15.11.2019, 16:05
Оқылды: 176

«Мүмкіндігі бар мектептерде қосымша сыныптар ашылады»

Жуырда Орал қаласындағы 16 мектепте бір сыныпта 25-тен астам бала оқитыны анықталған еді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімінің орынбарасы Бақытжан Нарымбетов пен қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Батиқа Пайдина осы мәселе жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.

 brifing

- Оралда 51 мектепте 54 мыңға жуық оқушы білім алуда. Оның ішінде 7 мектеп бір ауысыммен, 5 мектеп үш ауысыммен, қалған мектептер екі ауысыммен жұмыс жасайды. Қаладағы әр шағынауданда мектеп бар. Олардың сыйымдылығы әр түрлі. Қаладағы мектептер 600-ден 1200 орынға дейін арналған. Мысалы бір шағынауданда 1200 орындық мектеп болса, сол жердегі мектеп жасындағы бала саны 3000-ға жетеді. Ал мектеп барлық баланы қабылдауы тиіс,- деді Батиқа Пайдина.

Батима Шакумқызының айтуынша, бір сыныпта 32 оқушыға дейін оқитын 16 мектеп бар.

- Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 38 мектепті ерекше тәртіппен тексеріп, 16 мектепте сынып тығыздығына байланысты бұзушылық анықтады. Бірақ бала саны жетіспейтін мектептер де бар. Соңғы жылдары Зачаганск, Сарытау шағынауданында халық көп қоныстанып, оқушылар саны көбейген. Бір ғана Зачаганск ауданында 50 мыңнан астам адам тұрады. Сол себепті мектептер үш ауысымда оқытуға көшкен. Мысалы № 10, 18, 20, 47, эстетикалық бағыттағы гимназияда оқушылар үш ауысыммен оқиды. Қазрі 900 орындық №51 мектептің құрылысы жүруде. Мұнымен қоса, 900 орындық №52 мектептің жобалық-сметалық құжаты дайын. Бірақ құрылысын бастауға әзірге қаражат бөлінген жоқ.

Сынып тығыздығы негізінен бастауыш сыныптарда. Мектеп директорларымен кездесіп, бұл мәселенің шешу жолдарын қарастырдық. Келесі жылдан бастап ата-аналармен сөйлесіп, баланы басқа мектепке ауыстыру бойынша жұмыстанамыз. Мүмкіндігі бар мектептерде қосымша сыныптар ашылады. Тағы бір айта кетерлігі, бірде-бір мектеп директорына әкімшілік айыппұл салынған жоқ, -деді Бақытжан Хаберұлы.

Айта кетейік, кеше облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ринат Құбатаев қатысуымен журналистерге брифинг өткен еді. Оның сөзінше, аталған факті бойынша директорларға айыппұл салынбаса да, бұзушылықтарды 6 ай мерзімде жою туралы ұйғарымдар берілген. Берілген нұсқаулардың орындалуын бақылау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізілмек.

Динара Насыр

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале