14.05.2019, 16:15
Оқылды: 24

Оралда сайлауға қатысатын байқаушыларға семинар өтті

Бүгін Оралдағы «Жайық Пресс» медиахолдингтің мәжіліс залында алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушыларды даярлау мақсатын көздеген семинар өтті.

IMG_0470

Бас қосуға барлық саяси партия, қоғамдық ұйымдардың, Президенттікке үміткерлердің штабтарының өкілдері шақырылған.

-2000 жылы «Сайлау туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы байқаушылардың міндеттері мен құқықтары күшейтілді. Мен сол комиссияның мүшесі болғанмын. Қазіргі уақытта заңға сәйкес қазақстандық байқаушыға үлкен өкілеттілік берілген, - деді белгілі саясаткер, «Демократияны тарату орталығының» директоры, тренер Дос Көшім.

Оның айтуынша, байқаушы округтік, учаскелік сайлау комиссияларының барлық отырысына қатысуға құқылы. Сайлау комиссиясы үйден дауыс беруді ұйымдастырған жағдайда, байқаушы бюллетеньдер жәшігі салынған көлікке отыруы заңды. Бұрын олай болмайтын. Байқаушылар сайлау үрдісіне кедергі келтірмей бейне, дыбыстық жазба құралдарын пайдалануына болады. Заңның 15-бабы байқаушыға сайлау үрдісін толыққанды бақылауға мүмкіндік береді.

Бүгінде саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өздерінің байқаушыларын даярлауда. Еліміздің кез келген азаматы байқаушы бола алады. Қолында қандай ма бір тренингке қатысқаны жөнінде сертификаты болуы міндетті емес. Бірақ, бір қоғамдық ұйымның не саяси партияның, яки президенттікке үміткердің штабының сайлауға байқаушы етіп жіберген жолдамасы болуы тиіс. Онда байқаушының қай сайлау учаскесіне баратыны көрсетілуі керек. Байқаушы көрсетілген сайлау учаскесіне барып тіркеліп, дауыс беру үрдісін бақылайды және дауыстарды санауға қатысады. Бас қосу барысында байқаушының міндеттері, құқықтары мен жауапкершілігі жан-жақты түсіндірілді.

-Халықаралық даму бойынша (USAID) АҚШ агенттігінің қаржылай қолдауымен еліміздің 8 облысы (негізінен батыс, оңтүстік) мен екі қаланы қамтып, тренинг-семинар өткізуді қолға алдық. Соның бірі қысқа мерзімді байқаушыларға, яғни дауыс беретін күні ғана бақылау жүргізетін байқаушыларды даярлау тренинг-семинары, - деді Дос Көшім.

Гүлбаршын Әжігереева,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_0441 IMG_0444 IMG_0455

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале