13.12.2019, 9:09
Оқылды: 360

Президент: Еліміз үшін Тәуелсіздік күнінен асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ

Қазақстан үшін Тәуелсіздік күнінен асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев мемлекеттік наградаларды және әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлықты тапсыру рәсімінде айтты, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.

80206036_2480272642096153_118359226979450880_n

 

«Баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі – қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлі мемлекет болғанымызға 28 жыл толды. Бұл – тарихи белестеріміздің бастауы, ұлы мейрам. Бүкіл еліміз үшін бұдан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздік – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды», — деді Мемлекет басшысы. Өз сөзінде аманатқа адал болу қазақстандықтардың киелі парызы екенін айтып өтті. «Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Еліміздің алтын дәуірі, дербес дамуы егемендік алған күннен басталды. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Әлем бойынша тоғызыншы орындағы жеріміздің шекарасын толық шегендедік. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таныды», — деді Қ.Тоқаев. Сонымен қатар елорданың маңыздылығына да тоқталып өтті. «Алатаудың баурайынан елордамызды Арқа төсіне көшіріп, Есілдің жағасына ел қондырдық. Бас қаламыз аса маңызды халықаралық жиындардың орталығына айналды. Мемлекеттік және азаматтық институттарға негізделген басқару жүйесін жетілдірдік», — деді. Мемлекет басшысы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет болып санатынынын да айтып өтті. «Қиындыққа толы алғашқы жылдарда экономикада түбегейлі реформаларды қолға алдық. Соның арқасында 28 жыл ішінде ішкі жалпы өнім абсолютті өлшемде 16 есеге өсіп, 180 миллиард доллар болды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді. Еліміз халықаралық экономикада өзінің лайықты орнын алды. Бізге шет елден 330 миллиард доллар инвестиция тартылды. Осының бәрі, ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл еліміздің абыройын және кемелдігін айқын көрсетеді. Тарихта тұңғыш рет халқымыз өз тағдырына ие болды. Бүгінде азаматтарымыз өзінің және мемлекетіміздің болашағына нық сеніммен қарайды. Еліміз сан қилы тарих зұлматтарын өткеріп, еңсесін тіктеді. Әлем қоғамдастығына нық қадам басты», — деді Президент. Өз сөзінде халық санының айтқанын да тілге тиек етті. «Халық саны 2 миллионға көбейіп, Тәуелсіздік алдындағы демографиялық дағдарысты еңсердік. Қазір біз 18,5 миллионнан астық. Мемлекетіміздің даму бағдарын өзіміз айқындау мүмкіндігін алдық. Бүгінде еліміздің жаңғыру үлгісін «Қазақстан жолы» деп атайды. Осындай ауқымды өзгерістерге Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашы және көшбасшы болды. Жаһан жұртшылығы Елбасымызды әлемдік деңгейдегі тарих тұлға ретінде мойындады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деген сөзін мысалға келтіріп, осы күнге оңайлықпен жетпегенімізді айтып өтті. «Сондықтан, бұл мереке – бүкіл халқымызға ортақ тәубенің тойы, мәртебенің мерекесі! Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Оны қадірлеу – баршамыздың қасиетті борышымыз», — деді Мемлекет басшысы.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале