6.06.2019, 22:06
Оқылды: 25

Қалалық автобустарда онлайн билет қолма-қол есептесуден арзандау болады

«AQJAIYQ» арнасының тікелей эфирінде өткен «Әкім сағаты» бағдарламасында оралдықтар облыс әкімі Алтай Көлгіновке қоғамдық көлікке қатысты сұрақтар қойды.

495cd34d-d33a-4137-8593-25f70acfc404

-Тұрғындарды ең жиі мазалайтын он сауал болса, соның бірі осы қоғамдық көлік мәселесі. Облыс орталығында 500-дей автобус күн сайын маршруттық бағыттар бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Көпшілігі ескіріп келеді. Ішінің тазалығы, кондукторлар мен жүргізушілердің тәртібі, жолаушыға билет беру көпті алаңдататын мәселе. Еліміздің бас қалаларының қоғамдық көліктерге электронды билет енгізу тәжірибесін көріп отырмыз. Бұл бағытта бізде де пилоттық жобалар бар, бірақ барлық маршрутта емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Қолма-қол ақша төлеуден гөрі онлайн есептесуді арзандау қылып ынталандыруды ойластырамыз.

Қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын автобустар субсидияланады. Әйтпесе тасымалдаушы компанияларға тиімді емес. Жүргізуші жалақысы, жанармай мен қосалқы бөлшек шығынын толық өтемейді. Сол себепті субсидиялауды жалғастыра береміз.

avtobus-4

Автобустар жаңартылады. Биыл тасымалдаушы компаниялар 50 автобусты өз қаржыларына жаңартты. Маршруттардағы «Газель» көлігін азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Былтыр мұндай 130 көлік болса, қазір 50-і қалды. Себебі бұлар таңғы және кешкі қарбалас сәтте тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Сондықтан олар кең көліктермен алмастырылады. Бұл тасымалдаушы компанияларға, яғни кәсіпкерлер мен орта бизнес өкілдеріне де пайдалы.  Олар да пайда табу керек, бірақ тұрғындар ақша төлегесін қызмет көрсету талапқа сай болуы тиіс. Өткен жылдары жолақы 60 теңгеден 80 теңгеге өскенде тасымалдаушы коммпаниялар сапаны жақсартуға уәде берген. Жақсарып келеді, әлі де түзелу керек.

«Қарашығанақ» компаниясы акционерлерінен қалалық маршруттарға 100 жаңа автобус шығаруға демеушілік етуге келісім бар. Басты акционерлер «Shell» және «Eni» компанияларымен алдын ала келісімдер жүргізілді. Егер 100 жаңа автобус шықса, тұрғындарға сапалы қызмет сезілетін болады. Автобустар басқа елден әкелінбейді. Семей мен Қостанайда құрастырылған автобустарды алып, отандық өнімді қолдаймыз.

Қолма-қол ақшасыз төлеуге көшсек, ашықтық болып, жолаушылардың легін анық көрер едік. Сонда қай бағыттарды субсидиялау керектігі де шығар еді. Әйтпесе қазір қанша рейд жүргізсек те жолаушылар саны әртүрлі көрінеді. Тасымалдаушы компаниялардың ішінде жолаушылар билетіндегі ақша айналымын толық көрсеткісі келмейтіндері де бар. Тасымалдаушының шығындары да бар. Жүргізушілер мен кондукторлар неге жиі ауысады? Олардың жалақысы қандай? Бізге ашықтық керек. Бұл бағытта алда кешенді жұмыстар атқарылады,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов тікелей эфирде.

Нұрлыбек Рахманов,

Сурет: Александр Куприенко

zhaikpress.kz

728e0463-638e-4d5a-8a9c-556f6bf329af

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале