28.02.2020, 9:43
Оқылды: 76

Өңір жастары екі отбасыға баспана алып бермек

Биыл облыс еріктілері екі бірдей мұқтаж отбасыны баспанамен қамтымақ. Игі істің алғашқысы осы күні аяқталған болса, екінші үй наурыз айының басында табысталатын болады. Бұл туралы өңір жастары ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есинмен өткен кездесуде мәлімдеді.

jastar (4)
Оқушылар сарайында өткен басқосуға қаламыздағы волонтерлар мен белсенді жастар қатысты. Жұмысын Рада Хайрушева басқаратын «Аялы алақан» қоғамдық қоры мен «28 петель» қайырымдылық клубының жұмыстарымен танысудан бастаған Данияр Нұрашұлы аталған қорларды мазалаған мәселелермен жете танысып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

jastar (1)

Бейресми сипатта өткен кездесуде «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының жетекшісі Аслан Тапишев Волонтерлар жылының «Birgemiz: Таза әлем» жалпыұлттық жобасы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар турасында баяндаса, БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мейірбек Нұркен «Ақжайық волонтерлері» еріктілер қозғалысы мүшелерінің бастамасымен жалғызбасты мұқтаж анаға көрсетілген көмек туралы айтып берді.

Жиында «ХАРЕКЕТ» қайырымдылық қорының БҚО-дағы өкілі Демежан Меңдешев қор волонтерларының ұйымдастыруымен өңірде қолға алынған шараларды баяндап, осы күнге дейін жасаған жұмысын көрсетті. Кездесу барысында волонтерларды қолдау орталығының жетекшісі Айболат Курумбаев шара қатысушыларын облысымыздағы волонтерларды қолдау орталығының жұмысымен таныстырып, «Birgemiz: Асыл мұра» жалпыұлттық жобасы бойынша өңірде атқарылған және атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

jastar (6)

– Батыс өңірінің белсенді жастары биылғы Волонтерлар жылының екі айында біраз істі тындырғанына куә боп отырмын. Бұл аяқсыз қалмауы керек. Тек облыс орталығында ғана емес, аудан-ауылдарда да талай іс тындырғандарыңыз көрініп тұр. Енді барлық волонтерлардың жұмысын қадағалап, үлкен істің науқандық болып қалмауына көңіл аудару қажет, – деген вице-министр Данияр Нұрашұлы жастар қойған сауалдарға жауап беріп, белсенділердің ұсыныс-пікірлері ескерілетінін жеткізді.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале