1.08.2017, 11:21
Оқылды: 18

«Субсидияның қайтарымы бойынша мәселе шешімін таппай отыр»

Дүйсенбіде «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық бөлімшесінің мәжіліс залында кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кезекті Кеңес отырысы өтті. 


Аталмыш басқосуда Зеленов ауданы кәсіпкерлерінің басындағы түйткілді жағдайлар жөніндегі баяндама тыңдалып, алкоголь және этил спирті өнімдері айналымындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ өңіріміздегі бизнес нысандары үшін несие алудың соншалықты жеңіл болмай тұрғаны жөнінде де айтылды. Жиын соңында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимов жиналғандарды өңіріміздің бизнес-климатын жақсарту мақсатында жасақталған жобалармен таныстырды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Зеленов ауданы филиалының директоры Әсел Қартқожақованың сөзінше, есепті кезеңде барлығы 1004 кеңес берілсе, соның 59-ы құқық мәселесіне байланысты. Кәсіпкерлік саладағы негізгі түйткілді мәселелер жер дауына, демеуқаржы мен салық төлеміне және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселесі бойынша туындауда.

-Даулы мәселелерді біз, көбінесе екі тарапты бейбіт келісімге келтіру арқылы шешеміз. Кей жағдайда мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп шешуге тура келіп  жатады. Аудандық прокуратура мен палата филиалының бірлескен қимылының арқасында аудандық әкімдікте «Қолжетімді жер телімі» атты жоба жүзеге асырылды. Бұл жобаның тиімділігі сол, біз кәсіпкерлер құқының бұзылуына жол бермей, аудан көлемінде игерілмей бос жатқан жер телімінің біразын мемлекетке қайырып алдық. Мысалы, осы жобаны жүзеге асыру барысында жалпы көлемі  123 159 га құрайтын 331жер телімінің 237-сі (1992 га)  мемлекетке қайтарылды. Бұл биыл егіс егілген жер көлемін 14,6 мың гектарға арттырып, 41 кәсіпкердің 11713 гектар жерді игеруіне ықпал етті,-деген Әсел Қартқожақова одан әрі түйінді мәселелерге тоқталды. Оның сөзінше, спиртті ішімдік сатылымындағы түйткілді мәселелерді тез арада шешпесе болмайды. Сондай-ақ аудан тұрғындары ауруға шыққан мал басына төленуі тиіс өтемақыны әлі күнге дейін толық ала алмай жүр. Мысалы, 2015 жылдың басынан 2016 жылдың маусымына дейін 69 жеке  және заңды тұлға ауруға шыққаны малдары үшін 16 млн. теңгені құрайтын өтемақыларын алған жоқ. Былтыр брузеллезбен ауырған мал басы үшін төленетін өтемақы мөлшері 1 832 783,5 теңгені құрады. Ол, сондай-ақ, инвестициялық субсидияның қайтарымы бойынша да мәселенің шешімін таппай отырғанын айтты.

Жиын соңында жергілікті кәсіпкерлер тарапынан туындап отырған проблемалардың шешімін табу мақсатында бірқатар ұсыныстар жасалды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале