18.10.2018, 17:06
Оқылды: 100

Оралда Ассамблея кеңесінің отырысында 15 жоба ұсынылды

Орал қаласындағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен және облыстық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдерінің, этномәдени және қоғамдық бірлестіктер, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес отырысы өтті.

QHA (35)

Жиында БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов 2019 жылға жоспарланған 15 мемлекеттік әлеуметтік жобаны кеңес мүшелерінің назарына ұсынды. Олардың қатарында соңғы жылдары тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Үздік елдімекен», «Шекара жүректерді бөлмейді», «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра», «Алғыс айту күні» сияқты дәстүрлі шаралармен қатар, облыста тұңғыш рет жүзеге асырылатын «Мықты елдің мықты адамдары», «Ұлт қазынасы», «Этнофешн» сән фестивалі сияқты бірқатар жаңа жобалар да бар.

Мәселен, «Қазақстанға ыстық ықыласпен» атты жаңа жоба аясында БҚО-мен шекаралас орналасқан Ресейдің бес облысындағы қазақ диаспорасымен мәдени, рухани және саяси байланыстарды нығайту көзделіп отыр. Ал «Айбарлы Атамекенім» әлеуметтік жобасының ауқымы бұдан сәл кеңірек,

мақсаты да тереңірек. Жоба авторлары әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып, атажұрттан жырақта жүрген қазақтармен ынтымақтастық орнатуды, қандас бауырларымыздың арасында ұлттық салт-дәстүр мен ананың сүтімен дарыған туған тілімізді дәріптеуді басты назарға алады. Бұдан өзге Қазақстан халқы Ассамблеясы биылғы маусым айында тұсауын кескен «Қазақтану» ғылыми-танымдық жобасы шеңберінде өңірдегі түрлі этностар арасында қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын насихаттайтын «Қазақтану» телебағдарламасы, «Қазақтану» көшпелі көрмесі, «Қасиет тұнған Қазақстаным» сынды кешенді іс-шаралар қолға алынбақ.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Жастар жылын» жариялау туралы ұсынысының мәні тереңде жатқанын атап өткен облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Владимир Шек келер жылдың қаңтар айында облыс орталығында бастау алатын «Жастар жылы» аясындағы шаралардың барлық аудан-ауыл жастарын қамтып, жастардың старт-ап жобалары мен түрлі бастамаларын қолдауға бағытталатынын жеткізді.

QHA (32)

Кеңес барысында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары мен кеңестері шешімдерінің орындалуы туралы баяндай келе, Зашаған, Круглоозерное және Желаев ауылдарында, сонымен қатар облыс орталығындағы 78 кәсіпорын-ұйымдарда қоғамдық келісім кеңестері құрылып, жемісті жұмыс істеп отырғандығын мәлімдеді. «Береке-бірлік пен ынтымақты ту еткен шаһарда түркі халықтарының Наурызы да, татар ұлтының Сабантойы да, проваслав діні өкілдерінің Масленица мейрамы да жалпыхалықтық сипат алып, кең көлемде тойланады. Ауызбіршілікті сақтауда, ұлтаралық байланысты нығайтуда ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы іспетті ардагерлер кеңесінің рөлі орасан зор»,- деді Мұрат Рахметұлы.

«Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Айгүл Салахатдинова аудан және ауылдық округтердегі жергілікті бюджетті қоғамдық келісім кеңестерінің қатысуымен тиімді пайдаланудың ережесін бекіту туралы ұсыныстарын ортаға салса, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов облыстағы этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредитациялау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу мәселесін көтерді.

Кеңейтілген кеңес отырысында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов ұсынылып отырған жобалардың маңыздылығын және өзектілігін атап өтіп, этно-мәдени бірлестіктер өкілдерін алдағы демалыс күндері басталатын жалпықалалық сенбіліктерге белсенді атсалысуға шақырды. Орал қаласын көріктендіру мақсатында тал-терек егу акциясын қолдап, «Ассамблея скверін» ашуды ұсынды. Кеңес мүшелеріне Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру бойынша аудан-ауылдарда атқарылған шаралар туралы баяндап, болашақ жоспарлармен де бөлісті.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

QHA (9) QHA (11) QHA (39)

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале