29.10.2018, 18:24
Оқылды: 84

«Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол»

Осындай тақырыппен Орал қаласының Достық үйінде діни бірлестіктер, этномәдени орталықтар мен үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

3b88b6e9e3414e926c26a45e48cbd4c2

Рухани келісім күніне арналған аталмыш шараны облыстық дін істер басқармасы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған болатын. Айтулы мереке 1992 жылдың 18 қазанында Елбасының төрағалығымен Алматы қаласында өткен Бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен бастау алған болатын. Жиынға қатысушылар сол күнді қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтау салатын, жақынға қайырымдылық пен көмек көрсететін мейрам деп қабылдады.

-Рухани келісім күні еліміздегі ұлттар мен дәстүрлі діндердің ауызбіршілігі пен татулығын, тыныштығы пен тұрақтылығын нығайтуға арналады. Мемлекетіміз бүгінгі күннің биігіне осындай берекелі бірліктің арқасында жетті. Өйткені кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы сол елдегі халықтардың өзара татулығының арқасында жетеді.
Ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында республика бойынша әртүрлі іс-шаралар қолға алынуда. Рухани құндылықтарымызды қадірлесек, болашағымыз жарқын болатыны сөзсіз,- деді облыстық дін істер басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Азамат Төлепов.

Ал БҚО әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов облыстық ҚХА жанынан ашылған этномәдени бірлестіктердің жұмысына былайша тоқталды.

-Облыста 53 этномәдени бірлестік болса, оның 16-сы Орал қаласында, яғни осы Достық үйінде тіркелген. Еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдері тіліне, дініне қарамастан бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жүр. Осы орайда облыстық ҚХА мен «Қоғамдық келісім» мекемесі облыс орталығы мен аудандардағы ұлттардың татулығы мен бірлігін нығайтуда аянбай еңбек етіп келеді. Облыстық ҚХА жанынан құрылымдық бөлімдер ашылды. Атап айтсақ, «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Медиаторлар» бірлестігінің ұйымдастырған шараларында бірлік, татулық мәселесі басты назарда ұсталады. Облыста кәсіби және қоғамдық медиаторлар қауымдастығы құрылған болатын. Аудан-ауылдарда қоғамдық медиаторлар жұмыс жасайды, -деді ол.

Сондай-ақ жиында ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов және Орал қалалық Превражение Господне храмының басшысы Владимир Герасимов пен «Христиан Пресвитериан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Светлана Крайникова сөз алып, адам бойындағы ізгі қасиеттер мен ұлттық тәрбиенің маңыздылығын түсіндірді.

                                                    Гүлсезім БИЯШЕВА,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале