7.02.2019, 10:36
Оқылды: 138

Ұшқыр ойлы оқушылар басқосты

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оқушылар сарайында облыстық білім басқармасы, облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының «Жас Ұлан» ББмЖҰ көшбасшыларының ұйымдастыруымен оқушылардың «Ұшқыр ой алаңы» атты І облыстық дебаттық турнирі өтті.

 debat (1)

         Бұл турнирге «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Гүлсім Дүйсенғалиева, «Ақиқат» пікірталас ұйымының мүшелері, «Жас Ұлан» ұйымы және қала мектептерінің оқушылары қатысты. Шара шымылдығы Аяна Кажимованың орындауындағы әсем әнмен ашылды. Жалпы екі тілде, «Карл Попер» форматында өткізілген турнирдің мақсаты республика оқушыларының арасында мектептік дебаттық қозғалысты дамыту және насихаттау болып табылады. Облыстық білім басқармасының адамгершілік, рухани даму және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Альбина Гайсина жарысқа қатысушыларға жақсы әсер алып шығуын тіледі.

         Дебаттық турнир аудандық, облыстық және республикалық үш кезеңде өткізілді. Қатысушылар екі топқа бөлініп, біреуі технологиялардың тиімділігін, ыңғайлылығын, адам өміріне тигізетін пайдалы жақтарын айтса, ал екінші тараптағы даттаушылар тобы техникалық құралдардың адамның алтын уақытын кетіріп, денсаулығына зиян келтіріп жатқандығын, ата-аналардың осы техникалық құралдардың кесірінен уақытын тиімді пайдаланбайтындығын айтып, олардың сөздеріне қарсы шықты. Сайыс барысында оқушылардың мұқият, тыңғылықты дайындалғандығы анық байқалды.

         Шара соңында қазақ лигасы бойынша №38 мектептің «Time keeper» тобы мен орыс лигасы бойынша №42 мектептің «Соседи» тобы бірінші орын иеленді. Ал №25 мектептің «Бәйтерек» тобы мен №21 мектептің «Эрудит» тобы «Үздік креатив», №34 пен №26 мектептің оқушылары Рысбек Тыныштыбаев, Вадим Евдокимов «Үздік оратор» номинацияларымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орын алған жеңімпаз екі топ республикалық турнирге жолдама алды.

 

Гаухар Хамиева,

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале