16.11.2019, 17:32
Оқылды: 111

«Nur Otan» партиясының филиал төрағасы қоғамдық қабылдау өткізді

Бүгін  облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы  Ғали Есқалиев азаматтарды қабылдады. 

IMG-20191116-WA0011-800x531
«Nur Otan» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гауһар Шайхыниязованың сөзінше, төрағаның қабылдауы алдын ала бекітілген кестеге сәйкес айына бір рет өтеді. Қабылдау жөнінде жыл басында партия филиалының ресми сайтында жарияланады. Партия филиалының  төрағасы бұл күні 38 тұрғынды қабылдады. Олардың 15-і әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесімен жүгінсе, 12 тұрғын баспана мәселесін алға тартқан. Ал бес адам еңбек қатынасына қатысты жүгінген.

IMG-20191116-WA0010-800x531

Сонымен қатар қабылдауға келгендер денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы секілді басқа да мәселелерді алға тартты.
Тұрғындар арасында жеке мәселелермен қоса, қоғамдық маңызы бар проблемалар мен  ұсыныс-пікірлерін білдіргендер де болды. Мәселен, Жәнібек ауданының тумасы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың музыкалық білім және вокал кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қуаныш Қисметов Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Жәнібек және Сайқын ауылдарына «Қаһарман ауыл» деген атақ берілсе деген  ұсынысын білдірді. Оның сөзінше, қолдарында сол жылдардың тарихынан сыр шертетін мәлімет-деректердің бәрі бар. Облыс әкімі бұл жақсы ұсыныс екенін айтып, мәселені зерттеп қарайтындарын жеткізді. Егер бұл облыстық деңгейде шешілетін мәселе болса, қолға алынып, ал жоғарыдағы құрылымдардың шешімін керек етсе, ұсыныс берілмек.

IMG-20191116-WA0009-800x531
-  Алдағы жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толмақ. Ал елімізде, соның ішінде біздің облыста осы сұм соғысқа екі ауданның Жәнібек және Сайқын ауылдары соғыстан зардап шекті. Осы ауылдың тұрғындары атынан Ұлы Жеңіс күніне орай қос ауылға «Қаһарман ауыл» деген атақ берілсе деген  ұсынысымды айттым. Өйткені өскелең ұрпақ туған жерінің тарихын білуге міндетті. Соның ішінде соғыс жылдарындағы ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар болу керек. Бұл бағытта көп ізденген  Ахмедияр Батырхановтың кітабы, Ерлан Жиеналиевтің зерттеу жұмыстары бар. Облыс әкімі бұл мәселені қарайтындарын айтты. Өйткені елімізде мұндай атақ алған ауылдар жоқ. Сондықтан да ұсынысым оң шешімін табады деп ойлаймын», - дейді Қуаныш Қисметов.
Қабылдауға келген бір топ тұрғын №6 орталық  қалалық кітапхананың филиалы жөнделсе деген тілектерін  жеткізді. Олардың айтуынша, жауын-шашынды күндері ғимараттың  төбесінен су ағатындықтан, еденге шелек, табақ қойып, амалдап отыр.  Ал кітапхананың жұмысы көңілдерінен шығатынын айтады. Өйткені онда мәдени-көпшілік шаралар жиі өтіп,  жастар мен оқушылар белсенді атсалысады екен. Әсіресе қариялардың уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Сонымен қатар кітапханашылар да рухани қазына мекенінің  жұмысы тоқтамағанын қалайды. Қабылдауға қатысқан қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкайдың сөзінше, бұл нысанға 53 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Алайда биыл қаражат болмауына байланысты жөндеу жұмыстары басталмаған.
«Біздің қолымызда кітапханалар ісін дамыту тұжырымдамасын өзгерту  бойынша жоспар бар. Соған сәйкес кітапхана заманауи үлгіге сай жабдықталып, қызмет көрсетуі керек», - деген облыс әкімі алдағы аптада кітапхананың жай-күйімен танысатынын айтты.
Партия филиалы төрағасы қабылдауға жазылған тұрғындардың шағым, ұсыныс-тілектерін тыңдап, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берді.

Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале