13.02.2020, 16:24
Оқылды: 44

«Орал қаласына инвестиция көлемін 10-20 есеге көбейту керек»

Қала әкімінің есептік кездесуіне қатысқан облыс әкімі қатысушылардың тарапынан түскен кейбір сұрақтарға жауап беріп, жиынды қорытындылады. Қала бойынша атқарылған жұмыстардың оң тұстарын айта келе, кейбір мәселелерге назар аударуды тапсырды.

abat qala (19)

Салықты әкімшілендіруге қатысты тәртіпті күшейтуіміз керек. Қала тұрғындары ретінде сауда жасаған орындарыңыздан төлем чектерін сұраңыздар дегім келеді. Былай қарағанда ұсақ-түйек көрінуі мүмкін. Мұның барлығы салық ағынын молайтады. Ірі компаниялар салықты аз төлеу үшін бірнеше ұсақ жеке кәсіпкерлікке бөлініп, жұмыс істейді. Сөйтіп, шағын кәсіпкерлікті дамыту саясатына сай ірі инвестицияларды көрсетпей, салық төлеуден жалтарады. Биыл «Жеке инвестицияны тарту» басымдығына мән-маңыз бергелі отырмыз. Жеке инвестициясыз салық түсімі молаймайды, даму болмайды. Қалаға 7 млрд. теңге шамасында инвестия тартылған. Бұл - өте аз, шаһарға инвестиция көлемін 10, 20 есеге көбейту керек. ҚР Премьер-министрі облысқа 628 млрд. теңге инвестиция тартуды тапсырды, соның қомақты бөлігі қалада болуы тиіс. Оған қаланың мүмкіндігі бар. Өткен жылы шағын индустриалды аймақтарды дамытуды тапсырдым, соны қолға алу керек. Қала аумағы ұлғайып барады, сондықтан барлық шағынауданда шағын индустриалдық аймақтар құрылып, кәсіпкер бизнесін жүргізем деп келгенде, дайын инфрақұрылым болғаны жөн. Биыл Деркөлде 3 гектар жерге инфрақұрылымды тартуды бастау қажет. Мұндай шағын индустриалды аймақтар өзге қалаларда табысты жүруде. Биыл мектеп салуға екі инвестор таптық. Ондай инвесторлар көп болғаны жақсы. Бүгін азық-түлік тағамдарының бағасына қатысты ешқандай сұрақ түспеді. Баға өсуде, бір жағынан нарықтық фактор, инфляция барлық елген тән, сондықтан қала әкіміне «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге барлық өндірісшіге өз өнімдерін делдалсыз сатуға ыңғайлы жер учаскелерін конкурс, аукционсыз беруді тапсырамын. Әйтпесе, әкімшілік шаралар алумен, жәрмеңкелер өткізумен бағаны ауыздықтай алмаймыз, - деді Ғали Есқалиев.

abat qala (6)

Сондай-ақ облыс басшысы Орал қаласының ірігетасы қаланған Жайық қалашығын туристерді тартатын орынға айналдыру үшін биыл оның құрылысының жобалық-құжаттамаларын дайындап, келесі жылы құрылыс жұмысын бастау керектігін айтты. Облыстың еріктілер сайтына кез келген тұрғынның ауласына ағаш, бұтасын егуге тапсырыс қабылдау пунктін енгізуді тапсырды. Бірақ егілген ағашты тұрғындардың өздері күтіп, қарайтын болады. Облыс басшысы қаланы дамытуға, көркейтуге тұрғындарды бірлесіп жұмыстануға, қаланың тазалығын қалалықтардың өздері сақтап, оны өзгелерден талап етуге шақырды.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале