19.02.2019, 17:33
Оқылды: 35

Қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен ақша көп балалы аналарға берілді

Өңірімізде Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстың білім беру мекемелері мен мектептен тыс жұмыс орталықтарының басшыларына арналған үш күндік оқыту семинары  ұйымдастырылған болатын.

bilim (1)

Семинардың алғашқы күні «Ақ Жайық – мейірім мекені» қайырымдылық жәрмеңке концертімен қорытындыланды. Мектеп үйірмелері мен мектептен тыс жұмыс орталықтары қатысушыларының қолдарынан шыққан туындылар саттыққа шығарылып, сауда нәтижесінде түскен қаражат көмекке мұқтаж отбасыларға бағытталды. Бармақтарынан бал тамған жас шеберлердің қолөнер туындыларын, сурет галереясындағы түрлі картиналарды қызыға сатып алған білім ошақтарының басшылары Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымы мен жас өнерпаздардың өнерлерін тамашалады. Жан дүниемізге шуақ сыйлаған шара барысында Жаңылсын Хасанова, Еркін Өтегенов, Айбар Қайырханов күміс көмей, жез таңдай әншілер, сондай-ақ Орал қаласындағы мектептер мен мектептен тыс жұмыс орталықтарының болашағынан зор үміт күттіретін жас өнерпаздары көрерменге керемет көңіл күй сыйлады.

Кеш қорытындысында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова қайырымдылық шарасына атсалысып, өзіндік үлестерін қосқан барша әріптесіне, облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық филармонияның өнерпаздарына алғыс білдіріп, билет пен қолөнер туындыларын сатудан түскен 560 мың теңгені көмекке мұқтаж отбасылардың отаналары – жеті баланың анасы Ләззат Өтепқалиева мен алты баланың анасы Бақытгүл Шәкіроваға 280 мың теңгеден тең бөліп табыс етті. Жаны жомарт ұстаздар мен өнерпаздар қауымына риза болған көп балалы аналар шараға атсалысып, жанашырлық танытқан барша жанға алғыс айтып, ақжарма тілектерін ақтарды.

bilim (2) bilim (3) bilim (4) bilim (5) bilim (6) bilim (8)

Аяужан Кереева,

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале