6.11.2018, 11:30
Оқылды: 446

Шеруен ата және оның ұрпақтары

«Орал өңірі» газетінің 2018 жылғы №55 санында «Қажы қаздырған канал» атты мақала жарық көрген болатын. Аталмыш мақалада Қаратөбе ауданына қарасты Төлен ауылы маңындағы қорымға жерленген, халық құрметтейтін дін адамдары, әкелі-балалы Әзімұлы Шеруен, Шеруенұлы Ізімғали аталар туралы болашақта арнайы мақала даярланатынын жазған едік.

Көздерінің тірісінде-ақ айрықша қасиеттерімен елге сыйлы болған бұл кісілердің есімдерін жергілікті жұртшылық тікелей атамайды екен. Құрметтеп «Ишан ата» дейді. Ишан ата бейітінің өңіріміздегі өзге де әулиелі орындардан өзіне ғана тән басты айырмашылығы – төбесі шиферленген қарағайлы зираттың ішінде қос табыт орналасқан. Оның бірі Әзімұлы Шеруен, екіншісі, Шеруенұлы Ізімғали аталарға арнап қойылған. Бұл киелі орын туралы айтушылардан зираттың ішінде көне діни кітаптар, қолжазбалар, тіпті ескі славян қарпімен жазылған оқулық Кеңес үкіметі кезінде де жойылмай сақталып, бүгінге дейін жеткен дегенді жиі еститінбіз. Алайда осы жылдың көктемінде Ишан ата зиратына арнайы барғанымызда, мұндай дүниелер көзімізге түспеді. Төлен ауылына барған сапарымыздың нәтижесінде жоғарыда аталған мақала жарық көргеннен кейін көп ұзамай Шеруен атаның тікелей ұрпағы, Орал қаласының тұрғыны Талғат Қатауов редакциямызға арнайы келді.

– Аталарымыздың бейітінде сақталған кітаптар мен қолжазбалар уақыт өткен сайын ескіре түсті. Қанша айтқанмен, жылдың әр түрлі мезгілдеріне байланысты зират басындағы ауа температурасы біркелкі емес. Қыс пен жаздың жауын-шашыны, аязы мен аптап ыстығы бар дегендей, бара-бара жазулары мүлдем өшіп, оқылмай қалар деп қауіптендім. Сөйтіп мен ол дүниелерді сол кісілердің ұрпағы ретінде үйіме әкеліп сақтап отырмын. Мүмкін діни сауаты жетілген мамандар жазбаларды оқып, мағынасын ашар, ұрпақ кәдесіне жаратар. Осындай оймен жазбалардың ішіндегі сапасы жақсы сақталған бір кітапты облысымыздың бұрынғы имамы Руслан Сұлтановқа көрсеткен едім. Мешіт қызметкерлері араб қарпімен жазылған ол кітапта дәрет алу, намаз оқу тәртіптері, өзге де шариғат мәселелері жазылғандығын айтты. Қазақта «Әулие ортақ» деген сөз бар ғой. ХІХ ғасырда дүниеге келіп, 1921 жылға дейінгі аралықта өмір сүрген Шеруен атамыздың дін адамы болғанын, Төленде мешіт ұстағанын жергілікті халық жақсы біледі. Шеруен атамыздың балалары ескілікті дін оқуымен қатар заманына сай жаңашыл білімді де игеріп, халқының сауатын ашқан жандар болған екен. Өзім осы кі-сілердің тікелей ұрпағы ретінде «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі», «Құрмет белгісі» орденінің иегері болған марқұм әкем Тұрсынғали Ғатауоллаұлы қалдырған аталарымыз туралы деректерді де газетке жарияларсыздар деген ниетпен арнайы әкеліп отырмын, – деді Тұрсынғалидың Талғаты.

DSC_0025-350x233

Бізді аруақты аталардан қалған кітап, қолжазбалардың жайы көбірек қызықтырды. Сөйтіп Талғат Қатауовтың шаңырағында сақтаулы тұрған көне жазбаларды алдырдық. Мұнда не жазылғандығын шығыс тілдерін жетік меңгерген белгілі ғалым Сайфолла Моллақанағатұлына оқыту арқылы анықтадық. Жазбалардың ішінде Қазан қаласында басылған Құран Кәрім, діни мазмұндағы қолжазба кітап және әр түрлі дұғалар бар екендігі белгілі болды. Олардың ішінде «Сары ауруға шифа дүр», «Жасы ұзақ, ризқы кең болады», «Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат» секілді дұғалар мен дұға уақыты туралы, салауат айтудың пайдасы, уағыз айтардағы алғы сөз, Тәйәммүм, нәпіл намаздар, Тілауат сәждесі туралы жазбалар бар екен. Бір айта кетерлігі, аталмыш жазбалардың арасында Ишан аталар дүниеден өткеннен кейін, бергі Кеңес дәуірінде жазылғандары да бар. Ескі дәптердің артқы бетіндегі «1958 г.» деген жазу осыны айғақтайды. Талғат Тұрсынғалиұлы ескі славян қарпінде жазылған орысша оқулықта «жаңбыр неге жауады?» деген секілді табиғат, физика заңдылықтарына қатысты сұрақтар мен жауаптар, дүние ғылымы бағытындағы мағлұматтар топтастырылғанын айтады.

Енді Талғат Қатауов әкелген, оның аталары туралы деректі қаз-қалпында ұсынар болсақ, төмендегіше баяндалады.

«КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі», тарихшы-өлкетанушы, шежіреші болған әкем Тұрсынғали Қатауовтың айтуына және облысымызға танымал журналист, белгілі өлкетанушы, көптеген тарихи-шежірелік кітаптардың авторы, марқұм Қайыржан Хасановтың жазып қалдырған естеліктеріне сүйене отырып, төмендегі деректерді келтіремін. Төлендегі Байторылар қауымынан 200 метрдей жерде үлкен төмпешік жатыр. Бұл сол ауылда болған жалғыз ғана мешіттің орны. Ол мешітті арғы атам болып келетін, ел арасында «Ишан ата» атанып кеткен, қажылыққа барған, әулие Шеруен Әзімұлы өз қаржысына салдырып, өмірінің соңына дейін, яғни 1921 жылға дейін ұстаған. Шеруен атам Ізімғали және Мәкәрім деген балаларын өз қаржысына Қазан, Бұқара қалаларындағы діни медреселерде оқытқан. Шеруен атамыз 1921 жылы Төленде қайтыс болған, «туған жылы шамамен 1850 жыл» деп айтып отыратын әкем. Діни өте сауатты, ауқатты, елге беделді болған Шеруен атамыз қайтыс болған соң, Кеңес үкіметі мешіттің құрылыс материалдарын мектепке пайдалану үшін тастарын бұзады. «Құдай жоқ, мешіттің халыққа пайдасы жоқ» деп мешітті бұзуға белсене кіріскен адам ертеңгі күні өзінің ши мылтығымен құс атып жүргенде оғы кері атылып, қайтыс болады. Одан кейін ауыл халқы мешітті бұзуға қорқады. Жоғарыдан большевиктер ауылды басқаруға өзге ұлт өкілін жіберіп, сол адамға мешітті бұзуды тапсырады. Кейін үлкен мешіттің жарты тасы алынып, мектеп салыну басталады. Алайда ауылға басшы болып келген өзге ұлт өкілін түнде Құдайдың құдіретімен тылсым күш мазалап, тасты кері қайтаруын сұрайды. Осыдан қорыққан әлгі адам ауылдан ұшты-күйлі кетіп қалады. Шеруен атаны көріп, тірі кезінің өзінде аруағын, әулиелігін сыйлаған халық Құдайдан қорқып, мешітті бұзуға дәті бармайды. Алайда кеңес үкіметі бір жылға жуық уақыт ішінде мешітті бұзып, оның тасы мен өзге материалынан мектеп салады. Мектепті әбден салып, ішіне құрал-жабдықтарын кіргізіп, жақында ашамыз деп отырғанда, белгісіз себептермен бір түнде күл-талқаны шығып, өртеніп кетеді. Ол кезде электр жарығы себепші деп айтатын, жарық жоқ болатын.

 «Бұл шамамен атам қайтыс болғасын 1923 жылдары болу керек» дейтін әкем марқұм. Атам о дүниелік болғанша, яғни 1921 жылға дейін мешітті өзі ұстап келген. Шеруен атаның бойындағы ерекше қасиеттері ұлдары Ізімғали, Әбдірахман, Мәкәрім, Ахмет, Ғатауоллаға дарыған. Балаларының барлығы да діни сауатты, оқымысты, әулие болған. 2002 жылы шыққан Батыс Қазақстан энциклопедиясында: «Ізімғали әулие (1880-1911ж. ж.) діндар, тылсым қасиет дарыған кісі. Қаратөбе ауданының Төлен елді мекенінде өмір сүрген. Әкесі Шеруеннің де бойында ерекше қасиеттері болған, ел оны «әулие» деп құрмет тұтқан. 1893 жылы Өзбекстанның Бұхара қаласындағы діни медресеге оқуға түсіп, елге 15 жылдан соң, 28 жасында оралған. Үш жылдан соң 1911 жылы өкпе ауруынан қайтыс болған. Көзі тірісінде көріпкелдігімен, имандылығымен аты шыққан. Төлен ауылындағы ауру-науқас адамдар түнеп, тәу етеді.

Ізімғали әулиенің ұрпақтары – Қатауовтар отбасы Қоскөл ауылында тұрады» деп жазылған.

Мәкәрім Шеруенұлы 1885 жылы Қалдығайты болысындағы Төлен ауылында дүниеге келген. 1915 жылы Қазан қаласындағы діни медресені бітіріп келеді. Төлен ауылында әкесі Шеруеннің мешіті бола тұра, діни сауатты болса да, Кеңес Үкіметінің орнайтынын біліп, мешіт ұстамай, таза ағарту жолына түседі. 1917 жылы Төленде алғаш мектеп ашып, бала оқытып, 1925 жылға дейін жұмыс істейді. 1926 жылдан бастап Жымпиты ауданының қазіргі Жетікөл ауылына қарасты Ақоба, Сарыой деген жерлерінде мұғалім болады. Мәкәрім Шеруенұлы – Қаратөбе өңіріндегі алғашқы ұстаздардың бірі. Араб, түрік, орыс тілдерін өте жақсы білген және «Путь правды» газетін алдырып оқыған. Үйінде ғылыми-әдеби, тарихи кітаптар көп болған. Өзі оқытқан оқушыларға шығыс әдебиетінің белді өкілдері Хафизи, Низами, Фердоуси, Науаидың дастандарын және қазақ әдебиетінің классиктері А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, Ш. Құдайбердиевтің шығармаларынан көп мағлұматтар беріпті. Мәкәрім ұстаздың алғашқы шәкірті – «Колхозшылар үні» газетінің (қазіргі «Қаратөбе өңірі» газеті) алғашқы редакторы Әділбай Жылкелдин. Мәкәрім ата 1930 жылы Жымпиты жақта ұстаздық етіп жүрген кезінде қайтыс болады. Қар еріп жатқан кез болғасын, көктемгі жол қиындығынан туған жері Төленге жеткізе алмай, оны Темірбек елді мекенінің маңына  жерлейді.

Ахмет Жұпболов 1892 жылы Төлен ауылында дүниеге келген. Ахмет әулие діни сауатты, арабшаны өте жақсы білген, кемтар, жоқ-жітік адамдарға қамқорлық жасаған, елге сыйлы болған. Ахметтің ұлы Хасан Жұпболов – 1928 жылы Төлен ауылында дүниеге келіп, 1989 жылы Орал қаласында қайтыс болған. Орал облыстық телевизия және радиохабарлары комитеті облыстық радиосының редакторы, зейнетке дейін бас редакторы қызметін абыроймен атқарған.

DSC_0018

Ғатауолла (Қатауовтар әулеті) Шеруенов – 1894 жылы Байторылардың атақонысы Төленде дүниеге келген. Меккеге барып, қажы атанған адам. 1949 жылы «Қызыл ту» колхозының тұрғыны Ғатауолла Шеруеновті НКВД бөлімі «Ауылда мешіт ашып, ауыл балаларын ислам дініне уағыздаған Шеруен молданың баласы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев секілді халық жауларының еңбектерін ел арасында кеңінен насихаттаған» деген желеумен тұтқындап, абақтыға қамайды. РСФСР Қылмыстық кодексі 58-бабының 10-11-тармақтары бойынша айыпты деп танып, 10 жылға соттайды. Атам Иркутск жақта жазасын өтеп жүргенде қайтыс болған, қай жылы қайтыс болғаны және сүйегі қайда қойылғаны белгісіз. Ғатауолланың жалғыз ұлы әкем Тұрсынғали Ғатауоллаұлы Оралдағы мұғалімдер даярлау институтында оқып жүргенде, Алаш партиясының идеясын қолдадың және Алаш арыстарының шығармаларын студенттер арасында насихаттадың деген желеумен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-11-тармақтары бойынша айыпты деп танылып, ол да 10 жылға сотталып, «Карлаг»-қа қарасты Жезқазған саяси лагерінде жазасын өтеп келеді. Кейін елге оралғасын оқуын жалғастырып, тарих пәнінен сабақ беріп, «Құрмет белгісі» орденінің иегері және КСРО оқу үздігі белгісін тағады. Әкесінің аты Ғатауолла болса да, 1967 жылы коммунистік партияға өту үшін амалсыздан «Қатауов» деген жасанды фамилияға ауысады. «Жалпы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі заңы негізінде атам Ғатауолла Шеруенұлы мен әкем Тұрсынғали Ғатауоллаұлына қатысты сот шешімі, НКВД  қаулысы және басқа да сот қаулылары негізсіз деп табылып, әкелі-балалы екеуі біржолата ақталады».

Осы тұста 1989 жылы қазіргі Бішкек қаласында бокстан «КСРО спорт шебері» атағын қорғаған Жанболат Қатауовтың Шеруен атаның тікелей шөбересі екенін айта кеткен жөн. Жанболат Тұрсынғалиұлы (1963-1994 ж. ж.) спорттың аталмыш түрінен «КСРО спорт шебері» атағын алған алғашқы батысқазақстандық екенін біреу білсе, біреу білмес.

Мақаланы жазу барысында Шеруен атаның ұлы Ахмет ишаннан тарайтын Талшын Хасанқызымен жолығудың да сәті түсті. Талшын Жұпболова аса жайлы, сабырлы, ақырын сөйлейтін, үнінен мейірім есіп тұрған жан екен. Оның орыс тілінде жазылған «Всевышний мой! Помилуй нас!» атты ғылыми еңбегі «Руханият» халықаралық мұсылман университетінің ғалымдары тарапынан аса жоғары бағаланып, оған профессор атағы берілген. Талшын Жұпболова әңгіме барысында өзінің әкесі, облыстық радиода бас редакторлық қызмет атқарған журналист Хасан Жұпболовтың өнегеге толы өсиеттері, өз басынан кешірген тылсым оқиғалар туралы баяндады. Тағылымдық мәні жоғары, ғибратқа толы бұл әңгімелерді, өкінішке орай, осынау бір мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін болмады. Жергілікті өлкетанушы  Қайыржан Хасанов 2015 жылы жарық көрген «Журналист Хасан  Жұпболов» атты кітабында Хасан Ахметұлының бойында ата-бабаларынан дарыған ерекше қасиеті болғанын және сол қасиетті кейінгі ұрпағына қалай аманаттағаны туралы жазғанын айта кетейік.

DSC_0022-350x233

Мақаланы даярлау барысында жергілікті тұрғындардың Ишан аталар жайында айтқан әңгімелеріне де құлақ түрген едік.

– Мен қарт әжемнің бауырында өстім. Әжем молданың қызы, құймақұлақ жан болды. Өлең-жырды, әңгіме, ертегіні көп айтатын. Біз, немерелері таласып, қасына жататынбыз. Бөкейлік, руы – Қаратоқай беріш еді. Есімі – Мәстура. Әкесі Сатыбалдының да, арғы аталарының да ескіше оқуы мол болған. Үлкен аталары Бөкейлікте атақты молда болыпты. Бұрынғы қарттардың, қала берді осы әжемнің Төлендегі Ишан аталарымызға қатысты айтқан бір-екі әңгімесі есімде қалыпты. Ишан ата (Ізімғали ата) өмірден жастай кетіпті. Отыз жасында бақилық болған екен. Қайтар кезінде «Күн батуға қанша қалды?» деп уақытты сұрап жатыпты. Сыртқа шығып келген кісілер «Арқан бойы бар» десе, «Ой, әлі біраз ғұмыр бар екен ғой» дейді екен. Ишан атаның бұл сөзінің астарын ұққан Жаңғақ деген құрдасы көзіне жас алып, қимастықтан жылап жібереді. Сонда Ишан ата «Жыламаңыз, бір жетіде сіз де бізбен көрші боларсыз» деген екен. Айтқандай, Ишан ата күн бата дүние салады. Бір жетіден соң Жаңғақ құрдасына да уақыт жетіп, Ишан атаның қасына жерленіпті.

Төленнің жағасында Мерғали, Мерген деген екі ағайынды шал болды.

Мен Мергеннің Исатай деген ұлынан туған немересімін. Мерғали қарттың Шеруенұлы Мәкәрім атадан бір жастай ғана айырмашылығы болса керек. Мәкәрім атаның да діни оқуы терең болған. Бірақ төңкеріс болатынын сезіп, мешіт ұстамаған. Сосын балаларды жаңаша сауаттандырумен айналысқан. Бір жылы Төленге жауын жаумай, құрғақшылық болады. Мәкәрім атамыз оқуымен жаңбыр жауғызатын болып, ас бергелі жатқанда, жас шамасы қатарлас болғасын ба, Мерғали атай сеніңкіремей, шөпке кетіп қалады. Мәкәрім ата сойылған малдың бас сүйегін суға салып қойып оқиды. Сол кезде бір қара бұлт пайда болады да тоқтамастан селдетіп жауады. Мойындамай кеткен атамыз жаңбыр құйып кеткен кезде атты туарып, шөп тиелген арбаны ықтап бір сағаттай отыруға мәжбүр болыпты. Кейін Мәкәрім атаға «Оқуыңның құдіретіне көзім жетті…» деген екен, – дейді Төлен ауылының тумасы, бүгінде Орал қаласында тұратын зейнеткер Тұрғанбай Мергенов.

Төлен ауылының тұрғыны Жамал Құспанқызы – халық емшілігі жолын ұстанып жүрген жан. Оның ескінің салтымен құмалақ ашып, жауырын қарайтыны да бар.

– Өзім Тайпақта туып-өскен адаммын. Руым алашаның Барамығы. «Барамықтың ішінде Сырлыбайдың Ұзағынан өрбиміз» деуші еді әкем. Әкем Құспан Естасов деген молда болған кісі. Естас атамның әкесі Бектас та қасиет қонған кісі болса керек. Қал-қадерім келгенше сол аталарымның жолын ұстанып келемін. Жастайымнан көп ауырдым. Емшілікпен айналысқым келмеді. Жас кезімде қатты қиналғанда кісіден аулақ болайын деген оймен ауырған малды қараған кездерім болды. Зейнет жасына шыққанда ауруым батып, доғдырдың дәрісі көмектеспеген кезде өзіміздің Төлендегі Ишан атаның басына бардым. Ишан ата түсімде «Піссімілләні» білсеңіз, қолыңнан келмеген жерде өзім қарасамын» деп аян берді. Көп кешікпей бір қатты ауырған кісі мені іздеп келді. Мен ол кісінің ауруы туралы ешнәрсе айта алмадым. Өйткені, білмедім. Ишан атаны есіме алған кезімде әлгі кісінің үстіне қоңыз қаптап кеткендей көрінді. Сол кезде Ишан атаның «Әлің келмегенде, өзім қарасам» дегені ойыма сап ете түсті. Содан қоңыз жүрген жерлермен қолымды жүгіртіп едім, науқас түзеліп, тұрып кетті. Ишан аталардың шарапатымен тілі шықпаған адамның тілі шыққанын, бала көтермегендерге перзент нәсіп болғанын көріп жүрміз. Бұрынғылардан осы аталардың аруағы алапат өртті тоқтатқанын, жын буып, ауырғандардың Ишан ата зиратына келіп, құлан таза айыққандарын талай естідік, – дейді Жамал апай.

Қаратөбе ауданының тұрғыны, бүгінде аудандық кәсіпкерлік бөлімін басқаратын Нұрбол Бозов өзінің Ишан аталардан көрген шарапатын төмендегіше әңгімелейді.

– Бала күнімде қызылша болып ауырдым. Ауру асқынып кеткен кезде көзіме шауып, қос жанарым жасаурай беретін болды. Үлкендер аудан басындағы, облыс орталығындағы дәрігерлерге қаратып, көзге тамызатын дәрілер алып пайдаландым. Бірақ ол дәрілердің әсері уақытша болып, көзімнің ауруы басылмай көп азаптандым.

Сол уақыттарда әкем қайтыс болып, емделуге мүмкіндік болмай, ауруым одан сайын үдей түсті. Аз уақыттың ішінде көзімнің көруі нашарлап, «-2»-ге дейін төмендеді. Сөйтіп жүргенде бір күні үйге Төлен ауылында тұратын Елекен Аманғалиев есімді рулас ағайынымыз келді. Руымыз алашаның Шотқарасы, Елекен ата молда кісі болатын. Өте таза, сөзі түзу, киім киісі, жүріс-тұрысының бәрі бұрынғының қасиетті кісілерін еске салғандай жақсы адам еді. Менің жанарыма көзі түскен Елекен ата «Мына баланың көзі ауырып жүр ғой, Ишан атаның басына апару керек» деді анама. Содан ауылға келіп жүрген бір трактормен Төленге бардық. Елекен ата мені Ишан атаның зиратына алып барды. Қауымның сыртына бір оқыды, ішіне кіріп, Ишан атаға арнап және оқыды. «Балам, Құран оқып отырған кезде, жылан немесе басқа да жәндіктер көрінуі мүмкін, қорықпа» деп ескертті маған. Зираттың басынан топырақ алып, үйге келдік. Ертеңіне күнмен таласа ұйқымнан оятты. Атаның басынан әкелген топырақты үлкен табаққа салып, суға езіп қойған екен. Сол сумен көзімді, беті-қолымды жуғызды. Сөйтіп бірнеше күн ем жасағасын, Ишан атаның басына қайтадан алып барды. Тағы да Құран оқып, ақтық байлады. Сосын Төленге келген бір мәшинемен мені ауылыма, Қалдығайтыға мінгізіп жіберді. Көзімнің мазалауы басылып, кәдімгідей тыншыды. Баламын ғой, тіпті ауырғанымды ұмытып та кеттім. Қайтадан Оралға барып, доғдырға қаралар кезде медбике болып істейтін Клара апам: «Іштей атаның аруағына сыйынып жүр, бірақ қазақы ем жасалғанын ешкімге айтпа» деп мұқият тапсырды. Кеңес үкіметінің дін мен дәстүрге қырын қараған кезі ғой. Оралға келгенімде Ғаббасов, Таргакова деген дәрігерлер қарап, жақсылап тексерістен өткізді. Сосын қандай ем жасап едің деп сұрады. Өздеріңіз берген дәрілерді ғана тамыздым деп жауап бердім. Олар таңғалып, қайта сұрады. Мен де алдыңғы жауабымды қайталадым. Дәрігерлер уақыт өткен сайын шапшаң кеми түскен көзімнің бірқалыпқа тұрақтанып қалғанына таңданыс білдірді. Азапқа салған көз ауруынан солай жазылып едім. Құдайға шүкір, Ишан атаның қасиеті шығар, сол бала күнімнен әлі күнге дейін көзімнің көруі бірқалыпта, «-2» көзілдірік тағып жүрмін. Ишан атаның аруағын киелі санап, осы күнге дейін тәу етіп, басына барып тұрамын. Реті келгенде отбасымды, сырқаттанған балаларымды да апарып тұрамын. Өйткені кейінгі ұрпақ жұртына жақсылығы тиген осындай қасиетті адамдарды ұмытпауы тиіс.

Нұртас САФУЛЛИН,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале