28.11.2017, 21:09
Оқылды: 45

«Өзін-өзі тану» пәнінен неопротестанттық насихат үлгілері табылған

Биылғы маусым айында Елбасы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

Құжатта мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды реттеу, зайырлылық ұстанымдарын нығайту, діни экстремизге қарсы күрес жүйесін дамытуға басымдық берілген. Соған байланысты еліміздің 13 заңы мен кодексіне діни қызмет және діни бірлестік мәселелері бойынша елуге жуық өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытында жоба дайындалды.

Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүрдің байланысы» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Оған БҚО-дағы ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері қатысты. Атырау облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Қаһарман Мұсаев заңнама актілеріне енетін жаңа баптар жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, «Жарнама туралы» ҚР заңының 6-бабы «деструктивтік діни ағымдарға тиесілі сыртқы атрибуттар бейнеленген киімдерді жарнамалауға тыйым салатын» тармақшамен толықпақ. «Мәдениет туралы» заң аясында да мұндай атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салынады. Бұл тыйымдарды, әсіресе, БАҚ-тар ескеруі тиіс. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы Кодекстің 2-баптың 3-бөлігінің жобасында «тіркеу органның тарапынан берілген некені (ерлі-зайыптылық) қию және тоқтату туралы куәлік ұсынылмаған жағдайда діни рәсімдер мен жоралар бойынша некені қию мен тоқтатуға жол берілмейді» деп жазылған. Ал «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 156-бабының 1-бөлігінің мәтініне «кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе оның заңды өкілдері инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық шараларды қолдануға міндетті болатынын» енгізу ұсынылған.

– Исламдық бағыттағы ағымдар ғана емес, протестанттық «Иегова куәгерлері» мен «Жаңа өмір» ұйымдары да балаға екпе салуға қарсы. Тіпті зайырлы ұстанымдағы тұрғындардың кейбірі профилактикалық шараны жүргізуді қолдамау себебін «діни көзқарасына баланысты» деп көрсетуін өтінген. Бұл бағытта қоғамдағы пікірлер алуан түрлі, – деді Қаһарман Мұсаев.

Семинарда БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы Баянгүл Семғалиева интернет ресурстары мен әлеуметтік желілердегі деструктивтік мазмұндағы контенттерден мысалдар келтірді. Атырау облыстық дін істері басқармасының ақпараттық талдау орталығының басшысы Ернар Абзалов қоғамдық орындар мен мекемелерде діни атрибуттардың көрініс табуына аса мұқият қарау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, кезінде «Өзін-өзі тану» пәнінің неопротестанттық насихат үлгілері бары анықталған. Өкілетті органдардың мамандары сараптамасынан кейін оқулықтан неопротестанттық  үлгілер алынып тасталған.

Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале