5.07.2019, 21:32
Оқылды: 205

Орал халықаралық әуежайын қайта құру және жаңғырту жұмысы басталды

Бүгін облыс тұрғындары мен қонақтары көптен күткен маңызды жобаның тұсауы кесілді. 

airport (3)

Орал халықаралық әуежайын қайта құру және жаңғырту жұмысы басталды.
-Астана күні мерекесі қарсаңында барлық батысқазақстандықтар мен өңірде жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз үшін өте маңызды күн. Әуе жолаушыларына қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін және облыстың инвестициялық-туристік тартымдылығын арттыру мақсатында Орал қаласының халықаралық әуежайын қайта құру және жаңғырту жұмысы басталды.

Осыдан қырық жыл бұрын, яғни 1979 жылы, пайдалануға берілгеннен бері аэробекет ғимараты жаңғыртудан және күрделі жөндеуден өтпеген. 2015 жылы жасанды ұшып-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізіліп, барлық түрдегі қазіргі заманғы әуе кемелерін шектеусіз қабылдауға мүмкіндік туды. Алайда терминал ғимаратының тозуы және техникалық базаның ескіруі әуежайдың жолаушылар өткізу қабілетін арттыруға және жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік бермеді.

airport (2)

Өңірдің стратегиялық маңызды орналасуын ескере отырып, қайта жаңғыртылған әуежай облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына қосымша ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар осы жобаны жүзеге асыру жолында бірнеше жыл бойы қызмет еткен барлық қатысушыларға алғысымды білдіре отырып, терминалды қайта жаңғырту жұмыстарының табысты аяқталуын тілеймін, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Тұрғындар мен қонақтардың барыс-келісін жеңілдетіп, өңірде кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына тың серпін беретін жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңге. Бастамашысы – «Орал» ӘКК» АҚ, тапсырыс беруші – «ҚПО б.в.» компаниясы.  Мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС әуежайды қайта құру және жаңғырту жұмысын 2020 жылдың IV тоқсанында аяқтауды көздеп отыр.

«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Эдвард Бломның айтуынша, терминалды қайта құру және жаңғырту жұмысы халықаралық әуе стандарттарына сәйкес жүзеге асады.
Жұмысқа жергілікті компаниялар ғана тартылады. 1998 жылдан бері «ҚПО б.в.» облыста әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 360 млн. АҚШ долларын бағыттаған. Соңғы үш жылда компания 64 әлеуметтік жобаны іске асырса, биыл 25 жобаны қаржыландыруды жоспарлап отыр.

airport (1)

Қайта құру және жаңғырту жұмысының нәтижесінде терминал аумағы екі есеге дейін ұлғайып, сағатына 400, ал жылына 350 мың жолаушы қабылдау мүмкіндігіне ие болмақ. Жаңа әуе бағыттары ашылмақ. Тарихи қасбетін сақтай отырып, қайта құрылатын ғимаратта жолаушылар мен күтіп алушыларға ыңғайлы әрі жайлы қызмет көрсету үшін барлық құрал-жабдықтар мен жиһаздар жаңартылмақ. Халықаралық және ішкі әуе рейстеріне қызмет те осы ғимаратта көрсетілмек.

«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС бас директоры Хайретден Рысқалиев облыс тұрғындары мен қонақтарын уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырады. Әуежайды қайта құру және жаңғырту жұмысы әуе рейстеріне кедергі келтірмейді. Барлық қызмет халықаралық терминал арқылы көрсетіледі.

Динара Жұмабекқызы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале