17.05.2017, 10:24
Оқылды: 2012

Мұнайдар Балмолда: «Махаббат бер маған, тағдыр» әнін әлем тыңдағанда, ана тілім үшін қуандым»

- Мұнайдар аға, әніңізді Димаш Құдайберген миллиардтаған жұртшылық алдында орындағанда өзіңіз қандай сезімде болдыңыз?

 - Өзге елде, құрлықта, әлемнің түкпір-түкпірінде тыңдаушы табылғанда, жазған сөзімді таңдайына бұлбұл ұялаған қазақтың Димашы шырқағанда, қанат біткендей бөлек сезімде болдым. Ең бастысы, ана тілім үшін қуандым. Жеке мүддеден гөрі ұлттық мақтаныш сезімі кернейді.

Талғарлық композитор Айгүл Бажановамен әлеуметтік желі арқылы ән, өлең жайында сөйлесіп, бірге жұмыстанайық деп шештік. Мен ол кісіге сөз жібердім, алайда ән тумады. Ол кісінің маған дайын әуен жіберуін сұрадым. Композитор құп көрді. Өлең туса, ішінде "Махаббат бер маған, тағдыр" деген сөз болсыншы деген өзінің жүрекжарды өтінішін де айтты. Мен өзімше үйде отырып алып әнді тыңдап-тыңдап, бойыма, ойыма сіңіргенше дел-сал жүрдім. Сөз жаздым, ол сөздерімді композитор ұнатпады. Қайтып жаздым, тек қайырмасы мен алғашқы шумағын қабылдап, тағы талап қойды. Мен іздендім, толғандым. Содан дайын ән бір жылдай жатты. Меруерт деген әншіге берілетін болды. Онымен реті келмеді. Айгүл әнді Қанат Айтбаевқа ұсынады. Сөйтіп, бұл әннің бағы жанды. Әннің орындаушысы кім болатынын Айгүл де, мен де білген жоқпыз. Негізі ол 2 шумақ, бір қайырмамен жазылған ән еді. Содан Димаштар үшінші шумақты қалап, маған хабарласты. Гала концертке бір-екі күн қалғанда үшінші шумақ асығыстау жазылды. Бір-екі қайталанатын сөзі бар, соған көңілім біртүрлі болады. Жетілдіруге болар еді деп ойлайсың. Бірақ ол мағынасына көлеңкесін түсіріп тұрған жоқ. Шүкір, сәтті шықты.

Айгүл әнді Алла тағалаға айтқан дұғам сияқты дейтін. Қатты күйзеліп жүргенде жазылған ән екен. Мен де сол кісінің сезіміне берілдім. Ақын мен сазгердің сезімдері ұқсайды.

Қазір мүлде танымайтын жандардан хат жиі келеді. Жастар жағы жылап тұрған көзінің фотосуретін де жібереді. Жуырда Санкт-Петербургтен хат жазған қыз бала «ән менің әнұраныма айналды» дейді. Мұның барлығы - ұлттық мақтанышымыз. Димаш та ұлттың уызына жарып өскен перзент қой. Неге десеңіз, жүрген жерінде ешкімнің мәжбүрлеуінсіз ана тілінде сөйлеседі, әзілдейді. Оған жастар еріксіз еліктейді. Димаш осылайша ана тілін насихаттап жүр. Ол французша, қытайша ән айта алады. Бірақ ана тілін бірінші орынға қойып тұр. Димаш баламызға кезінде сын айтылды. Пышақты қайрамасаң өтпейтіні секілді оның барлығы керек. Әнші содан қанаттанып, көкке, биікке  ұшты. Сынайтын адамдар табылғаны да жақсы.

- «Махаббат бер маған, тағдыр» арқылы не айтқыңыз келді?

- Бұл ән арқылы мен де өзімнің бір ішкі сезімімді жеткізгім келді. Жаңа Айгүл айтқандай, менің де Тәңірге айтар сөзім осы әнге сыйып кеткендей... Әнде «Махаббат бер маған, тағдыр. Ешкімде, ешқашан, ешкез болмаған» деген сөз бар. Тағдыр - адамның пешенесіне жазылған жазмыш. Сол жазмышта тазалықты аңсайсың. Ол бәлкім біздің ұлттың басындағы бақыт құсының баянды болуы, ана тіліміздің таза болуы. Сол талпыныстар астасып жатыр. Соны айтқым келді. Димаш жеткізе білді деп ойлаймын.

- Бұл ән қазақ тыңдарманының талғамына әсер еткен сияқты...

- Әрине, соңғы кездегі жылауық, жеңіл, той әндерін тыңдап қалған тыңдарман таудың самалымен демалғандай болды. Бұндай әндерге көпшілік мән бермей жүрді. Мен Димашты да, әкесін де, айналасын да танымаймын. Бір қызығы, Айгүлді де көрмедім. Бізді Алланың өзі бір арнаға тоғыстырып тұр. Таза өнер. Бұл халықтың игі тілегі деп ойлаймын. Мен тек себепшімін. Композиторға әннің жұп болғаны жақсы ғой деймін (күлді). Осындай өнерге талпынуға болатынын іні-қарындастарыма дәлелдегім келеді. Ол маған мақтаныш емес, жақсылыққа деген талпыныс. Өзім Мөлдір Әуелбековаға ән жазғым келеді. Дауысының диапазонын білемін. Бірақ менде байланысатын мүмкіндік жоқ. Әзірге Жанар Дұғаловамен хабарласып жүрмін.

 - Әнге қашаннан сөз жазасыз?

- Ақындар өлең жазады. Соған ән қалай туады екен деп ойлаушы ем. Әнге өлең жазу мүлде бөлек дүние. Мұқағалилардың өлеңдерінде өзінің әні жасырынып жатады екен. Соны композитор тауып алады. Кез келген өлең ән бола алады. Оны әуеннің тілін ұққасын түсіндім. Бастысы - сөз дұрыс болса екен деймін. Маған whatsapp арқылы осындай әуен бар еді деп хабарласып жатады. Олардың кім екенін де білмеймін. Ең болмаса, шыққан аудиосын жіберіңдер деймін (күлді). Негізгі барымды прозаға, зерттеуге арнағым келеді. Ал әнге сөз жазу демалыс іспетті.

- Қай туындыңызды сәтті шыққан деп санайсыз?

- Өмірімдегі сәті түскен кезеңдер 17 санымен байланысты екен. 2017 жылы жарық көрген «Махаббат бер маған, тағдыр», Тамара Асардың «Мен саған жетемін», «Жігіттер» тобының «Жарығым» әнін айтар едім.

- Қай композиторлармен байланыстасыз?

- Ербол Ақбасов, Еркін Нұрымбетов сияқты жергілікті композиторлармен жұмыс істейміз. Балаларға арналған әндерімнің авторы – Астанада тұратын жерлесіміз Думан Байтілеуов. Бізде балалар әні аз. Тіпті Отан туралы әнде де баланың психологиясы ескеріліп, балаға тән тәтті сөздер арқылы жетуі керек. Әйтпесе, олар ересектердің әнін орындап жүр.

- Кеше ғана фейсбуктегі парақшаңызда «Жайықтың жампоздары» толғауының 5 шумағын жазыпсыз...

- Екі-үш жылдан бері ойымда жүрген нәрсе еді. Толғау Асан Қайғыдан бастап Алаш зиялылары, одан бері Қадырлармен жалғасты. Марғасқа жыраудан аз дүние қалған. Соларды біз айтпасақ, кім айтады? Бәрін тізбектеу мүмкін емес. Алайда бір тұлғаның артында өзгелер тұрады. Мәселен, толғауға Мәншүкті қосқанда, қанша батырларымыз еске түседі. Терме 39 шумақтан тұрады. Әлі орындаушысын таппады. Терме бағытында да жұмыстанып жүрмін. Бұдан бұрын 2 терме жаздым. Сәтті шықты. Армат Исламғалиев, Фархат Оразовтар республикалық бәйгеден жүлделі қайтты.

- Бар уақытымды прозаға арнағым келеді дедіңіз. Қазір не жазудасыз?

- Небәрі 14 жасында өзінің көзқарасын өзгерткен, маңайына 14 жігітті жинаған жалпақталдық Ғұбайдола Әнесов жайлы «14» деген романды аяқтадым. Амангелді Шахин ағамыз журналистік зерттеу жазды, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев зерттеді. «Дана.kaz»  журналының тұтас бір нөмірі осы тақырыпқа арналды. Өзім де кезінде фильм жасадым. Романды жазып бастаған 13 беттік қолжазбамды жоғалтып алдым. Содан бата алмадым. Биыл қолға алып, екі айдың ішінде жазып шықтым. 300 беттей. Жаңабек бауырымызға алғысөз жазуға бердім. Қазір не дер екен деп, пышақтың жүзінде жүрген адам сияқтымын (күлді). Тарихты әдеби бағытта тірілту қиындау. Мәселен, ғылыми еңбекте «14 жігітті ұстап алды да, қамады. Оларға қиын болды» делінеді, болды. Оны әңгімелеу қиынның қиыны. Сол мезетті тірілту керексің, бірақ көрген жоқсың. Менің кейіпкерім Ғұбайдолла Әнесов аудан, Оралдан басқа жерді көрмеді. Алайда ол болашақты болжады. Өлерінің алдында қазақ халқының тәуелсіз болатынына сенемін дейді.

Романнан бір сюжетті айтып берейін. Ғұбайдоллаларды ат шанамен ұстап 9 күнде жеткізген екен. Оның ішінде таңы, түсі, кеші бар. Жолдағы азап... Содан келе жатқанда Ғұбайдолла «Жігіттер, қараңдаршы. Круглоозерное, Бударин... осы атаулар өзгермей болмайды» дейді. Әлі күнге өзгермеді. Сол нәрсені олардың аузына салдым, себебі олар солай айтуы мүмкін. Абай жолын жазғанда, Әуезов те сезіну арқылы жазды. Мен романды жазарда Жалпақталға бардым. Шанада отырдым. Өзіңді солардың орнына қоясың. Шығарма сонда жанданады. Мамырдың аяғында аз данамен болса да жарыққа шықса екен деймін. Жарық көрмей жатқан дүнием көп...

- Әлеуметтік желілерде «Тобықтай түйін» атауымен әлеуметтік роликтер жарық көруде. Осы істеріңізге тоқталсаңыз.

- Бұл бағыттағы жұмыстар бір ай төңірегінде басталды. Оралдың өнерлі жігіттері бас қосып «Аға, жақсы идея бар. Сіз режиссер болсаңыз. Инстаграм желісіне шақтап, қысқа роликтер жасасақ» деді. Мақсат – жұртшылықты рухани, имани тәрбиеге шақыру. Жігіттер образға енуге дайын. Ол үшін көп дүние қажет емес. Кеше ғана күл-қоқысты оңды-солды тастамау жөнінде ролик дайындау ұсынылды. Көше – дәретхана емес, мәдениет ортасы екенін түсіндіргіміз келеді.

 -Әлеуметтік желіге көзқарасыңыз қалай?

- Көзқарасым – түзу. Жақсы нәрсе. Бірақ әр нәрсенің өлшемі болады. Әлеуметтік желіде тіркелмесем, желі арқылы Айгүлмен дос болмасам, «Махаббат бер маған, тағдыр» әні шықпас еді... Сонымен қатар кейде тіл туралы жазған мақалаң басқа облыстық газеттерде басылып жатады. Яғни қажет болып тұр. Қуанасың. Осы жағынан жақсы. Ал былайша адамның уақытын алады, жүйкесін тоздырады. Ауру қылады...

Сұхбаттасқан Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале