14.03.2019, 9:28
Оқылды: 163

Көрісу – Наурыз тойдың бастауы

Кең байтақ еліміздің батыс аймағы үшін 14 наурыз – айрықша мереке, көрісу күні. Бүгінде осы бір игі дәстүр қанатын кеңге жайып келеді.

korisu

Қалың бұқараны адамгершілікке, бауырмалдыққа баулитын бұл мерекені тұтас еліміз болып атап өту қажеттігі туралы бастамалар республикалық деңгейдегі БАҚ арқылы дүркін-дүркін көтеріліп келеді.

Маңғыстаулық ағайындар бұл күнді «Амал мерекесі» деген атаумен жылма-жыл Отпан тауда қарсылап, елдіктің, береке-бірліктің жоғары үлгісін көрсетіп жүр. Оған шет жердегі қазақтар да жиылып, мейрамның бәсін халықаралық деңгейге дейін көтеріп келеді. Амал немесе хамал – тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының бірінші жұлдызы болып есептеледі. Яғни, амал кірді дегеніміз наурыз айы туды деген мағынаны береді.

Тарихқа көз жіберсек, бұл мерекенің ерте замандарда да еліміздің барлық аймағында тойланғанын аңғару қиын емес. Оған Шәкәрім қажының ұлы Ахаттың, Мәшһүр Жүсіптің жазбалары айқын дәлел бола алады. Шәкәрімұлы Ахаттың «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді» деп басталатын жазбасы сақталған болса, Мәшһүр Жүсіп Наурыздама тойының асқан салтанатпен ұдайынан сегіз күн тойланғанын, Бұхарай-Шәрифте өткен осындай тойға өзінің куә болғанын жазады. Мәшекеңнің жазуынша, сегізінші күн дегенде көпшілік жиылып, әулие басына барады. Ондағы суға қант қосып, қант татыған суды жұрт жабыла ішіп, той тарқар жасайды. Тәтті суды ішу ырымын халықтың ауызбіршілігінің ажырамауына, іргесінің сөгілмеуіне балаған. Осы тұста «наурыздама неліктен сегіз күн тойланды?» деген заңды сауал туындайды.

Алаш қайраткерлері «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыз күні шыққан санында «Білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз» деп жазады. Ал осыдан тура бір жыл өткеннен кейін, аталмыш басылымның 1914 жылғы 9 наурыздағы санында «Наурыз құтты болсын!» атты мақала жариялайды. Онда «9 март күнін «жаңа күн» деп атаудың мәнісі не? Оның мәнісі мынау: 9 мартта түн мен күн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды», – дей келіп, мақаланы «Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!» деп түйіндейді. Ескі санаттағы 9 наурыз – жаңа санатпен 22 наурызға сәйкес келеді. Яғни, Мәшһүр Жүсіп заманындағы ескі күнтізбе бойынша, «Қазақ» газетінде жазылғандай, наурыздың 8-інен 9-на қарағанда күн мен түн теңелетін.

Осыдан-ақ ерте кезде наурыз айы туған бойда наурыздама тойының басталғаны және оның сегіз күнге созылуының мәнісі айқындалып шыға келеді. Біздің 14 наурыз күнгі көрісу мерекеміз – бұрынғы есеп бойынша наурыз айының тууы, содан күн мен түн теңелгенге дейін сегіз күнге созылатын
наурыз тойдың бастауы деген нақты ұйғарымға келеміз. Яғни, ертедегідей наурыз тойды 14 наурызда бастасақ, ұдайынан сегіз күн тойлағанда 22 наурызға
жетеміз екен. Ендеше, наурыз құтты болсын, ағайын!

Нұртас Сафуллин,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале