5.12.2016, 13:58
Оқылды: 64

Шыршаны кескенге 636 300 теңге айыппұл

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының Жаңа жыл қарсаңында қылқанжапырақты ағаш көшеттерін қорғауды күшейту туралы бұйрығы шықты. Соған орай биылғы 1 желтоқсаннан бастап құқық қорғау құрылымдарының, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі  аумақтық инспекциясының мамандарынан икемді жедел топтар құрылып, қылқанжапырақты ағаш көшеттерін қорғау үшін кезекшілік жұмыстарын бастады. Сондай-ақ аталмыш іс-шаралар барысында жедел топтармен көршілес Ресейден әкелініп, сауда-саттыққа шығарылған шыршалардың құжаттары тексеріледі.

Жалпы облыста мәдени-бұқаралық шараларды қамтамасыз ету үшін ағаштарға күтім жасау мақсатында Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 25 текше метр жаңажылдық шыршаларды дайындауға рұқсат етілді. Тұрғындар үшін тек қана құрама шыршалар мен контейнерлердегі тірі шыршалар ғана сатылады.

Жаңа жыл қарсаңында қаражат үнемдеп, жаңажылдық шыршаны өзі шауып әкелуге «дәмелілер» көптеп табылады. Алайда мұндай  сұғанақтық шыршаны базардан сатып алғаннан да қымбатқа шығуы мүмкін. Өйткені шыршаны заңсыз шапқан адамға көлемді айыппұл ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Заңсыз түрде жаңажылдық шыршаларды кескен азаматтар Қылмыстық кодекстің 340-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады, яғни 200-ден 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) есебінде немесе 424 мың 200 теңгеден 636 мың 300 теңгеге дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ 180 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 60 күндік қамауға алынуы мүмкін екендігін азаматтардың естеріне  саламыз. Кесілген шыршаның 1 данасы үшін 15 АЕК есебінде немесе 31 мың 815 теңге залалды өтеуіне тура келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған іс-әрекеттер  белгiлi  бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыруға немесе бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қолданылады. Егер жоғарыда аталған іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаған болса, онда екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Осындай Қылмыстық кодекспен белгіленген қатаң жауапкершілік аясында барлық тұрғындарды заңсыз әрекеттерден сақтандыра отырып, туған өлкеміздің жасыл желегіне жанашырлықпен қарауға шақырамыз.

Нұрлыбек КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық

инспекциясының бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале