10.06.2017, 20:55
Оқылды: 40

Облыс əкімі Зеленов ауданында болды

Облыс әкімі Алтай Көлгінов сенбі күні Зеленов ауданына тағы барып, аталған аумақтағы әлеуметтік нысандар мен жолдарға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қадағалап қайтты.


Ол сондай-ақ осы сапарында селолық өндірістік коопертивтердің тыныс-тіршілігімен де танысты.

Өңір басшысы ең алдымен Володар ауылындағы су құбырларын қайта жаңғырту жұмысымен танысты.

-Қазіргі таңда Володар ауылында 2-ші көтермелі сорғы стансасы құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Су сорғыш стансасында сиымдылығы 50 текше метр (метр куб) су мұнарасы және әрқайсысының сиымдылығы 200 текше метр (куб метр) екі резервуар бар. Нысанның сметалық құны – 192,935 млн. теңге. Құрылыс ұзақтығы -8 ай, іске асыру кезеңі -2017 және 2018 жылдар. Биыл осы қаражаттың 97 млн. теңгесін игеруіміз керек. Мұнда 23 адам жұмыс істейді, солардың төртеуі жергілікті тұрғындар. Жоба бойынша осы жұмыс аяқталған соң, сапалы ауыз су әр үйдің ауласына дейін жеткізілетін болады. Су құбырының жалпы ұзындығы - 19, 070 шақырым (19 км), су құбырлары тұрғындардың үйлеріне дейін жеткізілетін болады.  Володарка ауылында қазіргі таңда 338 аула, 1200 адам бар.  Су сорғыш стансасының құрылысы аяқталған соң осыншама адам сапалы ауыз суымен қамтамасыз етілмек. Жұмыс 13 сәуірде басталды, бұйырса, қарашада аяқтаймыз деп отырмыз, -деді жұмыс барысын баяндаған «Алатау Альдан Агро» ЖШС учаске бастығы Қуат Сералиев. Мұндағы құрылыс жұмысымен мұқият танысқан өңір басшысы мердігерлерге жұмысқа қажетті өнімдерді таңдау барысында қашан да жергілікті өнімдерге басымдық беруді тапсырды. Алтай Сейдірұлінің айтуынша, құрылыс компаниялары отандық өнімдерді пайдалана отырып, жергілікті компаниялар жұмысына қолдау жасайды. Сөйтіп, жергілікті бюджеттің толығуына септігін тигізеді.IMG-20170610-WA0113

Бұдан соң өңір басшысы Дариян ауылында салынып жатқан 100 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп құрылысымен танысты. Аталған құрылыс нысанын «СКФ Отделстрой» ЖШС (директоры Валентина Михно) жүргізбек. Қазіргі уақытта келісім жасалып, құрылысқа дайындық жұмысы жүргізілуде. Жоба бойынша мектеп ғимаратының көлемі 6766,4 м2, ал интернат ғимаратының көлемі 1991,92 м2. Жобаны жүзеге асыру кезеңі 2017-2018 жылдар.

-Нысанның сметалық құны 1105,515 млн. теңге. Биылға 401,403 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат биылғы жұмысымызға жетіңкіремейді. Сондықтан бізге қосымша тағы 1 миллион теңгенің үстінде қаражат керек. Соған көмектессеңіз екен, -деген Валентина Павловнаға өңір басшысы алдымен жұмысты бастап, қарқынын көрсету керек екенін айтты. «Қажет болып жатса, қаражат жағынан қам жемеңіздер» деген әкім мердігер компания басшысына балалар мекенін жылы да жарық етіп, сапалы салуды тапсырды. Және жергілікті жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысқа тартуды өтінді. Бұған жауап ретінде В.Михно құрылыс жұмысына тек қана жергілікті компания өнімдерін пайдаланатындарын және жұмысқа тартылатын 102 адамнан қазірдің өзінде дарияндық 14 адамның жұмыс істеп жүргенін жеткізді.

IMG-20170610-WA0042Бұдан соң әкім бастаған топ Дариян ауылындағы Мәдениет үйіне соғып, ондағы күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Кездесу барысында Мәдениет үйі қызметкерлері 40 жылдан бері жөндеу көрмеген нысанға қаржы бөліп, оның жаңғыруына мүмкіндік берген облыс басшылыға алғыстарын жаудырды. Мәдениет үйінде бүгінгі таңда 12 үйірме жұмыс істейді. Және осы үйірмелерге 200-ден астам адам қатысуда.

Әкім жолай Дариян ауылындағы орталық стадионға соғып, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге таптырмайтын орынның азып-тозып тұрғанына қынжылыс білдірді. Және керемет жерде орналасқан стадионды жаңғырту жағдайын қарастыратынын жеткізді.

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы«Махорин» шаруа қожалығында және «Каверин» сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу орындарында болып, ұжым мүшелерімен кездесті. Қос нысанның басшылары табиғи азық-түлік өндіруді мақсат тұтыпты. Әкім отандық өнімдерді даярлап, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлердің жұмысына ризашылығын білдірді.IMG-20170610-WA0050

Одан әрі өңір басшысы «Рубцов» ауылдық өндірістік коопертивінде болып, олардың жұмыстарымен танысты. Кәсіптерін қарапайым әйнек кесуден бастаған әкелі-балалы бизнесмендер енді ауылшаруашылығын дамытуға біржолата бет бұрыпты.

Кәсіпкерлердің егіс даласындағы шаруасымен және болашақ жоспарларымен танысқан Алтай Сейдірұлы олардың жұмысына сәттілік тіледі.

Осыдан кейін әкім «Орал-Кирсанов» автожолының жөндеу жұмыстарымен танысты.

-Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы -47 шақырым (км). Орташа жөндеуге бөлінген жалпы қаражат көлемі 2286,07 млн. теңге. Жұмыс 2015 жылы мамырда басталды. Былтыр 33 шақырымын жасадық, биыл 10 шақырымнан астамы істелді. Биылға 900 млн. теңге бөлінді. Дәл қазір біз жолдың 33-48 шақырымдағы аралығын жөндеп жатырмыз. Биылға 900 млн. теңге бөлінді.  Жұмыс кестедегі көрсетілген уақыттан ертерек бітуде, соған қарап биылғы жұмысты жоспардағы көрсетілгендей қарашада емес, тамыз айында тапсырамыз деген ойдамыз, -дейді жұмыс барысын баяндаған жоба жетекшісі, «Бірлік» ЖШС өкілі Төрехан Қоспанов. Оның сөзінше, жөндеу жұмысын 22 арнайы техника жүргізуде. Жұмыс күші, қаражат жеткілікті.

IMG-20170610-WA0048Бұдан соң облыс басшысы «Жайық-Мұнай» ЖШС-де болып, ірі кен орнының жұмыс барысымен танысты.

-Жалпы, өңіріміз бойынша биыл 470 шақырымнан астам жол жөнделмек. Осының 200 шақырымнан астамы республикалық маңызы бар жол, қалғаны облыс және аудандық жолдар. Осы жолдарды жөндеуге биыл мемлекеттік бюджеттен 36 млрд. теңгенің үстінде қаражат бөлінді. Биыл Ресей елінің Саратов қаласына апаратын шекаралық жолдың 86 шақырымын бітіретін боламыз. Қалған 18 шақырымы келесі жылы жөнделіп бітеді. Келесі жылы Орынборға баратын жолды жасау жоспарда тұр, мұны тиісті министрлік қарастырып жатыр. Осы жұмыстардың барлығы Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында жүзеге асырылуда. Бұрын «Орал-Кирсанов» автожолының сапасы нашар болды. Себебі, бұл жерден ауыр жүк көліктері жиі өтеді. Жолдың нашарлығынан осы жолмен өтетін жолаушылар көліктері мен шаруа қожалықтарының көліктері зардап шегуде. Сондықтан, халыққа ыңғайлы болсын деп осы жолды жөндеуді қолға алдық. Биыл, бұйырса, бұл жолдың 17 шақырымға жуығы жөнделіп бітеді. Алдағы уақытта жолдардың жөнделуін қатаң бақылауда ұстап отырмақпыз.

Сондай-ақ, аудандарда және елді мекендерде де жолдар жөнделуде. Солардың бірі –Дариян ауылы. Осы ауылда биыл 8 көше және аудан орталығында 10 көше, аудан бойынша барлығы 18 көше жөнделмек.  Облыста Қазталов, Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарының жолдары асфальталмаған. Алыс аудандарының тұрғындары жолдың нашарлығынан қиналып жүр. Қазіргі уақытта бұл мәселелер министрлікте қарастырылуда. Бұйырса, бұл мәселелер де шешіліп қалар.

Ал енді әлеуметтік нысандарға келсек, биыл ауданда 100 адамдық интернаты бар 300 орындық  мектеп салынбақ. Переметныйда спорт кешені салынуда. Бұған Дарияндағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуін қосыңыз. Бес елді мекенді орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етпекпіз. Осы ауданға биыл бөлінген үш жарым  миллиард теңге жоғарыда аталған жұмыстарға жұмсалуда. Бұл-мемлекеттің үлкен қолдауы.

Кездесу барысында Дариян ауылының тұрғындары стадионды жөндетуді сұрады.  Және М.Шолохов атындағы музейге реставрация жасаудың қажеттігін айтуда. Аудан халқының бұл өтінішін қаперде ұстап, мұны жоспарға енгізбекпіз.

Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығында  жергілікті кәсіпорындардың өнімдері пайдаланылуда, бұл  жергілікті кәсіпорындар үшін үлкен көмек және жергілікті салық көлемінің ұлғаюына септігін тигізеді. Сондай-ақ жер-жерде жүргізіліп жатқан осындай жұмыстар жұмыссыздар санын азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да ықпал етуде,-деді Алтай Сейдірұлы ауданға жасаған іссапарын қорытындылап.

Іссапар соңында облыс басшысы Зеленов ауданы аумағында орналасқан «Жайық-Мұнай» ЖШС-де болып, ірі кен орнының жұмыс барысымен танысты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале