19.07.2019, 11:29
Оқылды: 625

Ғұмар баба кесенесі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында былтыр ақын, ойшыл, философ, журналист жерлесіміз Ғұмар Қараштың кесенесі салынды.


 

gumar karash kesene (1)

Ғұмар Қараш (1875-1921) –  қазақтың  көрнекті  ақыны,  ағартушы-ойшыл, философ, «Алаш»  партиясын  қолдаған қоғам  және  дін  қайраткері. Оның  бейіті  атамекені Жәнібек ауданындағы Борсы елді  мекені, Қараш  көлінің маңында.

Бірнеше тілді жетік біліп, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзде қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгердің 1910-1918 жылдары Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала Тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға Тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сол кезеңде қазақтан осынша жинақ шығарған Ғ. Қараш қана. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жырларды жинап, жариялады.

Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте (қазіргі Жәнібек ауданында) Қырқұдық деген жерде дүниеге келген. Әкеден жастай жетім қалса да, ағайын-туыстар қамқорлығымен әуелі ауыл молласынан оқып, хат танып, сауат ашты. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал қаласында (қазір ауыл) Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, сол кісі ұстаған медресені бітірді. Бұдан соң 1902-1910 жылдары өзі туып, өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытып қана қоймай, елдің саяси-әлеуметтік өміріне белсе-не атсалысты. Ол, әсіресе,  Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Бақытжан Қаратаев сынды ұлт зиялыларымен бірге 1911-1913 жылдары әуелі Ордада, кейін Оралда «Қазақстан» газетін шығарып, Қазақстан атауын ресми қолданысқа тұңғыш енгізді. Ғұмар Қараш сегіз тіл білген ғұлама Ғ. Мұсағалиевпен бірге 1917 жылы қазіргі облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауы саналатын «Ұран» газетін де шығаруға атсалысты.

Ғұмар 1917 жылғы ақпан төңкерісіне және «Алаш» партиясына үмітпен қарады. Оның 1918 жылы «Тұрымтай» жинағында жарияланған «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», 1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқада» жарық көрген «Алаштың азаматтарына» деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылды. Ақын «Неден қорқам?» деген өлеңінде кеңестік дәуірдің қантөгіске толы  оқиғаларын алдын ала көрегендікпен сезе білсе, «Көреміз бе?» атты жырында Қазақстанның өз алдына ел болғанын көреміз бе деп, азаттықты аңсап кетті.

Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысып, делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жіберді. Ғұмар сол жылғы желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда мазмұнды баяндама жасады.

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы Ордадағы педтехникумда сабақ беріп, 1918 жылғы 24 қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің I съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің I, II, III, IV съездеріне делегат ретінде қатысты. Ғ. Қарашқа Ордада ұйымдастырылған, айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шыға-рушылар алқасын басқару жүктелді. Бұл тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы еді. Ғ. Қараш осы журналда «Педагогика» атты еңбегін  жариялады.

1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салып, «Дұрыстық жолы» газетін шығаруы, өзі туып, өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашылық артелін ұйымдастыруы Ғұмардың ел үшін еткен өлшеусіз еңбектерін таныта  түседі.

Ғ.  Қараштың 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайлануы, сол жолғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілуі азамат ақынға халықтың үлкен сенім артқандығын көрсетеді. Алайда ақын 1921 жылы 12 сәуірде ақтардың қолымен Құнаншапқан  деген  жерде  азаппен  өлтірілді.

Ғұмартанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұраттың айтуынша, Ғұмар Қараштың денесі нақты қай жерде жерленгені анықталмаған. Негізін зерттеуші-ғалым Мұстафа Ысмағұлов жасаған жазбаша деректерде (соның ішінде Қазақ кеңес энциклопедиясында да) «ақын зираты Жәнібек ауданының аумағындағы Құнаншапқанда» деп көрсетілген. Ғұмар Қараштың денесі Қазталов ауданы Қараоба ауылынан батысқа қарай отыз, Құнаншапқаннан он шақырым жердегі Қазталов ауданына қарасты Айдарлыға жерленген деген де сөздер бар. Тағы бір болжам – ақын денесінің кіндік қаны тамған Борсыдағы Қырқұдық мекеніндегі ескі қорымда жатқандығы туралы. 1980 жылдың жазында Қырқұдықтағы қорымда Ғұмарға және баласы, 21 жасында ақтар қолынан опат болған Абдулқадерге белгі қойылған. Оған қоса мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Мұстақым Ықсановтың (мұның себебі М. Ықсанов пен Ғ. Қараш Ноғайқазақтың бір тармағы Қоястың Оразақайынан тарайтын немере туыс болып келеді) әкесі Біләлдің, атасы Ықсанның да басы қарайтылған.

Кейін қайта жаңартылған Ғұмар Қараш бейіті бүгінгі таңда үлкен-кіші бірдей тағзым ететін қасиетті орынға айналды. Сондай-ақ Ғ. Қараш есімі Орал қаласы мен Жәнібек ауылындағы көшелерге, Қазталов ауданындағы Қараоба мектеп-гимназиясына берілген. Жәнібекте  мүсіні  орнатылған.

Омар  ОРАЛ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале