14.06.2019, 12:35
Оқылды: 75

ҚР Әділет министрінің есебі тыңдалды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығында» Әділет министрі Марат Бекетаевтың өңірлермен  бейнеконференциялық байланыс арқылы халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Кездесу барысында Министр өткен жылы атқарған қызметі туралы толық ақпарат берді.

Minister

Облыс әкімдігі ғимаратының «Ақжайық» залында аталмыш министрлікке қарасты құзырлы мекеме өкілдері әділет органдарының өткен жылы атқарған жұмыстарын тікелей байланыс арқылы тыңдап, жаңашылдықтары мен жоспарлардан хабардар болды.

 М.Бекетаевтың сөзінше, қазіргі уақытта Министрлік үш заң жобасы бойынша жұмысты жалғастыруда. Олармен көзделген өзгерістер: әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін санкцияларды жеңілдетуге, соттар мен мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктерді бөлуге, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жүргізулерді электронды форматқа ауыстыруға, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша сот төрелігін жөнелтуді жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ, Министрлік нормативтік құқықтық актілерді тіркеуді толығымен электронды форматқа ауыстырды. Оны тіркеу мерзімі 15 жұмыс күнінен 5 күнге қысқартылды.

Өткен жылы Министрлік заң қызметі саласында реформа жүргізді. Аталған реформа аясында қабылданған шаралар заң қауымдастығында бәсекелес ортаны құруға және адвокаттар санын көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген Pro bonо жүйесі арқасында әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар тегін заң көмегін алуда.

«Нотариат туралы» Заңына да өзгерістер енгізілді. Берешекті өндіріп алу бойынша даусыз талаптар нотариустарға берілді.

Сонымен қатар Министрлік сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған барлық шараларды қабылдауда. Атқарушылық іс жүргізу тараптары атқару іс-әрекеттері туралы СМС арқылы хабарланатын болады.  Осы жылы Ақмола облысында пилоттық режимде жеке сот орындаушыларының рейтингі енгізілді. Енді өндіріп алушылар рейтингпен танысып, сот орындаушыларды таңдай алады.

Сот сараптама қызметін жақсарту мақастында, материалдық-техникалық базаны нығайтуға бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Ал кәсіби деңгейді жоғарылату мақсатында 232 қызметкер біліктілікті арттыру курстарын өтті және 25 қызметкер резидентурада оқуда. 28 сот сарапшысы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберілді.

Сот сараптама қызметін автоматтандыру бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. «Е-сараптама» ақпараттық жүйесі әзірленді. Оны «Төрелік» және «Е-қылмыстық іс» ақпараттық жүйелерімен біріктіру мәселелері пысықталуда.

Министр баяндамасын қорытындылай келе, 2003 – 2018 жылдар аралығында 18 млрд АҚШ доллары сомасына мемлекет мүддесі қорғалғанын, сонымен қатар Bank of New York Mellon банкіндегі Ұлттық Банк шотына 21,5 млрд. АҚШ доллары сомасына салынған заңсыз тыйым алынғанын айтып өтті. Келтірілген залалды өтеу жұмыстары жүргізілуде.

Баяндамадан кейін Марат Бекетаев залда отырған азаматтардан, ведомствоның поштасына өңірлердегі тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале