8.09.2017, 17:57
Оқылды: 19

Пушкин атындағы тынымбақ ашылды

puwkinҚала күні мерекесі қарсаңында Оралдағы Пушкин көшесінде жаңа тынымбақ пайдалануға берілді. Көпшілік демалыс орнындағы шаралардың шымылдығы қалалық білім басқармасы ұйымдастырған Пушкин оқуларымен ашылды.  Мәні зор мәдени-рухани шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Орал қаласының әкімі М. Мұқаев,  РФ Орал қаласындағы бас консулы С. Забитов, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысты.

Магсат Геюшов жетекшілік жасайтын «Ремстройбыт» ЖШС жұмысшылары бас-аяғы екі айдың ішінде бос жатқан алаңнан көздің жауын алатын заманауи тынымбақ жасап шығарған екен. 8 мың шаршы метр аумақты алып жатқан тынымбақ толық абаттандырылған. Айналасы түгел қоршалып, жарықтандырылған. Жас көшеттер мен декоративті гүлзарлар отырғызылып, жасыл газон егілген. Тынығу үшін отырғыштар қойылған, ал аяқжолдар төсемтаспен көмкерілген. Игілікті іс аясында орыстың ұлы ақылы А.С. Пушкиннің тынымбақта орналасқан кеуде мүсіні жаңартылған. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 45 млн теңге бөлінген.

-Пушкин оқулары – қаламыздағы дәстүрлі іс-шаралардың бірі. Бұрындары мектептерде, мәдениет үйлерінде өткізіп келсек, бұдан былай Пушкин оқуларын ақынның ескерткішінің жанында осы тынымбақта ұйымдастыратын боламыз, - дейді қалалық білім беру бөлімінің бастығы Жансұлу Төремұратова.

pushkinШынында да бұл күні тынымбақта болған әрбір Пушкин заманына саяхат жасағандай әсерде болды. Тынымбақтың кіре берісінен қонақтарды түр-сипаты Пушкиннен аумайтын актердің қарсы алуының өзі ұлы ақынмен жүзбе-жүз кездесіп, тілдескендей әсерге бөледі.  Оқушылар Пушкин кейіпкерлерінің кейпіне еніп, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды, шығармаларын театрландырылған көріністерге арқау етті.

Салтанатты шараға қонақ ретінде қатысқан Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. «Пушкин атындағы тынымбақтың ашылуы екі елдің мызғымас достығының айқын көрінісін тағы бір дәлелдеп берді. Ғасырлар тоғысындағы рухани жа­қын­дық пен тамырластық жиырма бірінші ғасырда да жалғасын тауып келеді» деп атап өтті.

Айта кету керек, Орал қаласында жыл басынан бері елуден астам нысан күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 2,5 млрд теңге жұмсалды.

Динара ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале