2.12.2020, 10:58
Оқылды: 80

Елбасымен әр жүздесу – ескірмейтін естелік

Мен Елбасын алғаш рет облысымызда өткен «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» атты республикалық форумда көрген болатынмын. Бір жылдан соң, яғни 2016 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Рио олимпиадасына бара жатқан спортшыларды арнайы қабылдады.

6502C6F3-570C-4812-9F90-8D0B1BE42D7F

Кездесу барысында әрқайсымызбен сөйлесіп, қандай да бір көмек, қолдау қажет емес пе деп сұрады. Дүбірлі додада сәтті өнер көрсетуімізді тілеп, ақ батасын берді. Бұл олимпиадаға біздің спортшылар 26 спорт түрінен 100-ден аса жолдама алған еді. Алайда Елбасы жолдаманың саны емес, спортшылардың сапасы қажет екенін баса айтты. Ол: «Спорттық дода арқылы еліміздің атын әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік зор» деді. Сондықтан спортшылар өздерінің жүлдесі арқылы еліміздің беделін арттырып, абыройын асқақтататынын біледі. Сол үшін аянбай еңбектеніп, ел артқан сенімді ақтауға барын салады.

Олимпиададан оралған соң, Елбасы ХХХІ жазғы олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Барыс, Парасат және Құрмет ордендерімен марапаттады. Қола медаль иегерлеріне Құрмет ордені табысталды. Мен де әріптестеріммен бірге Елбасының қолынан осындай марапат алдым. Бұл мен үшін ұмытылмас сәт болды. Жүлделі спортшылардың болашақта биік белесті бағындыруларын  тілеп, ұлттық құраманың бапкерлеріне, олимпиадашылардың отбасыларына және барша қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Әрине, спортшылардың ерік-жігеріне шынайы ризашылығын білдірді. Рио де Жанейродағы жеңістер жастардың жігерін жанып, жаңа белеске жетелегенін, олардың спортқа деген ынта-ықыласын арттырғанын айтты. Ал бұл бағалау бізді, спортшыларды, қанаттандыра түсті.  

Нұрсұлтан Әбішұлымен өткен кездесулер менің жадымда ыстық естеліктермен жатталып қалды. Мен салтанатты кездесулер мен түрлі жарыстарда Отанымыздың бізге, спортшыларға деген махаббатын, қамқорлығын сезіндім. Елімізде спортшылардың жаттығып, әлемдік ареналарда өнер көрсетуіне барлық жағдай жасалған. Бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Кейбір елдермен салыстырып қарағанда, береке-бірлікте, тату-ынтымақта өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Елімізде тұрақтылық пен сыйластықтың салтанат құруына Елбасының қосқан үлесі зор деп білемін.

Биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырған Елбасымызға мықты денсаулық, бақыт, отбасы амандығын және барлық жақсылықты тілеймін. Тәуелсіз еліміздің аспаны ашық болып, қарыштап дами берсін. Спортшыларымыз отандастарына әрдайым жеңіс тұғырынан қол бұлғасын!

Екатерина Ларионова,

Рио олимпиадасының қола жүлдегері,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале