12.07.2018, 13:15
Оқылды: 229

Қабыршақты: сын мен шын

«Қабыршақты көң-қоқыс пен өлексеге тола бере ме?» атты мақала аталған ауылға біраз оң өзгеріс әкелді. Атап өтсек, бұл ауылдағы дауға айналған мал қорымы қоршалды. Қорымды жаңадан салуға аудандық бюджеттен 2,5 млн. теңге бөлінді. Ауылда тазалық сенбіліктері өткізіліп, 828 тонна (!) көң-қоқыс шығарылған. Оған қоса тозығы жеткен Лениннің ескерткіші бұзылды. Тексеріс жүргізіліп, мақалада көрсетілген жағдайларға жол берген лауазымды тұлғалардың кейбірі қызметінен кетті, кейбіріне көлемді айыппұл салынды. Енді жағдайды толығырақ баяндасақ...


Маусым айында «Жайық Пресс» ақпарат орталығына Ақжайық ауданының Қабыршақты (Первомай) ауылының тұрғыны Нұрзина Қабиевадан аталған ауылдағы санитариялық жағдай көрсетілген бейнежазба келіп, тілшілер шұғыл жолға шықтық.

Біз анықтаған деректер негізінде 12 маусым күні zhaikpress.kz сайтында мен «Орал өңірі» газетінде «Қабыршақты көң-қоқыс пен өлексеге тола бере ме?» және орыс тілінде «Приуралье» газетінде «Қабыршақты – антисанитарный рай» атты мақалалар жарияланып, «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде бейнежазбамен бірге тарап, оқырманның талқысына түсті.

Үйлердің арасындағы тау-төбе боп үйілген көң-қоқыс, қиранды үйлердің шошайған қабырғалары, аяқ аттасаң кездесетін сүйек-саяқ, жүн-жұрқаны, ауыл ішінде де, сыртында да өлексе шашылып жатқанын жаздық. Ауыл халқы да, мал да Көшімнен су ішіп отырғанын, ал су жағасы баланың памперсіне (жаялық) толғанын, тіпті мұнда да өлімтік барын баяндадық. Мал қорымы қоршалмай, өлекселердің мал өрісінде жатқанын нақты деректермен келтіріп, ауыл тұрғындарының да, әкімі мен ветеринар мамандарының да пікірін жариялап едік. Бұл ауылдың екі рет карантинге жабылғанын, тұрғындарының бруцеллез дертіне шалдығу дерегі кездескенін келтіріп, санитария қызметтері дабыл көтерсе болғандай жағдайды суреттедік.

Бұл мақала қоғамға қозғау салды. Алғашқы күндердің өзінде мақаланы Facebook желісіндегі ресми парақшамыздан 100-ден аса оқырман бөлісіп, сайтымыздан 10 мыңға жуық ғаламтор пайдаланушы оқыды.

Ақжайық ауданынан шұғыл шаралар қолға алына бастағаны жайлы хабар жетті. Бірнеше күн бұрын редакциямызға Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов мақалада баяндалған жағдай бойынша атқарылған жұмыстарды ресми хабарлап, хат жолдады. Әкімнің хатында нақты қолданылған шаралар бөлек-бөлек анық көрсетілген.

Біріншіден, Қабыршақты ауылындағы үйлердің арасында үйілген көң-қоқыс, сүйек-саяқ, жүн-жұрқаның шашылуы және ауыл іргесінде орналасқан Көшім өзенінің тазалығы бойынша мынадай шаралар алынған:

Қабыршақты ауылында ауыл активімен 2 рет жиналыс өткізіліп, жиналыс барысында ауыл ішінің тазалығы, ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25-бабының талаптарына сай  мал иесі мал кенеттен өлген жағдайда, ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайларда  ветеринария саласындағы мамандарға шұғыл хабарлау, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдану тиістігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қабыршақты ауылы бойынша 2 мәрте санитариялық тазалық сенбілік ұйымдастырылып, Көшім өзенінің жағасы, ауыл көшелері толық тазалаудан өтті. Осындай сенбіліктер алдағы уақытта да жүргізілетін болады. Ауыл ішінде өсіп тұрған ағаштардың түптерін қопсыту және әрлеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың қысқы қөң-қоқыстарын шаруа қожалықтарының техникаларымен (3 трактор) ақылы түрде шығару жұмыстары жүргізілуде. Күні-бүгінге барлығы 828 тонна көң-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Ауыл активінің және ақсақалдар кеңесінің келісімімен тозығы жеткен Лениннің ескерткіші алынды.

Мал қорымының бұрынғы жағдайы

Екіншіден, Қабыршақты ауылының мал моласының жағдайы және айналасында өлімтіктердің шашылып жатуы, тазалық жағдайы бойынша атқарылған іс былай деп көрсетілген:

Мал моласының айналасы жиналып, қазіргі уақытта жаңа бейімделген шұңқыр қазылып, жергілікті құрылыс материалымен шұңқырдың беті жабылып, профлист қаңылтырымен айналасы қоршалып, қақпа орнатылды. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 2 500 000 теңге көлемінде қаражат бөлініп, Қабыршақты ауылында жаңадан мал моласының құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Үшіншіден, мақалада көрсетілген жағдайларға жол берген лауазымды тұлғаларға мынадай шаралар алынған:

Қабыршақты ауылдық округінің әкімі С.Бимағанбетов жұмыстан босату туралы өз еркімен жазған өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылды. Ақжайық ауданының ветеринария бөлімінің басшысы М.З.Нуралиевке аудан әкімінің 2018 жылғы 18 маусымдағы №68 өкімімен атақартын лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолданылды. Ақжайық аудандық ветеринариялық станциясының  директоры уақытша міндетін атқарушы Қ.Б.Курмановқа Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және Қадағалау комитетінің Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының тексерісі қорытындысымен 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Қабыршақты ауылдық округі ветеринариялық пункт меңгерушісі Г.Шутеева жұмыстан босату туралы өз еркімен жазған өтініші негізінде атқаратын қызметінен босатылды. Ақжайық аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Ж.Б.Сдыковаға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және Қадағалау комитетінің Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының тексерісі қорытындысымен «ескерту» түріндегі әкімшілік хаттама толтырылды.

Мал қорымының қазіргі көрінісі

Төртіншіден, мақалада өрбіген Қабыршақты ауылының тұрғыны зейнеткер Әсия Аймурзинаның малдарының бруцеллезге шалдығуы бойынша мынадай жауап келді:

2016 жылы Қабыршақты ауылында бруцеллез ауруының қой-ешкі малдары арасында көп таралуына байланысты, сауықтыру жұмыстары жүргізілген болатын. Сауықтыру жұмыстары аясында Әсия Аймурзинаның қойларынан қан алынып, ветеринариялық зертхананың SO -16-1-01(08)–01394-А-С, SO–16-L-01108-01395-А-С сараптама актісі негізінде 2 бас қой малы бруцеллезге оң нәтиже берген. Ақжайық ауданы ветеринария бөлімінің бас маманы 2016 жылғы 13 мамырда №53 санды нұсқаманы мал иесі Әсия Аймурзинаның жолдасы С.Хайруллинге табыстаған. Мал иесі ветеринариялық-санитариялық қағида талаптарына сай 15 күн ішінде ет комбинатына тапсыруы тиіс еді. Алайда мал иесі бруцеллезге шалдыққан малдарын өз қажеттіліктеріне сойып алған.  Осыған байланысты, әкімшілік іс қозғау үшін тиісті құжаттар жинақталып, аудандық ветеринариялық инспекцияға ұсынылды. Аталған мал иесінің іс-әрекеті ветеринариялық-санитариялық қағида талаптарына сай дұрыс-бұрыстығы сот отырысында қаралып,оған әкімшілік айыппұл салынды. 2016 жылы сауықтыру жұмыстарын жүргізу барысында төлдерге арналған сырға кешіктіріліп жеткізілуіне байланысты, төлден қан алу жұмыстары кестеден қалыс жүргізілді. Жалпы Қабыршақты ауылында 2016 жылы жүргізілген сауықтыру жұмыстарының нәтижесінде 161 бас қой-ешкі оң нәтиже беріп, ет комбинатына тапсырылды. Бруцеллезге шалдыққан малдың иелеріне тиісті өтемақы төленді. 2017 жылы қой-ешкі малдары арасында бруцеллез ауруы тіркелген жоқ. 2018 жылдың 6 айында ауылдық округ бойынша 4 бас қой малынан бруцеллез ауруы анықталып, ет комбинатына тапсырылды.

Бруцеллез ауруының адамдарға жұғуының негізгі көзі саналатын қой-ешкі малы арасында бруцеллез ауруының алдын-алу мақсатында аудан бойынша 2016 жылы 8 елді мекенде сауықтыру жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде 2017 жылдың 6 айында бруцеллезге 474 бас қой-ешкі малы шалдыққан болса, 2018 жылдың 6 айында 143 бас қой-ешкі шалдығып 3 есеге азайып отыр. Бруцеллез созылмалы өтетін аурулардың қатарына жататындықтан, оны тез арада жойып жіберу қиындық туғызуда. Алайда осы аурудың алдын алу бойынша жұмыстар тиісті нәтижеге қол жеткізілгенге дейін жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Аудан әкімі Ә.Жоламанов хатта: «Ауылдың тазалығы көппен бітетін іс. Тазалықты ауыл тұрғындары жаппай қолға алмай белгілі бір нәтижеге жету мүмкін емес. Сондықтан осы мәселе бойынша ауыл тұрғындарына жүйелі түрде түсінік жұмыстарын жүргізу жалғасатын болады» дейді.

Иә, бұл біржақты қарайтын жағдай емес, сан қырлы мәселе болатын. Жергілікті атқарушы билік пен ауыл халқы бірігіп жұмыстанса, мәселе осынша ушықпас па еді? Қалай айтсақ та, бір мақаланың аядай ғана ауылға осыншама оң өзгеріс әкеледі деп күтпеген едім. Бұл ретте Ақжайық ауданы әкімдігінің мәселені қатаң қадағалауға алып, нақты шаралар қолданғанын айта кеткен орынды.

-«Жайық Пресстің» журналистерінен көмек сұрағаннан кейін бізді алаңдатқан мәселелер шешімін тапты. Көшелеріміз бен Көшім жағасы тазарды, мал қорымы қоршалды. Сенбіліктер бұдан әрі де жалғасатын болады. Енді ауыл тұрғындары да, жергілікті атқарушы органдар да туған өлкеміздің мәселелеріне ерекше көңіл бөлетін болады деп сенемін, - дейді Қабыршақтының мәселесін бізге хабарлаған ауыл тұрғыны Нұрзина апай.

Ал, оқырманға «Жайық Пресстің» +7 707 808 48 55 нөмірінде WhatsApp-та тікелей желісі мен барлық әлеуметтік желілердегі парақшалары жұмыс жасап тұрғанын, мәселелеріңізді жолдауға болатынын еске саламыз.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале