниелерін қажетті құндылықтармен сусындату арқылы оларды радикалданудан сақтауымыз қажет. Яғни, дер кезінде ақпараттандыру мәселесіне бей-жай қарамауымыз керек, - деді күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов. Ол облыстық дін істері басқармасының ұйытқы болуымен аталған бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
«Қазақстандағы Православие шіркеуінің Орал және Ақтөбе Епархиясы» аймақтық діни бірлестігінің игумені Сергей Капинос дінде шындықты іздеймін деп жүріп радикалдық бағытқа бой алдырып, адасушылардың дені жастар және сәтсіздікке жолыққан қилы тағдырдың иелері болып келетінін айтты. Ол адасушылардың радикалдану себептері мен сатылары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың баяндауынша, шаһар аумағында 24 діни бірлестік бар. Оның ішінде 3 сунниттік бағыттағы ислам, 11 православиелік бірлестік, 8 протестанттық бағыт, 1 католик шіркеуі, 1 буддалық бірлестік әрекет етеді. Олардың барлығы Орал қаласының әкімдігімен келіссөздер жүргізіп, бірлескен шаралар ұйымдастырып отырады. Рождество, Пасха, Крещение, Ораза, Құрбан айт секілді діни мерекелерге орай ұйымдастырылатын шараларға қала басшылығы да қатысады. Шаһарда теолог-мамандардан, оқытушылар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен және психологтардан құралған дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Қала әкімінің орынбасары өз баяндамасында аталмыш ақпараттық-түсіндіру тобының әр түрлі мазмұндағы жұмыс жоспарлары мен олардың жүзеге асырылу бағыттарына кеңірек тоқталды. Сондай-ақ осы бағыттағы іс-шаралардың Бәйтерек ауданында жүзеге асырылуы жайында аталмыш аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Залмұқанов баяндады.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құзырлы құрылымдарға жастардың санасын жат ағымның шырмауынан арашалайтын бағыттағы видеороликтер дайындауды, барлық мектептерде дінтанушы мұғалімдер мен психологтарға арналған семинарлар ұйымдастыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына осындай арнайы даярлықтан өткен білікті мамандарды тарту керектігі туралы тапсырмалар берді. Жастардың басым бөлігі интернетті пайдаланатынын ескеріп, әлеуметтік желілердегі ақпараттық-насихат жұмыстарының қарқынын күшейту және жалпы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын кеңейту қажеттігі туралы мәселелер айтылды.

Нұртас Набиоллаұлы,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале