23.01.2019, 16:21
Оқылды: 67

Оралдағы онкологиялық диспансерде «Ашық есік күні» өтеді

Бүкіләлемдік жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы күрес күніне орай және Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында жалпыреспубликалық ақпараттандыру апталығы басталды.

WhatsApp Image 2019-01-22 at 04.42.52

Облыстық онкологиялық диспансерде өткен баспасөз мәслихатында әлем бойынша өзекті мәселеге айналған сырқаттың жай-жапсары, оны анықтау және емдеу жолдары кеңінен талқыланды. Облыстық онкологиялық диспансердің директоры Ерлан Тоқсанов жатыр мойны қатерлі ісігінің адам папилломасы вирусының салдарынан туындайтындығын, әйел адамдардың бұл сырқат туралы хабарсыздығы, дәрігерге қаралуға құлықсыздығы дерттің дендеуіне жол ашып отырғандығын айтты.

- 16 жасқа дейін жыныстық өмірді бастап, ерте есейгендер, жыныс жолы арқылы жұғатын қабынулар, түсік жасату, босану кезінде орын алған жатыр мойны жарақаттары, эрозия және басқа да жатыр дерттері бар. Бес жылдан астам уақыт бойы контрацептивтік дәрілер қолданған әйелдердің бұл қатерлі ісікке шалдығу қаупі зор. Жатыр мойнының обыр алдындағы жағдайын анықтау мақсатында елімізде осы сырқат бойынша скрининг бағдарламасы қабылданды, - деді Ерлан Виленұлы.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Айгүл Байбатшаева қаңтардың 25-і күні гинеколог мамандар үшін жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау, алғашқы медициналық көмек көрсету, әйелдерді тексеруден өткізу барысын үйрететін семинар өтетіндігін хабарлады.

Облыстық онкологиялық диспансер директорының медициналық сала бойынша орынбасары Нұрлан Төлемісов дүние жүзінде жатыр мойны қатерлі ісігіне жарты миллион әйел шалдығып, салдарынан 288 мыңы қайтыс болатындығын, ал Қазақстанда жыл сайын 1800-1900 әйелден осы обыр анықталып, 500-600 әйел өмірмен қоштасатындығын айтты. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда жаппай скрининг өткізу нәтижесінде бұл сырқатты анықтау артып отыр. 2016 жылы өңірімізде 57 жағдай тіркелсе, былтырғы қорытынды бойынша 90-нан астам әйел есепке алынған. Цитологиялық бөлімнің меңгерушісі Лаура Якупова БҚО бойынша 100 мың тұрғынға есептегенде, аталған обыр салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 2015 жылы – 11,1%, 2016 жылы – 8,9%, 2017 жылы – 13%, былтыр 14,5%-ды құрағандығын айтты. Ал гинеколог-дәрігер Асылзат Жақыпова жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы әлем бойынша қолданылатын вакцина түрлері, оларды жыныстық қалыптасу кезеңіндегі 11-12 жастағы қыз балаларға салған жағдайда тиімді болатындығы, 2013 жылы Атырау, Павлодар облыстары мен Астана, Алматы қалаларында қолданысқа енгізіле басталған вакцинаны біздің облысқа әкелу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтып өтті.

Айта кетейік, қаңтардың 26-сы күні сағат 09.00-15.00-де облыстық онкологиялық диспансерде «Ашық есік күні» өтеді. Осы күні білікті онкогинеколог мамандар қыз-келіншектерді тегін тексеріп, талдамалар нәтижесі бойынша кеңес беретін болады.

Аяужан Кереева,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале