13.09.2018, 11:20
Оқылды: 101

Түбіртек «жауған» күз

Күзде оралдық салықшылар балапан санамағанмен, шаһар қазынасына түсетін салықты барынша жинап алуға қауырт кіріскен сыңайлы. Бұған дейін ешбір ескерту қағаз алмаған шаһар тұрғындары қыркүйек басталғалы «Салық төлеңіз» деген түбіртекке «көміліп» қалды.  «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, газет оқымайтын кейбір тұрғындар «Неге өткен жылдың жер, мүлік салығын биылғы қазанға шейін, ал 2018 жылғы салықты 2019 жылдың 1 қазанына дейін төлеуіміз керек?» деп, түсінбей дал болып, газет редакциясына қоңырау шалуда. Бір жігіт жалақы картасын  жаңалағанда ғана салықтан берешегі барын біліпті. Сөйтсе, жерге, мүлікке бережағы бақандай төрт жыл бойы төленбеген.  «Ойпырым-ау, төлем картасын жаңаламасам, салықтық берешегім барын білмей жүре бермекпін бе?», – дейді ол. Расында, цифрландыру заманында неге смс-құлақтандыру жібермеске немесе салықшының қосымшасын жүктеуді насихаттамасқа деген сансыз сауал сананы шымшылады.  

photo_201104

Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қарапайым салық төлеуші ретінде барғанбыз. Кіреберістегі холда кезекке тұрып «нөмір» алып, 2-қабатқа көтерілдік. Мұнда жеке тұлғалармен жұмыс істейтін бөлімдегі мамандардан қанша салық төлейтінін білуге келген нөпір жұрт.  Кісі көп болған соң ба, ауа тар, екі кондиционер болғанмен, салық төлеуге келгендердің үлкендері «Салқындап кетті» деп, оны айырып тастапты. Рас, келушілерге жағдай жасалып, орындықтар қойылған. №5 бөлмеде суға қонған аққу-қаздай тізіліп,  компьютерлерге телмірген 16 маман отыр. Онда да ығы-жығы кісі. «Тар әрі шулы жерде жұмыс істеп отырғандардың «нервтері» темірдей екен» деген ой сумаңдайды санаңда. Одан берешегің мынадай деген қағазды алып, қайтадан төменгі қабатқа барасыз. «Қазпошта» дүңгіршегі арқылы салық төлемін төлеу тегін болған соң ұзын кезек. Ал коммерциялық банктердің қызметі удай қымбат, 800 теңгеге шығынданасыз. Неге сонша қымбат? Мұны банк біткен «ішкі саясатымыз, коммерциялық құпиямыз» деп кергиді.

Мамандардың айтуынша, мүлік пен жерге салынатын салықты төлеу мерзімі 30 қыркүйекте аяқталады. Осы уақытта салықшылардың қарасының мол болуы жыл сайынғы көрініс көрінеді. Орал қаласы бойынша  мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жүніс Күншаев 2-қабаттағы берешекті анықтап беретін бөлменің тарлығынан хабардар, сондықтан салық төлеушілерге барынша жағдай жасау үшін бұл бөлімді көп ұзатпай  төменгі қабатқа, кеңірек орынға түсіретінін айтты. Жемқорлықты болдырмас үшін мамандарды түгелдей, бөлім басшысымен бірге бір бөлмеге сыйыстырған. Қаланың бас салықшысы салық берешегі түбір-тектерінің кеш жіберіліп жатқанын растады. Бұл қызметке келгеніне төрт ай болған және осы мәселелермен айналысатын орынбасары, бөлім басшысы да жуықта тағайындалыпты.

– СМС-хабарламамен салық төлеу жөнінде құлақтандыру жіберу үшін «Ксеll», «Билайн» компанияларына ақша төлеуі керек. Бұл мәселе жоғары жақтан шешімін табуы тиіс. Қалалықтардың салықтың бар түрінен жалпы берешегі 650 млн. теңгеден 440 млн. теңгеге азайды. Соның ішінде тұрғындардың мүлік салығы бойынша 48 млн. теңге, жер салығы бойынша 14 млн. теңге, көлік салығы бойынша 281 млн. теңге бе-решектері бар. Егер салықтан не айыппұлдан 1 теңге қарызыңыз болса, банктердегі депозитіңіз, шотыңыз қолжетімсіз, жалақы картаңызды аша алмайсыз. 2017 жылғы салықты биыл қазанның 1-іне дейін төлеу мерзімі елімізде бұрыннан бар. Жаңа салық заңдылығы бойынша 2017 жылғы салықты төлеу биылғы қазанның 1-іне дейін, 2018 жылғы салықты 2019 жылы төлеу қарастырылған. БАҚ-тарда бұл тақырыпта мамандарымыз жазып, түсіндіріп жүр.  Сондықтан әрбір саналы азамат хабарлама келмесе, бізге келіп білсе,  еш сөкеттігі жоқ, – деді Ж. Күншаев.

Оның айтуынша, интернетте http://kgd.gov.kz сайтында «Салық берешегінің бар немесе жоқ екендігі туралы мәлімет» деген бөлімге ЖСН нөмірімен кіріп, салық берешегіңізді білуге болады. Сонымен қатар Рlay market арқылы «КГД РК» қосымшасын жүктеп алған тиімді. Бүгінде коммуналдық қызмет ақылары төлем түбіртегіне салықты енгізу  жағы  қарастырылуда.

Дегенмен қоңыр күз түсісімен мұндай жанталастың, қарбаластың артуы салық төлеушілердің салық төлеу мәдениетін қалыптастырудың, салықты жыл басынан бері төлеу жөніндегі насихаттың әлі кемшін тұстары  барын  аңғартты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале