28.11.2018, 17:15
Оқылды: 75

Оралда жаңа әліпбиге арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Қазақтың ұлттық коды – төл жазу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған еліміздің, түркі әлемінің және шетелдік тілші-ғалымдар қатысты. Конференцияны облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.

latyn (4)

Пленарлық мәжілісті ашқан облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов конференцияның Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттау, жаңа әліпби негізінде қалыптасатын емле ережесін түсіндіру, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғалымдардың уәжін тыңдау және олардың ғылыми ізденістері жайында қанық болу, мемлекеттік тілді дамыту жайы және алдағы мақсат-міндеттерді талқылау мақсатында ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. «Латын графикасына көшу – еліміздегі тіл саясатына ғана емес, экономика, халықаралық байланыс, ұлтаралық қатынас секілді өзге де маңызды факторларға ерекше әсер етер құбылыс» деген Миржан Сатқанов алқалы жиынға арнайы келген қазақ тілі ғылымының бәйтерегі, А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбекке 80 жылдық мерейтойына байланысты облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан шапан сыйлады. Пленарлық мәжілісте профессор өз ойымен бөлісті.

– Латын әліпбиіне көшудің ең басты себебін айтпай келеміз. Біз қазақ тілінің емлесіне іргелі де күрделі реформа жасап алуымыз қажет. Ғалымдардың айтуынша, қазақ және орыс тілдерінің бір-бірімен ұқсастығы 0,056 пайыз ғана. Бұл айғақ – екі тілдің фонетикалық, грамматикалық тұрғыдан бір-бірінен өте алшақ екеніне дәлел. Сондықтан қазақтар үшін орыс тілін үйрену, ал орыстар үшін қазақ тілін үйрену қиын. Қазіргі әліпбиімізді қазақтың төл әліпбиі деп айту артық. Себебі әліпбиіміздегі таңбалардың жартысына жуығы қазақ тілінің төл дыбыстарына сәйкес келмейді. Алдағы басты міндет – төл дыбыстарымыз нақты таңбаланған жаңа әліпби жасау. Дұрысы, қазақ тілінде 28 дыбыс бар, оның ішінде тоғызы – дауысты. 1957 жылы қазақ тілінің емле ережесіне жүргізілген реформа тіліміздің дыбыстық құрамын, үндестік әуезіне нұқсан келтіріп, морфологиялық, грамматикалық және фонетикалық құрылымын бұзып кетті. Елбасымыз латын графикасына көшіру туралы Жарлық шығарды. Ешқандай халықта кемеліне келіскен әліпби жоқ. Әліпбиден кемшілік табылса, ол арнайы емле ережемен реттеліп отырады. Сондықтан жаңа әліпбимен жүйелі жұмыстану қажет, – деді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиева әліпби реформасы аясында «Жаңа емле, құрылымы, ұстанымы және жаңалықтары» жөнінде баяндады.

– Елбасымыздың 2018 жылдың 19 ақпанындағы № 637 Жарлығымен латын графикалы әліпбиі бекітілді. ҚР Үкіметі Алматы қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына жаңа әліпби негізінде емле ережелерін дайындауды тапсырды. Институт ғалымдары шілде айында жаңа емле ережелері жобасын дайындап, оны орфографикалық жұмыс тобына тапсырды. Бұл жоба бірнеше мәрте талқыланып, тәуелсіз сараптама жасалды. Мектептерде апробациялық сабақтар жүргізілді. Желтоқсанның 6-сы күні өтетін Ұлттық комиссия отырысына дейін жобаға әлі де өзгерістер енгізіледі. Емле ережелерінің жобасы тоғыз тараудан, 108 тараушадан тұрады, – деді  Алмагүл Хабиева. Оның айтуынша, қазіргі жазу дәстүрін сақтау ұстанымы басшылыққа алынып, жаңа емле ережесінің жинақы да ықшам болуы ескерілді.

– Кейбір ғалымдар ұсынғандай, «шай», «жай» сөздері фонетикалық ұстаным бойынша («шәй», «жәй») жазылса, түбірге жіңішке дауысты дыбысы бар жалғау жалғануы («шәй-ге») тиіс. Сондықтан фонетикалық принципті басшылыққа ала алмаймыз.  Жаңа емле ережесі бойынша мерзім атауларын реттік сан есіммен келген сөз тіркесі секілді дефис белгісі арқылы жазамыз: 1940-жыл, 22-қыркүйек. Орыс тілінен енген, э, ю, я, ц әріптері бар сөздер әзірше мынадай нұсқалармен ұсынылып отыр. Мысалы, «элемент» сөзін «element», «циркті» sirk, «режиссёрді» rejiser, «Юпитер, полюс» сөздерін «Iypiter, polus» нұсқасында жазамыз, – деді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиева.

– Қазақ емлесінің негізгі ережелері дайындалып, халық талқысына ұсынылды. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Яғни қазақ әліпбиіне реформа жасап, жаңа емле ереже қалыптастыруда басты ұстаным осы болмақ. Орфография ережелерін түзуде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орфограф-мамандары А. Байтұрсынұлының «халықтың сөйлеу тілімен санасу керек», Қ. Жұбановтың «емле негізіне қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуға керек» деген ұлағатты тұжырымдарды басшылыққа алдық деп жар салады. Емле ережелерін қарап отырсақ, өкінішке орай, сөз бен істің арасы тым алшақ жатырғанын байқаймыз. Бұрынғы кирилл әріпті әліпбиіміздегі күрделі, орыс тілінің ықпалына жығылған қосамжар ережелер еш өзгеріссіз қайталанып тұр. Мәселен, у́ (у) әріптері төл сөздерде дара дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады: aı, úı, oıshyl, aý. Біздің ойымызша, төл ұлттық әліпбидің төл ұлттық емле ережесі болу керек. Кірме сөз де, термин сөздер де қазақ тіліне қызмет жасау үшін енді. Олар толық қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бағынып, жазылуы қажет, – деді халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға модератор болған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр. «Жаңа әліпби мен емле туралы айтқанда ең қиын, күрделісі –  кірме, жат  әріптерді, тиісінше, шет тіл сөздерін қолдану мәселесі. Өз тарихымызда өзге тілдің  дыбыстық-әріптік құрамы мен жазу ережесін түгел алған тәжірибеміз бар және оның арты неге әкелгені де белгілі. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тәсілінің ана тілімізге ықпалы қандай болғанын бүгінде қазақ ғалымдары ашық айтып отыр. «Орыс тілінен енген сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деген ережемен бірге қазақ тіліне орыс тілінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтары қоса келіп, бұл нормалар кірме сөздердің ғана емес, төл сөздеріміздің де айтылуы мен жазылуына ықпал етіп отыр», – деді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев.

Конференцияда Германияның Франкфурт қаласынан келген Phd докторы Ханс-Якоб Шмитц «Адамзат тарихындағы әріп дамуының тарихы» туралы баяндама жасады. Ал Стамбул университетінің әдебиет факультеті, түрік және әдебиет бөлімінің оқытушысы, доктор, профессор Өзтүрік Гөксал, Баку мемлекеттік университетінің Phd, қауымдастырылған профессоры Шәміл Садигов, Өзбек мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Досмамат Кулмаматов түрік, әзербайжан, өзбек тілдерінің латын әліпбиіне көшу тарихы жөнінде айтты.

– Әліпби халықтың әлеуметтік, саяси және қоғамдық өміріне ықпал етеді. Әр тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Жаңа қабылданған әріптер  жаңа мәселелерді тудырады. Әзербайжан алфавиті төрт мәрте өзгеріске ұшырады. Бірақ латын графикасы елдің заман талабына сай дамуына негіз болатыны анық. Біз Қазақстанның латын әліпбиін қолдана бастағанын қуана қабылдадық. Әзербайжан жазуы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін араб графикасына негізделді. Кеңестік кезеңде 1920 жылдардан бастап әзербайжан және армян халықтарын Түркиядан бөлек ұстау үшін латын графикасына көшіруді бастады. 1929 жылы бұл үдеріс толық аяқталды. Түркия Республикасы латын әліпбиін қолданысқа енгізе бастағанда, біз кириллацаға көшуге мәжбүр болдық. Кейін 1991-2001 жылдары латын графикасына оралып, оған өзгеріс енгізу кезең-кезеңімен жүргізілді. Жаңа әліпбиге көшкенде орфография және орфоэпия ережелерін мұқият пысықтау қажет. Әзербайжан елінде бірқатар сөздердің жазылуына қатысты әлі күнге даулы пікірлер бар, – деді Шәміл Садигов.

Пленарлық мәжілістен кейін тілші-ғалымдар Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде өткен секциялық отырыстарға қатысты. Айта кетейік, конференция өткен күні  облыстық қазақ драма театрында «Latyn kórmesі» ашылды.  Кітап көрмесінде 1929-1940 жылдары аралығында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қорынан латын графикасымен шығарылған қазақ тіліндегі 100-ден астам кітап назарға ұсынылды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қолдауымен көрмені «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры ұйымдастырды. «Latyn kórmesinde» мектеп оқулықтары, көркем, салалық және балалар әдебиеті мен мерзімді басылымдар бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығына байланысты ұйымдастырылған «Латын» жылжымалы экспедициялық көрмесі облыстық тарихи-өлкетану мұражайы базасында бір ай бойы болады.

latyn (1) latyn (2) latyn (3) latyn (5) latyn (6) latyn (7) latyn (9) latyn (10)

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

суреттерді түсірен Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале