23.07.2020, 7:12
Оқылды: 1985

Ғали Есқалиев: «Оралда қатаң тәртіп жоқ!»

Өңірлік жедел штаб отырысында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке облыс әкімі Ғали Есқалиев дәл осылай ескерту жасады.

«Сауда үйлеріндегі жалға алушылардан көптеген арыз-шағым түсуде. Олар бас санитар барлық сауда орнындағы тәртіптің сақталуын әділ қадағаламайды деген уәж айтады. Кәсіпкерлермен кездескенде осы мәселені талқыладыңыз ба?», – деп сұрақ қойды облыс әкімі.
– «Квант» сауда үйі мен «Чунга-чанга» дүкеніне қатысты арыз-шағым бойынша мониторг тобы тексеріс жүргізіп, кәсіпкерлік нысан иелері түсініктемелерін берді. Қазіргі уақытта «Квант» сауда үйі жабық тұр. Жақында ұйымдастырылған кездесу барысында кәсіпкерлердің бірқатары заңбұзушылықтар жөнінде бейнематериалдар қолдарында бар екенін айтты. Олардың ішіндегі белсенділері мониторнг тобына қосылатын болды. Заңбұзушылықтар анықталса, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне материалдар жолдаймыз, – деді Абат Шыныбеков.
Өңірлік жедел штаб мүшелеріне слайд арқылы «Мирлан» орталық базар маңындағы қарбалас тірлік, «Kaspi Bank» бөлімшесі алдындағы ұзын-сонар кезекте тұрған адамдардың фотосуреттері көрсетілді.
– Мемлекеттік құрылымдар атынан ешкімге артықшылық көрсетілмейді. Санитарлық талапты ескермеген кәсіпкерлер де жауапкершілікке тартылуы тиіс. Тәртіп бәріне ортақ. Карантин режимі тамыздың 2-сіне дейін ұзартылды. Оның ерте аяқталуы әрқайсымызға байланысты. Тұрғындар неғұрлым тәртіп сақтаса, карантин шектеуі соғұрлым ерте аяқталады. Өкінішке қарай, қалада қатаң тәртіп жоқ. «Мирлан» орталығы айналасындағы рұқсат етілмеген жерде саудагерлер мен сатып алушылар қаптап жүр. «Kaspi Bank» бөлімшесі алдындағы кезекке кім жауапты? Осылай иін тірескен көпшілік ортасынан ауру жаппай таралады, – деді Ғали Есқалиев.

Қала әкімінің түсіндіруінше, орталық базар қасында таңғы сағат 5:00 мен 9:00 аралығында көтерме сауда ұйымдастырылуда. Күн сайын ол жерге 60-тан астам «Газель» көлігі келеді. Оның 40 пайызына қалаға көршілес аудандардан келетін шаруа қожалықтар тауары тиеледі. Қызу сауда нәтижесінде 200 тоннадай бау-бауқша өнімі таратылады. Жергілікті полиция қызметкерлерімен рейд жүргізіліп, санитарлық талапты сақтау түсіндірілуде. Әзірше алып жүк көліктері базар маңынан шығарылған. «Әбубәкір Кердері, Карев, Ахмиров көшелерінде стихиялы түрде болатын сауда тоқтамай тұр. Осы аумақ бойынша карантиндік шектеуді күшейтуді ұсынамын», – деді Абат Шыныбеков.

– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, екі күн ішінде қатаң тәртіп орнатуға қатысты ұсыныстарды әзірлеңіз. Қала орталығында осындай рұқсат етілмеген базар болмауы керек. Кәсіпкерлердің мүддесін де ескереміз. Бірақ мұндай тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Сауда орталықтарына нақты нұсқамалар берілмей жатыр. Санитарлық талапқа үгіттейтін билборд, баннерлер көрнекі жерге орналастырмаған. «Қоғамдық орынға маскасыз кірмеңіз!» деген ауызекі ескерту ғана бар. Түсіндіру жұмысы кеңінен жүргізілмей отыр, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале